Жаңалықтар

Тәуке ханның тұсында қалалар көбейген

Қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін сақтау үшін күрес жүргізіп, «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын енгізген кемеңгер, әрі әділетті билеуші атанған Тәуке ханның тұсында өркениет қарқынды дамыған.
05.10.2015 06:42 10973

Қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін сақтау үшін күрес жүргізіп, «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын енгізген кемеңгер, әрі әділетті билеуші атанған Тәуке ханның тұсында өркениет қарқынды дамыған. 

Тәуке ханның тұсында қалалар көбейген

Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектеріне сүйенсек, Тәуке Жәңгір ханның қалмақ қызынан туған екен. Оның туған жылы туралы нақты дерек жоқ. 1652 жылы Жәңгір хан соғыста қаза табады. Ал, Тәукені тарихшылар 1680 жылы таққа отырды дейді. Осы аралықта елді кім биледі? Бұл мәселеге қатысты тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев былай деп өзінің болжамын келтіреді: «Біздің ойымызша ел ішіндегі тақталас 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейін созылған. Жәңгір ханнан Тәуке ханға дейінгі жылдар - біздің тарихымыздағы әлі күнге дейін беймәлім болып қалған кезең. Болашақта табылар тың деректер ғана осы кезеңді түсінуге және осы кезеңдегі қазақ хандарының немесе ханының есімін анықтауға жол ашады».

Сондықтан да, қазақ тарихын жете зерттеген тарихшы А.И.Левшин Тәукенің тарихи тұлғасына баға берерде: «Ол бірнеше жылдарға созылған қантөгіс соғыстарды тоқтатып, өзара қырқысуларды тыныштандырды, ол өзінің ақылымен және әділеттілігімен басқаларды бағындыра білді, ол мықтыларды тыныштандырып, әлсіздерді біріктіру арқылы күштілерге қарсы тұра алатындай етті» деп жазды. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлы Жәңгірдің тағы бір ұлы, хан болуға Тәукемен бірдей құқылы Уәлибақының өкпелеп, Үргенішке кетіп қалғаны туралы деректі айтады. Демек, Тәуке билікке келмей тұрып, билік жолындағы қантөгістер бір сәт толастамаған сықылды.

Сонымен, Тәуке орта жастан асып, кемелденген шағында билікке келді. Оның тұсында қазақ хандығы саяси жағынан нығайған, бір орталыққа бағынатын біртұтас елге айналды. Сыр бойындағы қалалар саны 32-ге жетті. Ордасы - Түркістан қаласы болды.

Сыртқы саясатта Бұқар хандығымен арада сауданы дамыту үшін елшілік қарым-қатынастар орнатты. Ал, көрші Ресеймен мәмілегерлік байланыс жасап отырды. Қазақ-орыс қатынастары сауда және шекаралық істер төңірегінде өрбіді. Тәуке хан 1686-1693 жылдар аралығында Ресейге 5 рет елші жіберіпті. Ресейдің Шығыс елдерімен жүргізген сауда жолдарының бір тармағы Қазақстан арқылы өткендіктен керуендердің қауіпсіздігіне кепілдік, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшері және Ресей мен Қазақстан шекарасының маңында тұратын тұрғындар арасындағы әртүрлі дау-дамайлар мен ірілі-ұсақты жанжалдар да елшіліктер арқылы шешілетін. Мәселен, 1693 жылы сауда жасасу туралы шартқа қол қою үшін шекара асқан Тәуке хан елшілері Ресейде тұтқынға алынады. Тәуке хан тез арада орыс патшасына хат жазып, «Адам атадан осы уақытқа дейін ұрылар үшін елші қамауға алу дегенді құлақ естіп, көз көрмеген еді»,- деп өз ренішін білдіреді. Ақыры, Тәуке ханның табандылығы арқасында қазақ елшілері босатылған екен.

Әкесі Жәңгір секілді соғыс әдіс-тәсілдерін жақсы меңгерген, әскери қарым-қабілетін орнымен қолдана білетін мықты қолбасшы, ержүрек батыр бола білді. Онысы ханның ойраттармен шайқастарға белсене қатысқанынан байқалады. 1689, 1702 жылдары қазақ жасақтары ойрат жерін шабуылдаса, 1711-1715 жылдары керісінше, ойраттар қазақ жеріне шапқыншылықтар ұйымдастырды. Соның бәрінде, әсіресе басқыншылық жорықтарға Тәуке хан жасағы лайықты тойтарыс беріп отырды.

Әйтсе де, Тәуке ханның қазақ хандығы тарихындағы елеулі еңбегі - «Жеті жарғы» секілді дала заңын өмірге әкеліп, қазақтың тіршілігіне, салт-санасына дендеп енгізуі еді. Құқықтық ережелер сол кездегі қазақтар өмірін реттеп, бір тәртіпке бағындыру үшін қажет болғанға ұқсайды. «Тәуке хан 1652-1680 жылдары қазақ қоғамындағы қырқысулар мен дау-дамайларды болдырмаудың жолын іздестіріп, оларды әлімжеттік принциппен емес, құқықтық негізде шешуге күш салған. Бұрыннан келе жатқан Қасым хан, Есім хан тұстарындағы заңдардың кейбір баптарын жаңа талаптарға сай бейімдейді, жаңа баптар енгізеді. Сөйтіп, өмірге «Жеті Жарғы» атты заңды енгізеді. Ал өзі әз-Тәуке, яғни «әділ», «қайырымды» хан атанып кетеді. Тәуке ханның заңы арқылы қазақ қоғамындағы ішкі бірлік толық болмаса да, біршама сақталады» дейді ғалым Б.Кәрібаев.

Әз Тәуке 1715 жылы қайтыс болған. Денесі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі маңына жерленеді. Мұнда оның әкесі Жәңгір хан, атасы Есім хан, сондай-ақ қазақ хандығындағы көптеген белгілі тұлғалар жерленген. Тәукеден кейінгі тақ мұрагері - ұлы Болат болды. 

Зерттеуші А.И. Левшин әз Тәукені Спартаның ақылгөй заңгері Ликургке теңеген екен. Тәуке қайтыс болған соң қазақ хандығының әр жүзін бөлек-бөлек хандар билейтін сұрапыл заман туды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға