Тағы бір депутат әйелдердің жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды
Мәжіліс отырысында депутат әйелдердің стресс деңгейін төмендету үшін жұмыс уақытын қысқарту мәселесін көтерді. Ол әлемдегі тәжірибеге сүйене отырып осындай норманы Қазақстанда да енгізуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Депутат Ажар Сағындықованың айтуынша, зерттеулер Қазақстандағы әйелдердің шамамен 480 минутын – ақылы жұмысқа, ал тағы 246 минутын отбасындағы ақысыз еңбекке жұмсайтынын көрсетеді. Балаларға, қарттарға және науқас туыстарына күтім жасаудың 95 пайызы әйелдердің мойнында.
Соның нәтижесінде әйелдердің тәуліктік жалпы жүктемесі 13 сағатқа дейін жетеді. Бұл – созылмалы шаршауға, эмоционалдық күйзеліске, өмір сапасының төмендеуіне және денсаулыққа қауіптердің артуына алып келеді.
Исландия, Ұлыбритания, Франция, Испания сияқты елдердің тәжірибесі апталық жұмыс уақытын қысқарту мен икемді кесте енгізу әйелдердегі стресс деңгейінің 40 пайызға дейін азаюына, жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдіктің жақсаруына ықпал ететінін көрсетіп отыр. Өнімділік те төмендеген жоқ.
Фракция еңбек кодексінде балаларға, қарттарға, науқастарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға күтім жасап жүрген еңбек етуші әйелдердің апталық жұмыс уақытын қысқартуға құқығын бекітуді қажет деп санайды. Жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктері толық сақталуы тиіс, – деді депутат.
Айта кетейік, осы мәселені депутат Қарақат Әбден де көтерген. Оның пікірінше, мұндай қадам әйелдерге балалар тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

