Жаңалықтар

Тағдырға мойымаған тарлан спортшылар

Олардың есімі Қазақстанның спорт тарихына мәңгілікке жазылатын болады
Тағдырға мойымаған тарлан спортшылар
27.05.2019 15:29 8241

Өмірде алдымыздан шығатын кішкентай сынға шыдас бермей, жігеріміз құм болып, жанарымыз су алып, жасып жатамыз. Ал тағдырдың қатал тұзағына түссек қайтпек керек? Бүгін біз әңгімелейтін жандар нағыз қайсарлық пен қайтпастықтың құнын көрсетіп, ерік жігердің мықтылығына мысал бола алады.

Зілтемір шыңға шығарады

Раушан Қойшыбаева – пауэрлифтингтен Риода өткен паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Ол төрт жылда бір келетін додада 113 келіні еңсеріп, Қазақстанның қоржынына жалғыз күміс медальды салған еді.

Спортшы 1966 жылы Қызылорда қаласында қарапайым отбасыда дүниеге келген. Оқушы кезінен іс-шараларға белсенді араласып, өз қатарластарының алдында жүрген. Мектепті аяқтаған соң, тігінші болып жұмысқа тұрып, жеті жылдай сол жерде еңбек етеді. Бірақ, Раушан 23 жасында тосын жағдайға тап болады.

– 1989 жылы күтпеген жерден теміржол апатына түсіп, жүруден қалдым. Бұл мен үшін аса ауыр соққы болды. Өз аяғыммен енді тұра алмасымды біліп, іштей қиналып жүргенімде, жасанды аяқтың арқасында қалыпты күн кешіп жүрген адамдарды көріп, қызыға бастадым. Неге мен де солар сияқты жүріп-тұрмасқа деген ойдың жетегімен Алматы қаласына жол тарттым, – дейді Раушан.

Осылай оңтүстік астанамызға ем алу үшін жиі келіп, жасанды аяқ жасатып алған Раушан көп ұзамай болашақ жары Бауыржанмен танысып, екеуі шаңырақ көтереді. Қазір бақытты отбасы үш қыз тәрбиелеп отыр. Раушанның спортқа келуіне түрткі болған – жолдасы Бауыржан. Алматы облысына қарасты, Шонжы ауылындағы спорт залына алғаш кіргенде, Раушанның көзі зілтемірге түсіпті. 

(Фотода: Раушан Қойшыбаева)

– Осы спорт залдың табалдырығын аттағаннан бастап, жаттығуды бір сәтке де қойған емеспін. Ең алғаш 2011 жылы Алматы облыстық жарысқа қатысып, бәрінен ең жоғары салмақтағы зілтемірді бағындырып, чемпион атанғандағы сезімімді жеткізе алмаймын. Сол жүлде менің спортқа деген махаббатымды одан әрі аша түсті, – деп еске алады Раушан.

Спорттағы кез келген жетістіктің артында үлкен еңбек пен төгілген тер тұратыны мәлім. Сол сияқты алдыңнан шығатын кереғар мәселелер де адамның не шыңдалуына, не сағы сынуына әкеп соқтырмай ма? Раушан Қызылорда қаласында тұрғанда, кезекті бір жарысқа дайындық барысында өздері жаттығып жүрген спорт мектебі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп, есігін тарс жабады. Зілтеміршілер дайындықтарын жалғастыру мақсатында жалынып, жалпайып жүріп жергілікті орта мектептің спорт залын сұрап алған. Алайда, бір-екі жетіден соң, «оқушыларға кедергі келтіріп жатырсыңдар» деген желеумен ол жерден де шығып қалады. Раушан бастаған топ үй жағдайында жаттығу жүргізуге тырысқан. Бір бөлмелі пәтердегі дайындықтың күйі оңған ба? Ақыры аяғында, темір-терсегін көтерген зілтеміршілер үй алдында тұрған бір сарайды босатып, сонда жайғасады. Күннің суығы ол жерде де тұрақтауға мүмкіндік бермепті.

– Әйтеуір, жан-жақта сабылып жүріп, спорт мектебіміздің жөндеу жұмыстарының аяқталар уақытына да жетіппіз, – дейді спортшы.

Оның жоғары жетістікке жетуіне себепкер болған пауэрлифтингтен Алматы облысындағы аға бапкер – Денис Орлов. Білікті жаттықтырушының тобына өтудің өзі үлкен еңбекпен келген екен. Тиісті орындардың есігін қағып жүріп, Раушан ақыры дегеніне жетеді. Мұнда келе сала, арнайы кестемен құрылған жаттығуға көшкен ол көп ұзамай жақсы жетістіктерге жете бастайды. 2012 жылы ел чемпионатында «Қазақстан спорт шебері» атағын алса, келер жылы «халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігіне» қол жеткізген еді. Раушан Қойшыбаева алғаш рет әлемдік деңгейдегі спорт жарысына 2014 жылы қатысқан. Алайда, Дубайда өткен әлем чемпионатында бар болғаны 13-орынға табан тірейді. Бұл оның тағы да үздіксіз жаттығып, жақсы деңгейге шығуына стимул бергендей. Себебі, сол жылы Оңтүстік Кореяда өткен ХVІІ Азия ойындарына қатысып, араб еліндегі нәтижесін біршама жақсартып, 6-орыннан көрінеді. Тағы да жаттығуын қызу жүргізе берген спортшының халықаралық деңгейдегі алғашқы жүлдесі қоржынға түседі. Ол 2015 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатының қос күміс медалі болатын. Бұл жүлделер Раушан үшін алтыннан да ыстық көрінді.

– 2016 жылы Дубайда өткен әлем біріншілігінде үшінші орыннан көріндім. Бұл турнирдің ізін ала Малайзияға аттанып, ол дүбірлі додада қола жүлдеге қол жеткізіп, бастысы олимпиада лицензиясын қанжығаға байладым. Кез келген спортшының арманы төрт жылда бір келетін сайыста ел намысын абыроймен қорғап, медаль жеңіп алу емес пе? «Олимпиадаға барамын» дегеннің өзі менің болашаққа деген жарқын жоспарларымның түзіуліне септігін тигізді.

Паралимпиадашыларды Риоға аттанар алдында, ақ жол тілеу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қабылдаған еді.

– Біздің олимпиадаға дайындығымыз өте жақсы деңгейде жүргізілді. Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев ерекше қолдау көрсетіп, жаттығу жиындарының жақсы өтуіне аса мән берді. Еліңнің жасап жатқан жақсылығын қайтаруға тырысып, қалайда үздік үштіктен көрінсем деген мақсат болды. Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Сәті түсіп, 113 келіні еңсеріп, күміс медальға қол жеткіздім.

Қуанышында шек болмаған Раушан Қазақстанды әлемге танытуға кішкентай болса да үлес қосқанына өзін бақытты сезінеді. Спорт оның арманына қанат байлап, келешекке нық сеніммен жылжуға сеп болғанын айтады.

– Арқа сүйер азаматым, үш қызғалдағым бар мен расында бақытты жанмын!, – дейді спортшы.

Джакартада екі алтын жүлде алған жігіт

Атырау облысынң тумасы Ержан Сәлімгереев  әлем чемпионаттарының жүлдегері, Пара Азиада ойындарының чемпионы.

– Балалығымды күрсініспен еске аламын. Менің тағдырымды басқа бағытқа бұрған оқиға 9 жасымда орын алды. Ауыл балаларымен ойнап жүріп, трансформаторға өрмелеп шығып, тоқ сымына түсіп қалдым. Бала шағыма қап-қара нүктенің қойылған тұсы осы, – дейді Ержан.

Қиын жағдайда ауруханаға түскен балаға дәрігерлер шұғыл шара қолданып, бір қолы мен бір аяғына ампутация жасайды.

– Кішкентай болғаныма қарамай, сол оқиғадан соң есейіп кеттім. Арбаға таңылған күннен бастап, қатарластарыммен бірге мектепке барудан қалдым. Осы қиын шақта ата-анам мен жақындарым жанымнан табылмағанда, қазір күнімнің не боларын елестете де алмаймын!

Үйде оқуға қызығушылығы болмаған Ержан одан да бас тартады. Тіпті, арбаға отыруды да жөн көрмейді. Әкесіне балдақ әкеп беруін өтініп, қанша қиын болса да, сонымен жүруді үйренуге бек кіріседі. Ержанның өмірге деген қызығушылығын оятқан ауылдағы футбол командасы. Өзінің балдақпен жүретініне қарамай, сол команданың бір мүшесі болып, ауыл балаларымен көк шөпте доп қуалай бастайды.

(Фотода: Ержан Сәлімгереев)

– Бір күні ата-анам ақылдаса келе, мені Еркінқала ауылындағы әжемнің үйіне жіберетін болды. Шынымды айтсам, бұл сапар менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Мектепке 3-сыныптан кейін мүлде бармаған мені 10-сыныпқа бір-ақ қабылдады. Білім ордасына, балалар ортасына түскен күндерімді үлкен қуанышпен еске аламын. Себебі, үйде жатып қалғанымда, мектептен қашып бара жатқандарды көріп ішім ашитын. Солардың орнында болсам, «ешқандай пәнді қалдырмай, оқи беретін едім» деп ойлайтынмын. Ол арманыма да жетіп, 2007 жылы орта мектепті бітіргенім жөнінде аттестат алдым да, әке-шешеме айтпай жоғары оқу орнына тапсырып көргенмін. Өкінішке қарай, түсе алмадым, – дейді Ержан.

Осылай үш рет бағын сынап көрген Ержанның соңғысында жолы болып, Атырау политехникалық институтының автоманттандыру және басқару бөліміне оқуға түседі. Оқуын сәтті аяқтап, жастар ресурстық орталығында біраз уақыт жұмыс жасайды. Ержан өміріне ерекше серпін берген сәт спортқа келуімен байланысты екенін айтады.

– Бірде достарым мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт орталығына баруға кеңес берді. Барып, бапкерлермен таныстым. Ондағы мен секілді жандардың спортпен айналысып жатқанын көзіммен көріп, «неге мен де бағымды сынап көрмеске?» деп ойлағаным рас. Содан суда жүзумен шұғылданатын болып шештім.

Бұған дейін Ержан достарымен Орал өзеніне барып, суға жүзіп үйренген екен. Жан баласының назары түспей тұрғанда, өзенге күмп берген ол ешкімнің көмегінсіз-ақ, жағаға жүзіп шығады. Оның жағдайында да суда жүзуге болатынына көзі жеткен. Осылай спортқа ден қойған Ержан кәсіби мансабын бастау үшін Атырау қаласындағы «Мұнайшы» стадионында орналасқан бассейнге барып жүреді. Жүйелі жаттығулар көп ұзамай жемісін бере бастаған еді.

– Ең бірінші қатысқан жарысым – Тараз қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандардың чемпионаты. Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Бірінші және екінші кезеңдерде сәтсіздікке ұшырадым. «Ер кезегі үшке дейін» емес пе? Үшіншісінде сайысқа бекер келмегенімді дәлелдеу үшін бар күш-жігерімді салдым. Секіріп жүзем деп көзілдірігім шешіліп қалғанына қарамай, мәреге екінші боп келдім, – дейді Ержан.

Осылай бұл турнирде бар талантын ашып көрсете алмаса да, ол үлкен тәжірибе жинап қайтқанын айтады. Ендігі қатысар жарысында қалайда бірінші боп келуді мақсат тұтады. Ол үшін Ержан жауында да, дауылда да, аязда да басейнге барып, қызу дайындала бастайды. Келесі Павлодар қаласында жалауы желбіреген паралимпиада сынында Ержанның қоржыны бір алтын, екі күміспен толығады. Бір жыл бұрын 50 мертлік сайысты 47 секундта жүзіп өтсе, Керекудегі сында оның көрсеткіші 39 секунд болған еді. Бұл – бір жылдағы төгілген тердің нәтижесі болар. 2016 жылы Ержан Сәлімгереев Германия кубогында чемпион атанып, өз көрсеткішін 32 секундқа дейін жақсарта алған еді. 2017 жылы өткен Германияның ашық біріншілігінде екі бірдей қашықтықта қарсылас шақ келтірмей 1-орыннан көрінді. Өткен жылы Индонезияның Джакарта қаласында болған Пара Азиада ойындарындағы Ержанның көрсеткіші қанша екенін білесіз бе? Ол 50 метрлік сынды 31 секундта жүзіп өтсе, жүз метрлік жарысқа 1 минут 8 секунд жұмсады. Атыраудың тумасы осы турнирде қос алтын медаль алған жалғыз қазақстандық спортшы. Сол жылы Ержан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңіске жетіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге мүмкіндік алды.

– Бұл кездесуді ешқашан ұмытпаймын. Өзіңіз ылғи айтып жүретіндей, адам алдына мақсат қойса, міндетті түрде соған қол жеткізеді. Бұл сөз барлығымыздың жадымызда сақталуы керек деп ойлаймын. Менің ендігі арманым – өзім туып-өскен Еркінқала ауылында спорттық нысан салып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу, – деген еді Ержан Елбасы алдында сөйлеген сөзінде.

Ол бала күнінде «Неге мен осындай жағдайға ұшырадым?», «Неге мен таңдалдым?» деген сұрақтардың жиі мазасын алғанын айтады.

– Кейін өзімді қалай бар, солай қабылдауға үйрендім. Бастысы, мені тағдырым осындай жақсы жандардың ортасына жібергеніне алғыс айтуым керек. Олардың маған деген қамқорлығын басқа ешнәрсемен айырбастауға болмайды. Ылғи «ата-анамды қалай қуантсам?» деген ойда жүремін.

Ержанның келесі арманы 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қатысып, ел абыройын асқақтып, көк туды биіктен желбірету. Спортшы сол мақсаты жолында аянбай тер төгіп келеді.

Олимпиадада топ жарған Зүлфия

Зүлфия Ғабилдуллина 1965 жылдың 22 қарашасында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 6 жасында көлік қағып кетіп, омыртқа мен басынан ауыр жарақат алады да, мүгедектер арбасына таңылады. Емдік курстары, массаж, жаттығулар... Бұл жас Зүлфияның күнделікті басынан өткеретін жағдайлары еді. Сөйтіп жүргенде  ол өзінің арбамен жарысатын спортқа қалай келгенін байқамай қалған. Зүлфия 1990 жылы бақ сынаған алғашқы сайысында-ақ, алдына адам салмай, алтыннан алқа тағады. Расында, бұл турнирге арбаға таңылған үш қана адам қатысқан еді. Соның өзінде бірінші елеулі жетістігі оның алға жылжуына себепкер болғандай. Келесі жылы Ғабидуллина республикалық сынға қатысуға мүмкіндік алады. Бұл турнирде оның қоржынына алты бірдей алтын медаль келіп түседі. Ол өзі бақ сынаған барлық сайыста үздік атанған.

– Өзімнің алғашқы жүлдемді әлі ұмытқам жоқ. Ол мен үшін барлығынан да қымбат. Қуаныштан жүрегім жарылып, жақындарыма, достарыма хабарласып шықтым. Үйіме көп қонақ келіп, мені құттықтап жатты. Ол сәтте өзімді сондай бақытты сезінгенмін.

Зүлфия ол турнирдің әр төрт жылда бір рет қана өтетін біліп, өздігінен жаттығу жүргізе бастайды. Алайда 1998 жылы ол спорт түріне жаңа стандарт келіп, үш дөңгелекті арбамен жарысуға тура келеді. Осының кесірінен, Зүлфия басқа спорт бағытына өтуіне тура келген екен.

– Жаңа үш дөңгелекті арбаларды әкелді де, бізді отырғызды. Ал мен кішкене толықтау болғандықтан, ол арбаға сыя қоймадым. Сол үшін жүзу спортымен айналысамын деп шештім.

Емдік курстарын үзбей алып жүрен Зүлфия көп уақытын суда жүзумен өткізетін. Сол үшін бұл спорт оған аса қиындық туғызған жоқ. Ол қатысқан алғашқы жарысында-ақ, жеті бірдей алтын жеңіп алады. Тек жүзумен ғана шектелмеген спортшы өзін зілтемір көтеруді де сынап көрген. Тіпті, ондай турнирлерде жүлделі орындардан көрініп жүріпті. Қызы екеуі би өнерінен республикалық жарысқа қатысуға да дайындалған. Мұндай жан-жақтылық 2012 жылы Лондонда өтетін паралимпиадаға дейін жалғасын тауыпты.

(Фотода:Зүлфия Ғабидуллина)

– Спорт менің өмірімнің ең қызықты беттері. Алғашында біздерге жағдай жасалмағанда жаттығуға өзімнің арбаммен баратынмын. Тіпті, жауынға да қараған емеспін. Спортқа деген құмарлық пен жеңістер өмірге деген қызығушылығымды қайта оятты.

Екі паралимпиадалық ойындардан соң, Зүлфия зілтемірді де, биді де шетке ысырып қоюына тура келді. Себебі, әр күн сайын жаттығуға жеті сағаты жұмсалатын. Ол таңертең және кешкілік екі сағатын бассейнде, тағы бір алпыс минутын жаттығу залында өткізетін.

Зүлфия Олимпиада ойындарына қатысуды қатты армандаған. Лондонда өткен дода бір тілші спортшыдан «өміріңіздегі ең басты арманыңыз не?» деп сұрағанда, ол «дәл осы жерде әлемнің ең мықты спортшылармен бір жарысқа түсу» деп жауап берген екен. Алайда, бұл сында ол бар болғаны 12-ші келіп, қатты көңіл-күйі түсіп кетеді. Өзі айтқандай, «олимпиадаға қатысуды емес, медаль алуды армандау керек екен». Әрдайым үздіктер қатарында жүретін Зүлфия үшін бұл ауыр соққы болған. Ол енді «қайта бассейнге жоламаспын» деп, іштей ызаланады. Барлығын өз қалпына түсірген бапкері еді, ол Зүлфияны ертіп шоппинге шығып, «жеңіске бір табан жақын қалғанда бәрін тастауға бола ма?» деп сұрайды. Спортшы алдағы жеңісті күндеріне сеніп, ойын өзгерткен екен.

Ал төрт жылдан кейінгі Риодағы паралимпиадада Зүлфия ешкім күтпеген нәтижеге қол жеткізді. Алтын медаль, онымен қоса әлемдік рекорд!

– Сенген жоқпын, себебі менің рейтингтегі көрсеткішім бар болғаны үшінші еді. Әйтеуір, үздік үштіктің ішінде аяқтасам деп ойлағам. Бұған дейін ел әнұраны шырқалғанда көзіне жас алатын спортшыларды түсінбеппін. Мені марапаттап, Қазақстанның әнұранын қойғанда, алғашқы ноталарынан-ақ, бойымды сондай мақтаныш кернеді.

Зүлфия әлі күнге дейін Олимпиадада алтын алғанына сенбейді. Себебі, ілгеріде айтқандай, ол үштіктен көрініп, өз көрсеткішін жақсартуды ғана ойлаған. Оның айтуынша, жарысқа бір күн қалғанда іштей қобалжымауға дайындалып, ең болмағанда дұрыс жүзіп келуге ниеттенген.

