Талант, тәртіп және төзім: GGG формуласын кім бұза алады?

 ҚР ҰОК
Фото: ҚР ҰОК

8 сәуір күні қазақ боксының шоқтығы биік тұлғаларының бірі, әлемдік рингте өз дәуірінің үдіктерінің біріне айналған Геннадий Головкин 44 жасқа толды. Қарағандының қарапайым кеншілер ауданынан шыққан бала уақыт өте келе әлем ареналарын бағындырып, «GGG» деген атпен тұтас бір стиль қалыптастырды.

Оның есімі спорттық жетістіктермен ғана емес, табандылықтың, тәртіптің, кәсіби адалдықтың символына айналғаны анық.

Балалықтан басталған үлкен жол

Головкиннің өмір жолы да көпшілікке таныс классикалық сценарийге ұқсайды: қарапайым отбасынан шығып, ел қатарлы өмір сүрді, бірақ тынымсыз еңбек етті. Әкесі шахтада инженер, анасы зертханада қызмет еткен. Осындай ортада өскен Геннадий үшін спорт жай қызығушылық емес, болашаққа апарар жалғыз көпір болды.

Ал болашақ жұлдызды боксқа ағалары Вадим мен Сергей жетелеп барған. Жаттықтырушылар да соққысы мығым, жұлқынып тұрған баланың болашағы зор екенін бірден аңғарған. Нәтиже де көп күттірген жоқ, Геннадий 11 жасында алғашқы облыстық жарысында-ақ топ жарды. Сол кезден бастап бокс залы жасөспірімнің екінші үйіне айналды.

Алғашқы бапкері Виктор Дмитриев Геннадий мен оның бауыры Максимнің қанатын қатайтып, бастапқы он жыл бойы олардың шаршы алаңда шыңдалуына жауапты болды. Сонан соң тәжірибелі бапкер Ғалым Кенжебаевтың қарамағында жаттықты. Маманның сөзінше, Головкиннің алысқа шабатынын аңғару аса қиын болмаған.

«Гена бала кезінен бөлек болатын. Біз оның жекпе-жектерін қарап отырып, кәсіпқой боксшылардың видеоларымен салыстыратынбыз. Рой Джонс, Костя Цзю сияқты мықтыларды көрсетіп, «сен де осылардай бола аласың» деп айтатынмын. Өйткені ол дарын мен еңбекқорлықты ұштастыра білген ерекше бала еді. 90-жылдардың соңы 2000 жылдардың басында қандай күрделі кезеңді өткергенімізді білесіздер. Ол кезде жастар арасында қазіргідей жарыстар көп емес, бірақ барына қатысып, тәжірибе жинауға тырысатынбыз. Қарапайым жағдайда өмір сүрсе де, ешқашан шағым айтқан жоқ. Бар назарын тек жаттығуға аударатын», – дейді бапкер.

Геннадий Головкин, Ғалым Кенжебаев, Серік Сәпиев

Головкин әуесқой бокста аз ғана уақыт ішінде Қазақстан құрамасының көшбасшысына айналды. 2000 жылы ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, халықаралық деңгейде өз атын алғаш танытты. Бұл аламанды ұлттық құраманың сол кездегі бас бапкері Тұрсынғали Еділов те арнайы барып тамашалады. Маманның сөзінше, Геннадийдің қарым-қабілетін шетелдік сарапшылар да байқаған.

«Әлем чемпионатынан соң ол құрама сапына шақыртылды. Келе сала өз салмағында көшбасшы атануға лайық екенін дәлелдеуге кірісті. Оның жылдамдығы, соққылары шынымен де назар аударарлық еді. Соның арқасында құрама сапында нөмір бірінші боксты атанды. Сөйтіп халықаралық жарыстарға барып жүрді. Головкин тек өзі үшін емес, команда үшін де жұмыс істейтін. Бапкерлерді де сыйлады, әріптестеріне де құрметпен қарады», – дейді Тұрсынғали ағай.

Тұрсынғали Еділов

Ал 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойындарында финалда қарсыласын нокаутпен жеңіп, алтын медаль иеленді.

Олимпиададағы сәтсіздік 

Оның әуесқой мансабындағы шарықтау шегі 2003 жылы Бангкокта өткен әлем чемпионаты болды. Бұл сында Головкин кейіннен кәсіпқой рингтің жұлдыздарына айналған ресейлік Матвей Коробов, ирландиялық Энди Ли және румыниялық Лучиан Буте секілді қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, әлем чемпионы атанды.

Ғалым Кенжебаевтың айтуынша, Головкиннің бойында табиғи қабілет пен еңбекқорлық өзара үйлесім тапқан.

«Оның стилі ерекше еді. Әр қозғалысы сенімді, артық қимыл жоқ. Соққыларын алдын ала есептеп қояды. Ол өте талантты боксшы болды, сөйте тұра тәртіп пен еңбекқорлықты қатар алып жүрді. Дарынды боксшылар аз емес, бірақ бәрі бірдей шыңға жете бермейді. Ал Гена – сол сирек кездесетіндердің бірі», – дейді ол.

Головкиннің әуесқой бокстағы көрсеткіштері шынымен де ауыз толтырып айтарлық. 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жету – бұл жай статистика емес, толық доминация. Сондықтан оның 2004 жылы Афина олимпиадасында үздік шығатынына көпшіліктің күмәні болған жоқ. Алайда 22 жастағы Геннадий финалда ресейлік Гайдарбек Гайдарбековтен ұпай санымен ұтылып қалды. Дегенмен боксшының өзі чемпиондық атаққа лайықты өнер көрсеткенін алға тартады.

«Жартылай финалдан кейін маған: «Алтын медаль Қазақстаннан тек бір боксшыға ғана бұйырады» деді. Мен: «Жақсы» деп жауап бердім. Сосын: «Бірақ ол сен емес, бірінші орта салмақтағы боксшы» деп нақтылады. Мен таңғалып: «Қалай сонда?» дедім.

Өз басым финалда қарсыласымды жеңдім деп есептеймін. Екінші раундтан кейін нақты есеп қандай болғанын білмеймін, бірақ бапкерім соққыны үдету керектігін айтты. Мен: «Жақсы, жақсы» деп жауап беріп отырдым.

Егер сол Олимпиадада жеңіске жеткенімде, бәлкім, мансабымды сол жерде аяқтар ма едім», – деген болатын.

Солдан оңға қарай: Головкин мен Гайдарбеков. Фото Reuters©

Ал тәжірибелі бапкер Тұрсынғали Еділов Головкиннің жеңіліс табуына жартылай финалдан соң тынығып үлгермегені себеп дейді. 

«Мен ол кезде құраманың бас бапкері емес едім, сондықтан жаттығулардың қалай жүргенінен хабарым жоқ. Бірақ, байқағаным, Геннадий жартылай финалдан соң қалыпқа келіп үлгермеді. Өйткені оның финалға дейінгі қарсыластары өте қиын болды. Осы жайт оның айқын басымдықпен жеңуіне кедергі келтірді», – деп еске алды.

«Әр істің бір қайыры бар» дегендей, бұл жайт Головкиннің болашақтағы өмірін айқындаған сәтке айналды. Кім білсін, бәлкім шынымен де Головкиннің GGG ретінде брендке айналуына да осы жеңілісі себеп болған шығар.

«Әлем чемпионы, Азия және Азия ойындарының чемпионы едім. Афинадағы Олимпиада алтынына лайық болғаныма сенімдімін. Бірақ сол жайттан соң әуесқой бокстан көңілім қалды. Сол үшін де кәсіпқой бокста бақ сынаймын деп шештім», – дейді ол.

Табыс бірден келген жоқ

Геннадий Головкин 2006 жылы кәсіпқой боксқа қадам басты. Көпшілік секілді бірден АҚШ-ты бетке алмай, мансабын Германияда бастауды жөн көріп, Universum промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Алайда бұл кезең оның үмітін бірден ақтай қойған жоқ. Алғашқы жекпе-жектерінің басым бөлігін Еуропада өткізгенімен, өзінің шын әлеуетін көрсететін айқастарға шыға алмай жүрді.

Ғалым Кенжебаев бұл кезеңді былай сипаттайды:

«Көпшілік Головкиннің жеңіске жете бастаған сәттерін көрді. Бірақ сол табыстың арқасында қаншама қиындық барын жанкүйерлер біле бермейді. Германиядағы алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Келісімшарт, менеджмент – бәрі қиын соқты. Жарыстарға барғанда кездесіп тұратынбыз. Сонда «Гена, бұл жақта саған лайықты қарсыластар бермейді, қалай да АҚШ-қа аттануың керек» деп айтып отыратынмын».

Ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже болмаған соң 2009 жылы Головкин компанияның өзіне нақты даму стратегиясын ұсына алмағанын алға тартып, ақыры Universum-мен келісімшартты бұзды.

«Universum мен үшін нақты концепция жасай алмады. Тіпті мені америкалық нарыққа да дұрыс дайындаған жоқ», – деген болатын боксшы.

Келісімнің бұзылуына сол кездегі WBA чемпионы Феликс Штурммен жоспарланған жекпе-жектің өтпей қалуы да себеп болды. Өйткені бұл айқас Головкин үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын жол болуы тиіс еді. 

Жаңа кезең – жаңа биіктер

Головкиннің мансабындағы бетбұрыс 2010 жылы басталды. Ол атақты ағайынды Кличколардың K2 Promotions компаниясымен келісімшартқа отырып, көп ұзамай-ақ әлемдік деңгейдегі боксшы екенін дәлелдеді. Сол жылы Астанада колумбиялық Нельсон Хулио Тапияны небәрі 1 минут 58 секундта нокаутқа жіберіп, WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.

ҚР ҰОК

Осы сәттен бастап оның мансабында жаңа кезең басталды. 2010 жылдың соңында тағы бір жеңіске жетіп, WBA-дің тұрақты чемпионы атағын иеленді, ал 2011 жылы IBO белбеуін қосып алды.

Одан кейін де қарқынын үдетіп, Габриэль Росадо, Мэттью Макклин, Дэниэл Гил, Марко Антонио Рубио, Давид Лемьё сынды мықтылардың мысын басты.

2012 жылы поляк Гжегож Проксаны жарқын нокаутпен жеңгеннен кейін «Triple G» есімі әлемдік бокс кеңістігінде кеңінен танылды.

Дәуір қалыптастырған чемпион

Кейінгісі – тарих. HBO аренасындағы жарқын жеңістер, нокауттарға толы серия, бірнеше тұжырым бойынша чемпиондық белбеулер. Көпшілік арасында Головкинге қатысты «GGG-style» деген ұғым пайда болды.

Еділов мұндай табыстың сыры Головкиннің ақылмен бокстасатындығында деп санайды.

«Ол жай панчер емес. Оның әр соққысы есептелген, әр әрекеті жоспарланған. Қарсыласын алдын ала зерттейді, қай сәтте қысым жасау керегін жақсы біледі. Кей боксшылар тек күшке сенсе, Головкин ақылмен жұдырықтасады. Сондықтан да оның стилі ерекше», – деген еді.

Ал бұл стильді ресейлік боксшы Сергей Ковалев бір ауыз сөзбен сипаттаған:

«Ол үнемі қысым жасайды. Саған бір секунд демалуға мүмкіндік бермейді. Дамылсыз жұмыс істеуге мәжбүр боласың. Ал босаңсысаң, біттім дей бер, міндетті түрде сазайыңды тартасың».

Осылайша, Головкин өз буынының ең үздік боксшыларының біріне айналды. Ол орта салмақта IBF, WBA және IBO тұжырымдары бойынша екі мәрте әлем чемпионы атанды.

Кәсіпқой мансабында 40-тан астам жекпе-жек өткізіп, соның басым бөлігінде жеңіске жетті. Әсіресе 2008 бен 2017 жылдар аралығында қатарынан 23 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауы – нағыз феномен деп айтуға тұрарлық көрсеткіш.

2020 жылдың желтоқсанында Геннадий чемпиондық титулдарын 21-рет сәтті қорғап, орта салмақтағы аңыз Бернард Хопкинс рекордын жаңартты.

Геннадий Головкиннің мансабындағы ең айтулы жекпе-жектер мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен байланысты екені анық. 2017 және 2018 жылдары өткен алғашқы екі кездесу әлемдік бокс қауымдастығында біраз пікірталас туғызды: алғашқы айқас даулы тең нәтижемен аяқталса, екіншісінде төрешілер аз ғана басымдықпен жеңісті Альвареске берді. Соған қарамастан сарапшылар мен жанкүйерлердің көпшілігі сол кездесулерде Головкин басым болғанын әлі күнге дейін айтып келеді.

Сауль Альварес пен Геннадий Головкин (Фото: Global Look Press)

Қазақстандық боксшының соңғы жекпе-жегі де дәл осы «Канелоға» қарсы өтті. 2022 жылдың 17 қыркүйегінде екінші орта салмақта өткен айқастан кейін Головкин шаршы алаңға шыққан жоқ. Ол бокс қолғабын шегеге біржола ілді ме, ол жағы әзірге белгісіз. Себебі сарапшылар Головкин карьерасындағы нүктесін шаршы алаңда қою керек деп санайды. Дегенмен қазір де ол өзінің сүйікті спортын дамытуға атсалысып жатыр.

Қарапайым Головкин

Головкинді өзгелерден ерекшелеп тұратын тағы бір қасиет – оның қарапайымдылығы. Жұлдызды боксшыны даңқ пен табыс та өзгерткен жоқ.

Бапкері Ғалым Кенжебаев бұл туралы:

«Ол өмірде өте қарапайым жігіт. Көшеде көрсең, чемпион деп ойламайсың. Бірақ рингке шыққанда мүлде басқа адамға айналады. Бұл – нағыз кәсібилік. Оның бойында «жұлдыз ауруы» ешқашан болған емес. Жарыстарда кездесіп қалсақ, амандасып, жағдайыңды сұрап кетеді», – дейді.

Бүгінде Геннадий Головкин – жай ғана чемпион емес, жүйелі еңбектің, тәртіптің, сенімнің символы. Ал оның жолы – жастар үшін нақты бағдар. Геннадий табыстың кездейсоқтық еместігін, ол күнделікті еңбекпен, дұрыс таңдаумен және қайсар мінезбен ғана келетінін көрсетіп берді.

Оқи отырыңыз