Жаңалықтар

Таңдау қиындығы: Буридан есегі

Таңдау қиыншылығы туралы лонгрид
25.05.2015 04:35 7152

Таңдау қиындығы: Буридан есегі

Америкалық психолог Мария Конникова The New Yorker-де таңдау қиыншылығы туралы мақала жариялады. Кез келген таңдау мен мүмкіншілікті жіберіп алу алдындағы қорқыныш жайында жазылған мақаланың негізгі тезистерін сіздерге ұсынамыз. Мазасыз күйге жиі түсу дамыған қоғам адамдарының бойынан тұрақты түрде байқалады. Материалдық байлықтардың арта түсуі, таңдау артқан сайын адамдар бойында сабырлық жоғала түседі.

Аталған құбылысты түсіну үшін психолог Збигнев Липовски зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өзі таңғалатын қорытындыға келді. Липовски Польшада дүниеге келген. 1944 жылы неміс әскерлеріне қарсы Варшава көтерілісіне қатысты. Нәтижесінде көтерілісшілер жеңіліп, 200 мың бейбіт адам қаза тапты. Аман қалғандар ішінде Липовски де болды. Польшаны француз босқыны ретінде тастап шығады. «Польшадағы осы екі ай менің өмірімдегі ең қорқынышты кезең болды. Біздің үстімізден күнде бомбылар түсетін. Тамақ жетпейтін, ал суды бірнеше шақырым жерден алып келетінбіз. Аштықтан галлюцинациялар келе беретін», – деп еске алады ғалым. Солтүстік Америка, Липовски 1955 жылы сонда көшіп келген, оны еркіндік пен молшылығымен таң қалдырды. Бірақ АҚШ-та тұратын науқастарында үрей деңгейі жоғары болатын. Липовски бұның себебін іздеу барысында буридан есегі есіне түсті.

Буридан есегі (Asinus Buridani inter duo prata – екі мая шөп арасындағы есек) – Жан Буридан есімімен аталған философиялық парадокс. Егер де екі бірдей мая шөп берілсе жануар қайсысын таңдайды? Екі бірдей таңдау мүмкіншілігінің болуы шешім шығаруды қиындата береді. Сонымен қатар мүлдем әрекетсіздікке алып келеді. 

Бұл танымал философиялық парадокс Жан Буридан  есіміне байланыстырылып қойылған. Буриданның пікірінше, таңдау адамды әрекетсіздікке алып келеді. Себебі, дұрыс емес таңдау жасаймын деп уайымдайды. Ұсынылған таңдау көбейген сайын бір шешімге келе алу қиындайды. Буридан есегі мәселенің көрнекті мысалына айналды. Алайда Буридан бұл жайында тіке ешқашан айтпаған (есекпен байланысты мысал Аристотель еңбектерінен бастау алады). Аталған парадокс Липовскиге өзінің науқастарының мазасыздық жағдайын түсінуге жол ашты. Бірдей жақсы ұсыныс түскен кезде адам арасынан біреуін таңдап алуы қиындайды. Таңдау жасалғаннан кейін де мазасыздық науқастар бойынан кетпейді. Себебі, адамдар санасында таңдалмай қалған ұсыныстың жақсырақ болғандығы жайында сезім қалады. Сол сезімнен сананы жайлап алатын мазасыздық туады.

«Дамыған қоғамдарда кызықты таңдаудың көп болуы адамдар арасында конфликтілер, фрустрация, жасырын шиеленістердің себепшісі»

Липовски өзінің осы тұжырымын 1970 жылы «Америкалық психиатрия журналында» жарық көрген мақаласында көпшілікке ұсынды. «Дамыған қоғамдарда кызықты таңдаудың көп болуы адамдар арасында конфликтілер, фрустрация, жасырын шиеленістердің себепшісі. Олар өз кезегінде барлық адамның психологиялық және эмоционалдық күйіне кері әсер етеді». Ғалымның еңбегі жарық көргеннен кейін кең қолдауға ие болды. Бірақ көп ұзамай жұмыс нәтижелері ұмытылып кетті. «Соғысқа оранған Варшава мен бірінші әлем елдерінің молшылығы аралығында мазасыздықтың табиғаты өзгеріске түспейді – таңдау нысаны мен оның маңыздылығы өзгереді».

Араға отыз жыл салып Колумбия университетінің психологы Шина Айенгар Липовски теориясын қайта тірілтті. Кейін Бэрри Шварц Липовски концепциясына «таңдау парадоксы» атауын берді. Айенгар концепцияның нақтылығын дәлелдеу үшін тәжірибелер жүргізген. Сол тәжірибелердің бірі: сатып алушыларға 24, не 30 түрлі шоколад ішінен таңдауға қарағанда 6 түрлі шоколадтан керектісін таңдап алу жеңілірек. Ұсынылған тауарлардың саны азайған сайын таңдау жасау жеңілдей берді. Таңдау керек заттар аз болған сайын сатып алушылардың  нәтижесіге қанағаттану деңгейі жоғары болған. Нәтижесінде Айенгар таңдаудың көп болуы мотивацияны төмендететіндігін дәлелдеп шықты.

«Мазасыздық, немесе үрей таңдау жасайтын адамның бәріне тән негізгі қасиеттің бірі.»

Айенгар мен Шварцпен бірге мәселені психолог Амитай Шенхав та зерттеп бастаған. Принстон университетінің профессоры Шенхав мазасыздық феноменін (құбылыс) түсінуге тырысты. Мазасыздық, немесе үрей таңдау жасайтын адамның бәріне тән негізгі қасиеттің бірі. Осы уақытқа дейін таңдау жасау мәселесін зерттеу кезінде үрейге қатты назар аудармайтын. Шенхав пен Рэнди Бакнер топ студенттің алдына таңдау еркіндігін беріп, олардың реакцияларын тексерді. Тәжірибеге дейін бірнеше күн бұрын қатысушылар әртүрлі өнімдерге баға қойып шығулары керек еді. Өнімдер айпод пен цифрлық камералардан басталып, футболка мен бөтелкеге дейін қамтылды. Тәжірибе басталған кезде қатысушылар реакциясын функционалды магнитті-резонасттық томография көмегімен бақылады. Әр қатысушы өзі таңдаған затын өздерімен бірге алып кететін болды. Таңдау керек заттарды ұсыну үш сценарий бойынша жүретін: құны жоғары екі зат; құны төмен екі зат; құны арасындағы айырмашылығы көп заттар. Қатысушылар жасалған таңдауға бес балдық жүйе бойынша баға беруі тиіс. Яғни алған заттарына қаншалықты көңілдері толатындығын, таңдау барысында мазасыздық деңгейі қаншалықты қатты болды, қорытындысына разы болғандығын айтулары керек болатын. Сонымен қатар таңдауды өзгертуге мүмкіншілік берілді. Айпод пен шоколад ұсынылған кезде бәрі анық болатын. Бәрі айподты таңдайтын. Ұсынылған екі заттың да құны төмен болған жағдайда таңдау жасау жеңіл түсті. Ал егер де өзара тең заттар арасында таңдау жасау керек болған жағдайда мазасыздық деңгейі лезде артып кететін. Бұл Липовски тұжырымдамасын дәлелдей түсті. Дұрыс жасалған таңдау адамға көбірек рахат сыйласа, сол секілді үрей деңгейі де артатын. Ұсынылған нұсқалар артуымен мазасыздық деңгейі де пропроционалды артып отырды.


© Martin Barraud

Функционалдық МРТ қорытындылары да Шенхав ойын дәлелдей түсті. Мида қанағаттану мен мазасыздыққа жауап беретін бөліктер анық көрінді. Таңдауды өзгертер алдында «мазасыздыққа» жауап беретін ми бөлігінде белсенділік еселенеді. Таңдау қиындаған сайын, алғашқы шешімді өзгерту ықтималдығы арта береді. Мүмкін, жақсы мүмкіншіліктерді жіберіп алу адам бойындағы қорқыныш сезімін арттырып, қате қадамдар жасауға итермелесе керек. Қасымызда істейтін қызықты жұмыстар, бару керек әдемі жерлер өте көп. Бірақ арасынан біреуін таңдауға келгенде барлық мүмкіншілікті пайдаланғымыз келеді, соған байланысты күмәндана бастаймыз... Көп таңдаудың болуы – таңдауды қиындатады. Ал қиын таңдау – әрдайым масасыздық әкеледі.

Дайындаған: Әлібек Қисыбай 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға