Бүгін Мағжан Жұмабаев халықаралық жоғары колледжінде мектеп түлектері, олардың ата-аналары және білім саласына қызығушылық танытқан азаматтар үшін дәстүрлі Ашық есік күні өтті. Шара барысында қатысушылар колледждің оқу процесімен, мамандықтарымен және болашақ білім алушыларға ұсынылатын мүмкіндіктермен жан-жақты танысу мүмкіндігіне ие болды.
Ашық есік күніне келген қонақтар оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, оқу кабинеттерімен, зертханаларымен және өндірістік шеберханаларымен танысты. Сонымен қатар, колледж оқытушылары мен студенттері қонақтарға өз бағыттары бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, мамандықтардың ерекшеліктері туралы практикалық мағлұматтармен бөлісті.
Колледждің қабылдау комиссиясы талапкерлер мен ата-аналарға қабылдау ережелері, оқу шарттары, гранттар мен ақылы бөлімдер туралы ақпарат, сондай-ақ бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бойынша кеңес берді. Келушілер үшін арнайы дайындалған көңілді викториналар, психологиялық және коммуникативтік машықтарды дамытуға арналған тренингтер ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен бірге колледж студенттерінің жобалары мен жетістіктері ұсынылған көрме де шараның мазмұнын байыта түсті.
Мағжан Жұмабаев халықаралық жоғары колледжі –алдыңғы қатарлы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі. Колледж 12 мамандық бойынша кадрлар даярлайды. 2024–2025 оқу жылында оқу орнында 3020 студент білім алды. Жыл қорытындысы бойынша 1015 түлек колледжді аяқтап, еңбек нарығына жолдама алған.
2025–2026 оқу жылына колледж барлық мамандықтар бойынша талапкерлер қабылдауды бастады. Жаңа оқу жылына 1365 білім алушыға орын бөлінген. Мағжан Жұмабаев халықаралық жоғары колледжі ашықтық, сапалы білім және кәсіби бағдар беруді басты қағида етіп ұстанады. Осындай кездесулер арқылы колледж қоғаммен тығыз байланыс орнатып, талапкерлерге дұрыс таңдау жасауға бағыт-бағдар беріп келеді.