– Мені қуып жетуге жақын қалған жүзгіштерді көріп, қатты ашуландым. Ішімнен «медальды бермеймін» деп әрі қарай бар күшімді салып жүзе бердім. Мәреге келгенде, кімнің жеңгенін түсінгенім жоқ. Көзілдірігімді шешсем, менен әлемдік рекордты қалай жасағанымлды сұрап жатыр. Онда да түсіне қоймадым. Күліп, қарап тұрмын.

Зүлфия қазір қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасы біршама жақсарғанын айтады. Олимпиададағы жеңісі оның өмірін күрт өзгертіп жіберген. Көшеде спортшыны танып, суретке түсіп жататындар көп екен. Тіпті, кейбіреулер арнайы телефон шалып, чемпионнан ақыл-кеңес алуға құмар. Зүлфияның жеңісі еліміздегі паралимпиадалық спорттың алға жылжуына  септігін тигізіп жатыр. Көптеген жаңа секциялар ашылып, мүмкіндігі шектеулі жандар көпшілікпен бірге марафондарға қатысуға мүмкіндік алған.

Бүгінде Зүлфияның қанжығасында 160-тан аса медаль, 13 әлемдік рекорд бар. Оның ұстанымы – ешқашан жабықпай, алда келер қиындыққа төтеп беру. Спортшы кейбір жылдары көшеде газет пен үйіндегі бар жиһазды сатып, ақшадан қатты қысылған екен.

– Еш іс-әрекетсіз отырып, алдыңнан не шығарын күтудің ешқандай қажеті жоқ. Бәрін өзің істеп, сол істеген нәрселеріңе өкінбеу керек. Барлығы ретімен келеді. Алда тек жақсы күндер күтіп тұр!

Тағы бір чемпион…

Сиязбек Далиев –  2018 жылы Джакартада өткен Пара Азиада ойындарында чемпион атанған спортшы. Сонымен қоса, ол Әлем Кубогы додаларының жүлдегері.

Ол кәсіби спортқа 2009 жылы келген. Оған дейін жас жігіт бірнеше операциялардан өтіп, екі қолсыз өмірге бейімделіп үлгерген екен. 12 жасында сыныптастарымен ойнап жүріп, найзағайдың кесірінен ашық қалған трансформаторға келіп, тоққа түсіп қалады. Қуатты ток Сиязбектің қос қолын жұлып түскен. Бұл оқиғаға дейін футбол, күреспен шұғылданып жүрген немересін жетектеген Меруерт Байжанова әжей қауіпсіз спорт ретінде оны жүзуге әкеледі. Басында қолсыз суда жүзу аса қиын болған. Бірақ, одан да зор қиындықты еңсерген Сиязбек үшін ол түкке тұрғысыз еді. Спортшы әрбір жеңістің артында зор төзімділік пен шыдамдылық, еңбек пен маңдай тер тұрғанын айтады.

(Фотода: Сиязбек Далиев)

– Джакартадағы жеңісіме он жыл уақыт жұмсадым. Бұл өте қиын болды. Әрине, жақындарымның қолдауы болмағанда, бұл жетістікке жете алмас едім.

Пара Азиада ойындарында 50 метрге баттерфляй әдісімен 37,4 секундта жүзіп келіп, рекорд орнатқан жігіт, әр күнгі алты сағатын жаттығумен өткізетінін айтады. 28 жасар спортшы ерекше қолдау көрсетіп, демеп отыратын сұлу қыздың жары, екі ұлдың әкесі.

– Жаратушы өзіміз төзе алатын сынды ғана жіберіп, өзімізге лайықты жеңіспен қуантады. Бойымыздағы жалқаулықты жеңіп, алға қарай ұмтыла беруіміз керек, – дейді спортшы.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға