Жаңалықтар

Талдау мектебінің қатысушылары ОДМ-ға қол жеткізу жөніндегі қорытынды баяндамаларын таныстырды

Талдау мектебінің қатысушылары ОДМ-ға қол жеткізу жөніндегі қорытынды баяндамаларын таныстырды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 03.03.2024 02:06 687

Талдау мектебінің үшінші кезеңі аяқталды. Осыған байланысты қатысушылар жұмыстарын қорытындылап, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге арналған 13 баяндаманы көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, осыдан үш жыл бұрын Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен және Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолдауымен қолға алынған «Талдау мектебі» қоғамдық жобасы қазақстандық және халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алды. Үшінші кезеңнің қорытынды дәрісі мен тренингке БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаела Фриберг-Стори арнайы мейман ретінде қатысты.

Осы жолы еліміздің өңірлерінен келген жас сарапшылар белсенді қатысты. Бұл үшінші кезеңдегі ерекшеліктердің бірі болды. Олар екі ай бойы аналитикалық материал дайындау бойынша білім алып, осы бағыттағы дағдыларын жетілдірді. Осылайша, аталған алаң отандық және шетелдік білікті сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты.

Алдыңғы жылдардағыдай бұл кезеңде де оқыту курсы теориялық және тәжірибелік бағытта жүргізілді. Белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар дәріс оқыды. Олар түрлі аналитикалық әдістер мен тәсілдер туралы айтып, шеберлік сабақтары мен тренингтер өткізді. Сондай-ақ мектеп қатысушылары министрлермен және орталық мемлекеттік органдардың басшыларымен іскерлік ланч форматында кездесті.

Сенат Төрағасы командалық жобаларды қорытындылай келе, баяндамалардың жоғары деңгейде әзірленгеніне, олардың өзектілігіне, қорытындылар мен ұсынымдардың жүйелілігі мен мазмұнына ерекше назар аударды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл ретте Талдау мектебінің командаларымен жұмысты ұтымды үйлестіре білген тәлімгерлер маңызды рөл атқарды.

Биыл жобаның бірқатар ерекшелігі болды. Олардың бірі қатысушылардың жоғары деңгейдегі белсенділігі мен үйлесімді командалық жұмыс екені анық. Бұл – әр қатысушы мен ментордың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Тәлімгерлер өздеріне артылған жауапкершілікті сезініп, аптасына кемінде 15 сағат уақыт бөлді. Олар өздерінің білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті, кездесулер ұйымдастыруға қолдау көрсетті және баяндамалар дайындау үшін бағдар берді. Тәлімгерлік дегеніміз – оқыту және кәсіби дағдыларды арттыру бағытындағы маңызды институт. Сіздермен 24 тәжірибелі дәріскер және 13 тәлімгер жұмыс істеді. Олардың кәсіби біліктіліктерінің қандай деңгейде екеніне өздеріңіз де көз жеткіздіңіздер, – деген Мәулен Әшімбаев жобаға қатысқан менторларға алғыс білдірді.

Курс 7 негізгі модульді қамтыды. Командалардың қорытынды жұмыстары кедейлікті жою, денсаулық сақтау және әл-ауқатты арттыру, сапалы білім беру, таза су және санитария, лайықты жұмыс, сондай-ақ, экономикалық өсу сияқты тақырыптарды қамтитын Орнықты дамудың бес мақсатына арналды. Мәулен Әшімбаев бұл мақсаттар Қазақстанда ерікті шолу аясында жүргізілген сауалнама нәтижесінде басым міндеттер ретінде анықталғанын және ол БҰҰ-да таныстырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар биыл қатысушылардың, тәлімгерлердің және сарапшы-дәріскерлердің өзара іс-қимылына қызығушылықтың артуына байланысты сабақтардың ұзақтығы екі есеге ұлғайтылды.

Екі ай өте қарқынды өтті. Алдағы уақытта Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубымен бірлесе отырып, сіздердің баяндамаларыңыздың жинағын шығарамыз. Басқа да бірқатар жобаларымыз бар. Осы ретте барлық баяндаманың мазмұны жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді. Олар бір жинақта жарияланып, жұмыс үшін Сенат депутаттарына және салалық мемлекеттік органдарға беріледі, – деген Мәулен Әшімбаев қатысушыларды курстың сәтті аяқталуымен құттықтап, Парламенттің заң шығару қызметі аясында өзара іс-қимыл жалғаса беретінін айтты.

Үшінші кезеңнің соңғы күнінде Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының директоры Хусейн Атакал Варол мен жасанды интеллект мектебінің негізін қалаушылардың бірі Ник Макфлай дәріс оқыды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға