Жаңалықтар

Табысты кәсіпкер болуға арналған 10 кеңес

Табысты кәсіпкер болуға арналған 10 кеңес
Фото: © Pixabay.com 29.01.2024 17:30 1841

Кәсіпкер болу әр адамның қолынан келетін іс емес. Бұл – нарықты және бәсекелестеріңді бас аяғына дейін зерттеу, соқтықпалы да соқпақты жолмен жүру және маңызды шешімді қабылдай білу. Бірақ, «Мәскеу бір күнде құрылған жоқ». Кәсіпкерлік жолы да үздіксіз даму және биіктеу мен құлдыраудан тұрады. Кейде тіпті, күнделікті жұмыс істеудің өзі жетпеуі мүмкін. Бірде шеберлікті, бірде тәжірбиені керек ететін сала.

Халықаралық Кәсіпкерлер ассоциациясының мәліметінше, бизнестің 66%-ы ашылған жылы сәтсіздікке ұшырайды. Ал, 50%-ы алғашқы екі жыл уақытты еңсере алмай жабылып қалады. Сондықтан, табысты кәсіпкер болудың басты құпиясы бұл – үнемі дамуға деген құлшыныс.  Табысты кәсіпкер болу үшін тағы не істеу керек? El.kz ақпараттық агенттігі мықты бизнесмен болуға арналған 10 кеңесті назарларыңызға ұсынады.

 

Тәуекелге барудан қорықпау

Табысты кәсіпкер болудың алғашқы алғышарты бұл – тәуекел. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің». Бизнестің қызық пен қиындыққа толы тұсы – тәуекелге барып, маңызды шешімдерді қабылдай білу. Егер, сіздің жұмыс механизміңізде бір нәрсе істен шықса, қатені мойындай біліңіз, қателіктен сабақ алыңыз және бастаған жолды тоқтатпай жалғастырыңыз. Әрқашан жаңа идеялар мен ұсыныстарға ашық болу керек.

 

Кеңес сұраудан қысылмау

Кәсіпті жаңадан бастаған адамның бизнесте тәжірибесі аз болуы мүмкін. Бұндайда өзіңізден тәжірибесі көп адамнан кеңес сұрауға қысылмау керек. Өйткені, бұл да адам бойындағы жаңа нәрсені үйренуге ашық адам екеніңізді көрсететін қасиет. Маңызды әрі тәуекелге толы шешім қабылдардың алдында кәсіпкерлікте көргені көп адамнан ақыл сұрау ұят емес, керісінше біліктіліктің белгісі.

 

Тоқтап қалмаңыз

Егер сіздің бойыңызда белгілі бір дағдылар мен қасиет немесе білім жетпесе де тоқтап қалмаңыз. Тіпті, уақытша болса да. Өйткені, бұл сіздің бизнесіңіздің де тоқтап қалуына әкелуі ықтимал. Тек, дер кезінде олқылықтың орнын толтырып отырыңыз.

 

Оқуға құмар болыңыз

Білім басы — бейнет, соңы — зейнет. Сондықтан, бизнеспен байланысты әдебиеттерді, кітаптарды көбірек оқыңыз. Білгеніңіз көбейген сайын, бай болуға деген мүмкіндігіңіз де арта береді.

 

Команда құруда қателеспеу керек

Сіздің командаңыз – cіздің барыңыз. Сондықтан, жұмысшыларыңызға жақсы жағдай істеп білуіңіз керек. Олармен жиі сөйлесіп, жаңа идеяларды талқылаңыз. Себебі, сыйластық пен береке бар жерде, береке бар.

 

Салдарымен емес, себеппен күресіңіз

Бизнесіңізде қиындықтар пайда болса, оның салдарымен емес, себебімен күресуге үйреніңіз. Өйткені, таза пайдаға тікелей әсер ететін осы факт.

 

Тұтынушыңызды зерттеңіз

Бизнес ашпас бұрын нарықты және болашақ тұтынушыларыңызды жіті зерттеңіз. Өйткені, сізді табыс көзіне апаратын жалғыз жол – тұрақты тұтынушылар. Егер, клиенттерге сапалы әрі қолжетімді, оған қоса сұранысқа ие тауар ұсынсаңыз табысты бизнесмен болудың дұрыс жолында келе жатқаныңызды біліңіз.

 

Көшбасшы болыңыз

Кәсіпкер командамен жұмыс істеп, күн сайын қиын шешімдер қабылдауы керек және мұның бәріне сенімді болу керек. Себебі, команда көшбасшының соңынан ереді. Табысты кәсіпкер болу үшін көшбасшының қасиеттерін бойыңызға сіңірген жөн. Есіңізде болсын, жақсы көшбасшы – кез-келген жағдайда басқаларды жігерлендіре алатын адам.

 

Қиындықтарға дайын болыңыз

Сіз басқара алмайтын жағдайларға дайын болуыңыз керек. Барлығы сіз ойлағандай бола бермейді. Кәсіпкерлік саласында түрлі тәуекелдер мен қиындықтар бар. Сондықтан, қандай да болмасың қиындықтарға төтеп бере алатындай мінезіңіз мен біліміңіз болуы шарт.

 

Заңнан аттап өтемін деп ойламаңыз

Сізді жаңадан бастаған кәсіпкер деп ешкім еркелетпейді. Жеңілдіктер де жоқ. Сол себепті, құжаттарға мұқият болып, есеп жүргізіп және салықты уақытылы төлеп отырыңыз. Осындай қарапайым ережелерді сақтау сізді болашақта құқықтық және әкімшілік проблемалардан құтқарады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға