Жаңалықтар

Тәуелсіздік алған тұста теңге құпия түрде дайындалды – экономист

Негізі ақшаның дизайнын жасау оңай жұмыс емес. Өзге мемлекеттер бұл жұмысқа бірнеше жылдап уақыт жұмсайды
Тәуелсіздік алған тұста теңге құпия түрде дайындалды – экономист
18.10.2022 09:02 4227

 

1990 жылы 25 қазан күні «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясына қол қойылды. Бұл ел есінен кетпейтін тарихи оқиға, тәуелсіздіктің басы еді. Кеңестік үкіметтің құрсауынан босаған 16 республиканың барлығы да өз алдына тәуелсіз ел болып, экономикасын ретке келтіре бастады. Қазақстан да қарқынды даму жолын таңдап, болашаққа деген нақты жоспарларын құрды. Соның бірі – Ресейдің сабан ақшасынан арылып, ұлттық валютсын жасап шығаруы еді. Аз уақыттың ішінде ұлттық теңге қалай жасалды? Оны алғаш қалай басып шығарды? Оған кімдер ат салысты? Қандай қиындықтар болды? Бұл туралы экономист, сол уақыттары Ұлттық банкте қызмет жасап, теңгенің айналымға енуіне алғаш куә болған қызметкердің бірі Ерғожа Тілепбердиев айтып берді.

Ол еркін ұлт ретінде бақытты, әрі өте қатты қиындыққа тап болған кезең еді. Зауыттар жабылып, өндірістер тоқтап жатты. Егемен ел болдық. Енді Ресейге қарап жалтақтаудың еш қисыны жоқ. Сол уақыттарда ұлттық валюта туралы айтыла бастады. Бірақ оның барлығы құпия түрде жүргізілді. Негізі ең алғаш теңгеміз Лондонда бастырылып жатқанда, президенттің теңге туралы жарлығы әлі шықпаған болатын. Ұлттық банкі Қазақстанда өндірілетін алтын, күмісті, бағалы металдарды сатып алып, жүк таситын «Ил-76» алып ұшағымен Англияға апарып, оны халықаралық биржаға өткізді, долларға ауыстырды. Өйткені мемлекетіміздің қорында ел экономикасына қажет қаржы болған жоқ. Кейін сол долларға төл теңгемізді шығардық. Теңгені Англиядағы Хайуикан қалашығында, 400 жылдық тариxы бар баспахана – «Харрисон және оның ұлдары» атты компания басып шығарды. Мен ҚР Ұлттық банкінің қолма-қол ақша айналымымен айналысатын департаментіне қарасты қор бөлімінің жетекшісі ретінде сол жұмыстардың қасында жүрдім. Әлі есімде, ең алғаш теңгенің жұмысымен Лондонға барасың деген кезде барынша тәуір киім алдым. Бізді ол жақтан 3-4 кісі күтіп алды. Ішінде өзім секілді жақсы киінген, костюм-шалбар, галстук таққан кісі бар екен. Шамасы, басшылары осы шығар деп шамаладым. Көлікті де өзі жүргізеді екен. Артқы орындықта жұмысшылар секілді қарапайым киінген тағы екі-үш кісі отырды. Діттеген жерге барған кезімізде бір кісі: «қазір директормен кездесесіз» деді. Мен жаңа ғана бірге келдік қой деп ойлап қоямын. Сол сәтте бағанағы көліктің артында қарапайым жұмысшы секілді киініп алғандардың бірі кіріп келді. Сөйтсем, осы валюта басып шығаратын фабриканың директоры сол кісі екен. Ал әлгі мен директор деп сөйлесіп жүргенім жүргізуші болып шықты.

Ал Ұлттық валютамыздың алғашқы эскиздерін өз қолымен салған авторлар Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелxанов, Хайролла Ғабжалилов сынды қазақтың талантты суретшілері еді.

Негізі ақшаның дизайнын жасау оңай жұмыс емес. Өзге мемлекеттер бұл жұмысқа бірнеше жылдап уақыт жұмсайды. Ал біздің елде бұл өте жылдам, аз уақыттың ішінде және әлемдегі купюралар арасындағы ең үздігін жасап шықты. Теңге сапасы, дизайны, қауіпсіздігі жағынан бірнеше мәрте үздік атанды. Себебі оған авторлар бар махаббатын, ынтасын, ұлттық арман, мақсатын бәрін арнады ғой. Сол теңге баспадан алғаш шығып, қолыма алған сәтте ерекше сезімде болдым. Біз Қазақстан халқының саны, экономикасының жағдайына қарай әр купюрадан неше дана керек екеніне дейін және оны әр өңірлерге бөліп есептедік. Мәселен, Алматы облысына осынша 100 теңгелік, осынша 50 теңгелік керек деген секілді өңірдің экономикасына қарай есептеп беретінбіз. Сөз басында айтқанымдай, бізде 1992 жылдың жазында басталған теңгенің мәселесі шешіліп, 1993 жылы айналымға енгізуге дайын отырды. Сол кездегі президент Назарбаев 1993 жылдың 15 қарашасында жарлыққа қол қойып, бірден айналымға енгізілді. Тез арада айналымға енген теңгеміз зейнетақы, еңбекақыны уақтылы төлеуге көмектесіп, экономикамыздың дамуына үлес қосып, өзінің тарихи миссиясын толық орындады. Кейін Алматыда теңге фабрикасы, өскеменде монета цехы іске қосылды.

Тәуелсіздік алып, төл теңгеміз шыққаннан кейін елімізде жиналып тұрған рубльден құтылу оңай болмады. Біздің әр облыста ақша сақтау қоймалары болды. Сол жерлерде жарамсыз ақшалар толып тұрды. Оны жою үшін Ресейдің рұқсаты керек еді. Біз бірнеше мәрте хат жаздық. Кейін жазған хаттарымызға жауап келмейтін болды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ешкімнің рұқсатынсыз, өртеуге шешім қабылданды. Себебі, ол ақшаларды сақтап тұрудың өзі қыруар қаржыны қажет етеді, қаншама орынды алып жатты. Сосын ақшаны санап, айналымға салып тұрмаса биттеп кетеді. Қоймада жатқан рубльдер солай биттеді. Иістеніп, көгеріп кетті. Жарамсыз ақшаларды өртеу үшін Шымкент, Теміртау, Петропавл, Өскемен секілді үлкен пештері бар қалаларға бөліп, вагондап тасыдық. Ол кезде де комиссия жетекшісі ретінде осы қалаларда іссапармен ақша өртеуге тікелей араластым. Бірде үлкен пештің ішіне үш-төрт тонна ақшаны салып өртеп жатқан кезде алып қысымға шыдамаған пеш жарылып кетті. Жартылай өртенген, кейбірі тұтастай бүтін су жаңа рубльдер қалаға шашылды. Күн жел. Адамдарды жұмылдырып, шашылған ақшаларды жарты күн жинап, қайта өртеген кезіміз де болған.

Уақыт өте келе заман цифрландыруға көшіп жатқанда теңге де цифрлана бастады. Қазір қаржы көп адамның қалтасында емес, картасында жүреді. Алайда экономист ретінде бұл жаңалықты аса құптай қоймаймын. Цифрлы қаржы дегеніңіз сізге тиесілі емес ақша секілді. Оны банктер кез келген уақытта бұғаттай алады. Ал сол қаржы қолыңызда тұрса оған ешкім де тиісе алмайды. Демек, картадағы қаржыға қарағанда қалтадағы қаржыңыз әлдеқайда қауіпсіз деген сөз. Осы тұрғыдан алып қарағанда біздің мемлекеттің де қоры қаржылай және алтынмен, бағалы металдармен өз мемлекетімізде сақталып, ел экономикасына жұмыс жасауы керек деп ойлаймын.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға