Тағыбергеннің айлығын айтқан әкім неге 1 млрд теңге туралы үнсіз қалды – спорт журналисі
Биыл жазда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен кездесу кезінде «Ордабасы» футбол клубындағы қаржы тәртібі туралы сын пікір білдірген еді. Қала басшысы сол кезде кейбір ойыншылардың алаңдағы нәтижесі төмен бола тұра, 15-20 миллион теңге көлемінде айлық алып жүргенін айтып, бұл жағдай қоғамның назарын аудартқан.
Әкімнің мәлімдемесінен кейін клуб ішінде біраз өзгеріс болды. Сол кезде сынның астында қалған ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген көп ұзамай «Ордабасы» сапынан кетіп, қоғамда түрлі пікір туғызған болатын.
Осы мәселеге қатысты El.sport YouTube арнасына сұхбат берген спорт журналисі Айбек Қабылша өз пікірін білдірді. Ол бұл мәселеге біржақты қарауға болмайтынын айтады.
20 миллион айлық – менің өмірімде алмайтын ақша шығар. Бірақ Асхат Тағыберген – ұлттық құраманың капитаны. Мұндай деңгейдегі ойыншыға мұндай жалақы беру орынды деп ойлаймын. Өйткені клуб жыл сайын бюджеттен 4 миллиард теңге алады. Соның көп бөлігі футболшылардың еңбекақысын төлеуге бағытталған. Ал еурокубокқа шығамыз деген мақсатпен тағы 1 миллиард теңге бөлінді. "Торпедомен" ойнау үшін де қосымша қаражат қарастырылды. Неге әкім осы сомалар туралы ашық айтпайды? Ал Андрей Мартин есімді молдовалық бапкерге кеткен қаржы ше? Егер шынымен клубқа жаны ашыса, осы сұрақтарға жауап бергені жөн еді, – деді журналист.
Айбек Қабылшаның пікірінше, мәселе бір футболшының айлығында емес, жалпы қаржының тиімді жұмсалуында. Оның айтуынша, қала бюджетінен миллиардтаған теңге бөлінетін спорт клубтарының жұмысында ашықтық пен есептілік бірінші орында тұруы тиіс.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

