Жаңалықтар

Тәуелсіз елім – тірегім, туған тілім – жүрегім!

Тәуелсіз елім – тірегім, туған тілім – жүрегім!
05.12.2014 05:55 37181

Тәуелсіз елім – тірегім, туған тілім – жүрегім!

Тақырыбы: «Тәуелсіз елім – тірегім, туған тілім – жүрегім!» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ертеңгіліктің сценарийі
Мақсаты: Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай жұлдызды жиырма күн аясында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында балаларды білімін кеңейту. Еліміздің 20 жыл ішінде қол жеткізген толымды табыстарын балалардың өнері арқылы паш ету, шығармашылық қасиеттерін дамыту, мерекелік көңіл - күй сыйлау.
Жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар! №2 «Айгөлек»
балабақшасының «Тәуелсіз елім - тірегім, туған тілім - жүрегім!» атты
Ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Ана тілім, жан тілім – айбарлым,
Сырың терең, тұнығындай қайнардың.
Ана тілім, қасиетім, қастерлім,
Бір өзіңнен бақыт нәрін алғанмын, - деп ақындар жырлағандай халқымыздың өшпес асылы, сөнбес шырағы, мол қазынасы, сан ғасырлық тарихы бар қасиетті тіл мен өнерге арналған. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Әр ұлттың тілі – оның бақыты, тірегі.
Күндер өтті кешегі,
Жігер құм боп жасыған.
Несіне оны жасырам?
Гимніміз бүгінгі,
Баға жетпес асыл ән.
Хор: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні «Менің Қазақстаным!»
Сөзін жазғандар: Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев.
Әнін жазған: Ш. Қалдаяқов.
Жүргізуші: Бүгін Тәуелсіз ел деп Отанымыздың жасампаз болуын, ана тіліміздің киелі болуын, тарихымыздың жүйелі болуын ұлықтаймыз. Біз бүгін тәуелсіз ел деп ұлының ұлағатты, қызының инабатты, халқының салауатты болуына барлық мүмкіндіктерді жолдайтын мемлекетімізді мақтан етеміз. Ендеше, Тәуелсіздік – біздің бас ұранымыз, көгілдір Туымыз – біздің болашақ бағымыз, нұрлы таңымыз.
Нұрислам
Туымызға көгілдір,
Бір қарамай өтпейміз.
Сол көк Тудың астында,
Көгереміз, көктейміз.

Әсемай
Мереке бүгін ұлы күн,
Бабалар рухы көксеген.
Азатты елдің ұлымын,
Теңескен төбем көкпенен.

Фархад
Шаңырақтың шаттығы,
Асқақтатып тұр мұны.
Елтаңбасы елімнің,
Елдің тыныш тірлігі.

Жұлдызай
Күн болды ғой керемет,
Ақ түйе қарны жарылған.
Ел болдық шүкір не керек,
Әлемге аты танылған.
Жүргізуші: Мағыналы, сымбатты,
Бар осындай белгіміз.
Маған, саған қымбатты,
Елтаңбасы ол елімнің, - дей отырып, балалардың елтаңбаға арнаған әнін қабыл алыңыздар.
Хор: «Елтаңбасы елімнің»
Сөзін жазған: С. Қалиев.
Әнін жазған: Д. Омаров.
Жүргізуші: Көйлектері тал бойына жарасқан,
Сымбаттары Ай мен Күнге таласқан.
Бүлдіршіндер ортада би билейді,
Қимылы мен әуені үйлес тапқан.
Би: «Үкілі қыз»
Орындайтындар: Айым, Ағжан, Гүлбибі, Жұлдызай.
Жүргізуші: Ең алдымен ел егемендігінің көрінісі, құндылығының бірі болып саналатын мемлекеттік тілді, қазақ тілін меңгеру – баршамыздың міндетіміз. Тіл – ұлттық белгі, халықтық мұра, дүниетаным құралы. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті, болмысы. Адамдық мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетіміз – ана тіліміз.
Нұрай
Тілім барда, қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар ата жолы салтым бар.
Кең даламдай жиналмаған шалғайы,
Аңқау ашық мінезім бар аңқылдақ.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім, тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып - ақ алыңдар.
Бірханым
Ана тілім жүрегісің анамның,
Жүрек ана мен өзіңнен таралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз маған керегі жоқ ғаламның.
Сенсің әрбір тынысыңнан күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай тура қараймын,
Ана тілім егер сені білмесем.

Жүргізуші: Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Оның тәтті оралған мәні оятар. Кейі сауық, кейі мұң дертін қозғап, Жас балаша көңілді жақсы оятар,- дей отырып ортаға Рсалиева Құндызайды шақырамыз. Жерлес сазгер Н: Алғашбаевтың «Егеменді Қазақстан» әні. Орындайтын: Рсалиева Құндызай. Жүргізуші: Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің, Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің. Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің!

Көркем сөз. Әдібай Табылдиевтын « Жаса, Қазақстаным!» өлеңі
Оқитындар: Мырзагүл Аяулым, Тоқтамұрат Назерке.
Басты алға азат ел - анамыз,
Бастауда Нұрсұлтан данамыз.
Гүлденді кең байтақ даламыз,
Түрленген сәнді сан қаламыз.
Елдікке, ерлікке сенеміз,
Елдікке, тірлікке кененбіз.
Қажырмен қарыштап келеміз,
Болашақ бағына енеміз
Басқарған Елбасы ұлы іс,
Басталған жаңаша құрылыс.
Баянды басталды бетбұрыс,
Оңарған ер көсем құрып іс.
Жаңаша дарыған білімім,
Жараса дамыған ғылымым.
Қазақтың өркенін өсірген,
Азат күн - бақытым - ұлы күн.
Құтты бақ төрінде той бүгін,
Құттықтап құшағын жайды күн.
Ақтарып туған жер байлығын,
Мақтан қып, тойлаймыз айбынын.
Жүргізуші: Композиция «Жаса, Қазақстан!»
Жүргізуші: Әрбір ұлттың ең үлкен, ең негізгі анасы туған тілі болып саналады. Ана тілі - әрбір ұлттың, ұлыстың, мақтанышы, көзінің қарашығындай көрінетін қазынасы, асыл мұрасы. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға