Табақ тарту қалай «бесбармаққа» айналды?
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Қазақ ас-судың сан түрін дайындаған. Өкінішке қарай, қазір көпшілік күнделікті өмірде, жиын-тойда жиі әзірленетін, кең таралған рецептілерді ғана біледі. Бірақ көшпенділер мәзірінде жайдан-жай пайда болмаған, символикалық мәнге ие тағамдар да бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл жайлы тарих ғылымдарының кандидаты, қазақ тағамдарын зерттеуші Әйгерім Мұсағажинова Qalam-ға берген сұхбатында айтып берді.
Біздің дәстүрімізде «бесбармақ» емес, табақ тарту, ет асу, ет деп аталады. Табақ тарту — өте әдемі дәстүр. Оның той табақ, күйеу табақ, келін табақ, дос табақ, жау табақ секілді түр-түрі бар. Әрқайсының өз құрылымы, құрамы, символизмі қалыптасқан. Бүтіндей тұтасып жатқан мәдениет дерсің. Ал «бесбармақ» деген кейін пайда болды. Оның мәні — бес саусақпен емес (оның үстіне, бізде бармақ біреу-ақ, қалғаны — саусақ), бес қолдың, яғни бес адамның бір дастарқан басына жиналып, бір табақтан ет жегені, — дейді қазақ тағамдарын зерттеуші Әйгерім Мұсағажинова.
Сондай-ақ ол көшпенділер тамағының дәмін кіргізген өсімдіктер мен жидектер туралы да айтты.
Өз заманында көшпенділер тұрмыста кеңінен қолданған өсімдіктің саны көп. Мәселен, канадалық майдажелек — қара бұрыштың баламасы. Оны әжелеріміз шырмауық деп атаған. Оны дәмдеуіш ретінде етке қосқан, ал салаттың орнына қараотты пайдаланған. Шөптен бөлек ата-бабамыз жидек пен саңырауқұлақты да жиі тұтынған. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда саңырауқұлаққа қатысты бүтіндей бір дәстүрлер сақталған. Ал солтүстіктегі аймақтарда онымен түрлі тағам дайындаған. Саңырауқұлақты етке қосып қуырған, маринадтаған, кептіріп жеген. Орман жидектерін кептіріп немесе жаңа теріп әкелген күйінде сүтке қосып, сусын әзірлейтін. Оны жас босанған әйелге, сонымен қатар балаларға берген. Бұдан бөлек бүлдірген қосып қайнатылған құрт түріндегі тамаша десерт түрі де белгілі, — дейді Әйгерім Мұсағажинова.

