Жаңалықтар

Таиландта құлдықта болған екі қазақстандық құтқарылды – ҚР СІМ

Таиландта құлдықта болған екі қазақстандық құтқарылды – ҚР СІМ
Фото: © Pixabay.com 21.02.2024 18:00 817

Таиланд елінде құлдықта болған екі қазақстандық қыз босатылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Астанада өткен брифингте мәселенің жай-жапсары баяндалды. Белгілі болғандай, екі қыз елдегі call-орталық қызметіне оператор болып жұмысқа орналаспақшы болған. Алайда жұмыс орнына барған бетте жұмысқа емес, құлдыққа түсіпті. «Жұмыс берушілер» қазақстандықтарды бопсалап, бостандық үшін 10 мың доллар талап еткен.

Қаңтар айының соңында Таиландтағы елшілікке отандасымыздың еңбек құлдығына тап болғаны жайлы ақпарат түскен. Құрыққа түскен жәбірленуші елшіліктен көмек сұрады. Жергілікті билікпен бірлесіп атқарылған іс-шаралар барысында құлдықта бір емес, екі азаматтың бар екені анықталды. Бір ай шамасында келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде екеуі де құтқарылып, елге қайтарылды, - деп нақтылады Смадияров.

Сондай-ақ Таиландпен шекаралас Мьянма және Лаос аумағында шамамен 200-ге жуық қазақстандық еңбек құлдығына түскені анықталды. Екі ел елшілігі көмегінің арқасында қазақстандық 28 азаматты құлдықтан құтқаруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар 60-қа жуық азамат елшілік қолдауынсыз елге оралғаны белгілі болды.

Айта кету керек, аталмыш елдердің аумағында әлі де 100-ге жуық қазақстандық азамат құлдықта отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға