Olympic.kz

Таеквондодан Kazakhstan Open-2025 рейтингтік турнирі өтеді

09.08.2025 06:28

14-16 тамыз аралығында елорда төрінде таеквондодан G-1 санатындағы Kazakhstan Open халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Olympic.kz-тің жазуынша, бұл беделді дода ұзақ үзілістен кейін Қазақстанға қайта ұйымдастырылғалы отыр. Санаулы күндерден кейін Астана төрінде әлемнің түкпір-түкпірінен үздік таеквондошылар жиналады. Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енген бұл турнир үш санатты қамтиды: жасөспірімдер, жастар және ересектер. Қазіргі уақыттың өзінде 750-ден астам спортшы жарысқа қатысатынын растады.

Турнирге Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ және бейтарап мәртебеде өнер көрсететін елдерден келген спортшылар қатысады.

Аталмыш байрақты додада Қазақстан құрамасы толық құраммен өнер көрсетеді. Еске сала кетейік, отандастарымыз бұған дейін Германияда өткен жазғы Универсиадада бақ сынаған болатын. Сол турнирде қазақстандық таеквондошылар 1 алтын және 7 қола медальға қол жеткізді.

Самирхон Абабакиров Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз алтын медальді салған еді.

Универсиада – ауқымы кең әрі беделді турнир. Сондықтан бұл жарысқа еліміздің бірінші нөмірлі таеквондошылары қатысты. Сонымен қатар бұл бәсеке ұлттық құрама үшін әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі саналды. Жарыс барысында спортшыларымыз бар шеберлігін көрсетіп, жоғары деңгейде өнер көрсетті деуге болады, - деді ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов.