©Pixabay.com

Тағамнан улану: ЖИ жылына 4 млн адамның өмірін сақтап қалады

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) деректеріне сүйенсек, улы микотоксиндер бөлетін зең саңырауқұлақтары әлемдік өнімнің 25%-ына дейін зақым келтіреді. Бұл қауіппен күресу – экономика мен денсаулық сақтау саласы үшін маңызды міндетке айналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Халықаралық ғалымдар тобы ауыл шаруашылығы өнімдеріндегі микотоксиндерді анықтауға арналған жасанды интеллект алгоритмін жасады. Технология өнімнің барлық кезеңінде ластануды анықтауға мүмкіндік береді. Ғалымдардың бұл жаңалығы жылына 4 миллионға дейін адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Микотоксиндер дегеніміз не?

Микотоксиндер – әртүрлі зең саңырауқұлақтары шығаратын қауіпті қосылыстар. Олар адам ағзасына түскен жағдайда қатерлі ісікке, иммундық жүйенің әлсіреуіне, гормоналды бұзылуларға әкелуі ықтимал.

ДСҰ деректеріне сәйкес, азық-түліктің микотоксиндермен және басқа да зиянды заттармен ластануы жаһандық деңгейдегі проблемаға айналып отыр. Жыл сайын 600 миллионға жуық адам тағамнан уланады екен.

Ғалымдар мәселені қалай шешуді ұсынады?

Халықаралық зерттеу тобының сарапшылары дәстүрлі әдістердің еңбек сыйымдылығы жоғары, қымбат және өнімнің сапасына зиян келтіретінін атап өтті. Сондықтан оларды ауқымды өндірісте қолдану қиын. Ал гиперспектрлік визуализация (HSI) мұндай шектеулерден арылған.

Гиперспектрлік визуализация – бұл ластану деңгейінің қаншалықты жоғары екенін анықтауға мүмкіндік беретін әдіс. Ол тұтас партия өнімнің бүлінбей, жылдам әрі толық тексерілуін қамтамасыз етеді, – дейді зерттеу жетекшісі Ахасан Кабир.

HSI микотоксиндердің оптикалық сигналдарын улап алады. Машиналық оқыту алгоритмдері арқылы жүйе дән мен жаңғақтағы аздаған спектрлік өзгерістерді байқап, зақымданған өнімді жылдам анықтайды. Әсіресе тағамға түсуі мүмкін ең қауіпті канцерогендердің бірі – афлатоксин B1-ді өте жақсы табады, – деп түсіндірді авторлар.

Жобаның болашағы қандай?

Ғалымдар бұл жүйені өндірістік желілерге енгізуге немесе портативті құрылғыларда қолдануға болады деп болжайды. Бұл халықты қауіпті өнімдерден қорғап қана қоймай, шығындарды азайтады, өйткені тұтынушыға тек қауіпсіз тауар жетеді.

Қазір зерттеушілер әдісті жетілдіру үстінде: оның дәлдігі мен сенімділігін арттыру үшін терең оқыту және жасанды интеллект технологияларын енгізуде.

Ғалымдардың пікірінше, ауыл шаруашылығы мен өндірісте ЖИ-дің қолданылуы жыл сайын 4 миллионға дейін тағамнан уланудан болатын өлімнің алдын алуға мүмкіндік береді.