Жаңалықтар

Тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік ғылым саясатының даму тарихы

Қазіргі әлемдік еңбек бөлінісінде ұлттың интеллектуалды потенциалын дамытуы, тиімді инновациялық жүйені қолдауы елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі маңызды фактор болып табылады.
05.06.2015 10:50 15011

Кез келген бәсекелестікке қабілетті ел секілді, Қазақстан да аталмыш саланы дамыту үшін көптеген қадамдарға барды. Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатты жетілдіру мақсатында көптеген іс-шаралар жасалғанымен бұл сала әлі де болса экономиканы ілгері жетелеуші күшке айнала алмай отыр. Мұның бірнеше себептері бар және сол себептерді анықтау үшін ең алдымен ҚР Ғылым саясатының тарихын сараптау қажет.

КСРО-да ғылым салыстырмалы түрде жақсы дамыды және оның құрамына кіретін Қазақстанда да бұл салада жетістіктер көп болды. ХХ ғасырдың 80-жылдары Республикада 140 ғылыми мекеме жұмыс істеп, оларда 21,1 мың адам қызмет атқарды. Сонымен қатар Жоғары және орта арнаулы білім беру министрлігінің 55 жоғарғы оқу орнында қосымша ғылыми жұмыстар жүргізілді. 90 жылдары Қазақстанда 279 ғылыми мекеме, олардың ішінде ҒЗИ мен ЖОО-лардың зертханалары болды. Ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын адамдардың саны 50,6 мыңға жетті. Алайда КСРО ғылымы нарық заманына сай болмады, бәсекелестікке тек шектеулі сала бойынша төтеп бере алды: әскери, ауыл шаруашылық, ғарышты игеру және т.б. Осы арнаулы салалардағы бәсекелестіктің өзі мемлекеттің үлкен ықпалымен сақталып, бөлінген қаржы өз қайтарымын бермеді.  Нәтижесінде КСРО ғылымы өте шығынды салаға айналды. Сол себепті Кеңес Одағының жан жақты ғылыми жұмыстарды толықтай жүргізе алмады. Осы кезде Кеңес мемлекетінің басты қарсыласы АҚШ-та ғылымға салынған ақша бірнеше еселеп қайтарым беріп отырды, өйткені бұл мемлекетте ғылыми өнімдер тұтынушы тауарға айналып, инвесторлар мен бизнес өкілдерін ғылыми-техникалық жұмыстарға қаржы құюға ынталандырды. 

Дегенмен, Кеңес Одағы кезінде ғылыми зерттеулер жүргізудің тұрақты жүйесі болды, ғалымдарға мемлекет тарапынан бүкіл жағдай жасалды және осының арқасында КСРО ғылымы әлемдге ең мықтылардың қатарында болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін және жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу кезеңінде Қазақста үшін ғылымды қоршаған ортаға сай өзгерту қажет болды. Бірақ бұл мақсатқа жету өте қиын еді, өйткені Кеңес Одағынан мұраға ғылым жүйесінің негізгі институционалдық базасымен қатар, құрылымдық кемшіліктерді де қалды. Мәселен, ғылым саласын басқару тетіктері толығымен сол кездегі орталықпен, Мәскеумен байланысты болуы; бірқатар зерттеулердің тек халықаралық қатынастардағы биполярлы жүйеде ғана өзекті болуы (әскери бағыттағы ядролық физика саласын зерттеу); өндіріс саласын ғылыммен тікелей байланыстыратын тетіктердің болмауы; құрал-жабдықтардың ескіріп, заманға сай болмауы және т.с.с.

Кеңес Одағы кезінде іргелі және қолданбалы зерттеулерді қамтамасыз ету толықтай мемлекет немесе оның органдары тарапынан жүргізілді. Ал жаңадан орнап келе жатқан нарықтық экономика жағдайында не мемлекеттің, не кәсіпорындардың ғылыми зерттеулерді қолдауға қажетті ресурстары болмады. Елдің тұтастығын мен мемлекеттілікті сақтап қалу басым бағытқа айналды.

Сондай-ақ, ғылым саласының жаңа шарттарға бейімделуі ғылым дамуының құрылымдық, кадрлық, инфрақұрылымдық және қаржылық қамтамасыз етілуі мен қажетті нормативтік-құқықтық базаны керек етті.

Қазақстандағы ғылыми-техникалық жүйенің ең әлсіз тұстары жеке секторды ғылыми-техникалық потенциалды дамытуға араластырудың механизмдерінің тиімсіз болуы және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстары саласындағы мемлекеттік қатысушылардың да, жеке сектордың да төмен деңгейде белсенділігі.

Оған қоса ғылым саласының кадрлық құрылымында да үлкен өзгерістер болды. Кадрлардың дайындап шығару тетіктері мен шарттары бұзылу алдында болды. Жоғары оқу орындары тек білім беруге көңіл бөліп, зерттеу жұмыстарының көлемін барынша азайтты. Диссертация қорғайтындардың қатарында ғылым мен білім саласында жұмыс істемейтіндердің үлесі артты. Ғылыми деңгейін алып алған қызметкерлерге ары қарай кәсіби дамуға ынталандырудың тетіктері жоғалтылды. Сапалы ғалымдардың жаппай шетелге немесе жеке секторға кетуі жағдайды одан әрі қиындатты.

Әлеуметтік тұрғыда мемлекет тарапынан қажетті дәрежеде кепілдіктің болмауы мен медициналық және зейнеткерлік қамсыздандыру деңгейінің төмендігі де, болашағы бар жас мамандардың ғылым жолына түсулеріне қызығушылық тудырмады. Осы секілді қиын алғышарттардан соң, ғылым саласында келесідей негативті құбылыстар байқалды:

-  патенттер мен деңгейі жоғары журналдардағы басылымдардың азаюы;

-  ғылыми зерттеулерді сапалы сараптаудың төмендеуі және ғылыми атақ иелері санының күрт өсуі;

-  ғылыми мектептер мен жекелеген ғалымдар арасындағы бәсекелестіктің болмауы.

Ешкімге тәуелсіз экономика мен саясат құру үшін бәрін басынан бастау керек болды, соның ішінде ғылым саласындағы мемлекеттік саясат та жаңаруды талап етті. Елдегі ғылыми-техникалық саясат пен ғылымды басқару жүйесінің негізі 1992 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы» ҚР заңымен қаланды. Аталмыш саланы дамытумен айналысатын мемлекеттік мекемелер құрылымын өзгертіп Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі құрылды.

1992-1993 жж. егеменді Қазақстанның ғылыми кадрларды аттестациялау, стандарттау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, диссертацияларды, ғылыми жазбаларды мемлекеттік тіркеу, патенттер беру жөніндегі мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты анықтайтын құрылымдар құрылды.

1993 ж. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпарат жүйесін дамыту» деп аталатын Республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарлама қабылданды. Осы жылдары радиоэлектроника және байланыс, минералды шикізатты кешенді өңдеу, биотехнология жөніндегі бірқатар ғылыми-зерттеу орталықтары, сондай-ақ Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Ғылым саласындағы қызметті реттеу үшін көптеген нормативті-құқықтық актілер қабылданды. 1992 жылдан бастап ҚР Президенті мен Үкімет ғылым мен ғылыми-техникалық салаға байланысты 90 директивті құжаттарды қабылдады.

90-жылдардың екінші жартысында да ғылым саласындағы жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар шаралар қабылданды. Олар көп жағдайларда институционалды-ұйымдастырушылық сипатта болды. Мәселен, 1996 ж. Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ ауылшаруашылық ғылымдарының академиясы және Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі бірігіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамындағы орталық атқарушы органға айналды және олардың жаңа атауы «Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы» болды. 1999 ж. Ғылым академиясы министрліктен бөлініп шықты, алайда барлық академиялық институттар министрлік құрамында қалды. Дәл осы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия құрылды.

Ғылыми кадрлардың саны (2008 жылы 16,3 мың адам) 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 40,7%-ды құрады, бұл көрсеткіш 1950-60 жылдар аралығындағы деңгейге сәйкес келеді (18,2 мың адам). 2000 жылы ғылымдағы жұмыспен қамтылғандар саны ең төмен деңгейде болды, одан кейінгі жылдары тұрақтанып, 16 мың адам шамасында болды.

1990 жылдан бастап орын алған зерттеулер мен әзірлемелер саласындағы жұмыспен қамтылғандардың, әсіресе зерттеушілер жалпы санының күрт қысқару үдерісі, сондай-ақ ҒЗТҚЖ саласында жалпы жұмыспен қамтылғандар санындағы зерттеушілер үлесінің төмендеуі ғылымдағы адам капиталының құлдырауын көрсетеді.

Зерттеулер мен әзірлемелер саласындағы адам ресурстарын қысқарту табиғи түрде өтеді, қадағаланбады, мақсатты түрде талданбады және түзетілмеді. Елімізде ғылыми кадрлардың қажетті саны жөнінде түсінік қалыптаспаған болатын.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық концепциясы» (2000 ж.) туралы Қаулысы мен соның негізінде «Ғылым туралы» (2001 ж.) заңның қабылдануы елдегі ғылым саласындағы маңызды оқиға болды.

«Ғылым туралы» заң мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаттың мақсаттары мен басымдықтарын анықтай отырып, бірқатар қосымша нормативтік-құқықтық актілермен толықтырылды. Олардың қатарында «Мемлекеттік сатып алулар туралы»  (2002 ж.) заң, «Инновациялық қызмет туралы» (2002 ж.) заң, «Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы туралы» (2003 ж.) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы секілді құжаттар бар.

«Инновациялық қызмет туралы» заңда көрсетілгендей, мемлекеттік инновациялық саясаттың мақсаты – теңдестірілген өнідірістік инфрақұрылым жасап, әртүрлі өндіріс саласына қажетті жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өнімдерді қамтамасыз ету.

2003 жылы ҚР Президенті Жарлығымен ҚР Ұлттық ғылым академиясы негізінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігі құрылды.

Елдегі ғылыми-техникалық қызметті дамыту үшін бірқатар шаралардың жасалғанымен, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында аталмыш сала мемлекет экономикасының негізі бола алмады. Инновациялық өнімдердің ЖІӨ-дегі үлесі 1,58%-дан аспады.

Ғылыми мекемелердің ғылыми-техникалық базасы, соның ішінде зертханалық құрал-жабдықтар ескіргендіктен инновациялық сипаттағы ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу мүмкін болмады.

1990-2000 жылдары аралығындағы ғалымдар өздерінің символикалық капиталын жоғалтып, әлеуметтік және өндірістік күш ретінде қарастырылмайтын болды. Бұл ғылым саласындағы онсыз да бар проблемаларды одан әрі ушықтыра түсті. Қазақстанда BISAM Central Asia деп аталатын бизнес-ақпарат, әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығының 2006 жылы жүргізген сауалнамасының мәліметтері бойынша, респонденттердің тек 4,3 % ғалым болуды мәртебелі кәсіп ретінде көрсеткен.

Өтпелі кезеңнің қорытындысы ретінде ғылым саласында еңбек ететін қызметкерлер саны құрылымының деформациясын көрсетуге болады. 2005 жылы Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің жалпы саны 1991 жылмен салыстырғанда екі есе қысқарып 18 мың адамды құрады.

 Ғылыми үдеріске тікелей қатысы бар зерттеушілер мен техниктердің саны күрт азайды. Ғылымның тұрақты түрде «қартаюы» байқалды. Жалпы, алғанда 50 және одан да жоғары жастағы ғылыми қызметкерлердің үлесі 32,9 % болып, ғылым докторларының орташа жасы 55-59 жасты құрады.

2008 жылы 40 жасқа дейінгі докторлар мен кандидаттардың саны Ресейде – 2% және 17%, Қазақстанда – 1,6% және 19,3%. Бұл деректер Қазақстан ғылымында елеулі орын алған мамандар мәселесінің кезек күттірмейтіндігін көрсетіп отыр (барлық посткеңестік елдердегі сияқты).

1990-шы жылдардың бас кезінде кадрлардың, әсіресе ғылым кандидаттарының кетуі – техника ғылымдары саласында 5,3 есе, физика-математикалық ғылымдары саласында 3,4 есе, медицина ғылымында – 2,9 есе, химияда – 2,5 есе байқалды. Бұлар келешектегі индустриалды-инновациялық жаңаруға тікелей байланысты ғылыми салалар болып табылады.

Ғылым саласының ұйымдастырушылық құрылымында шешім қабылдаудың бірыңғай жүйесі құрылмады. Мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен орындалып жатқан ғылыми зерттеу бағдарламаларының үлестірушілері мен әкімшілердің шамадан тыс болуы әсерінен ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру, сондай-ақ алынған нәтижелерді өндіріске енгізу қатты қиындатылды. Осының салдарынан тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға деген сұраныс күрт төмендеп кетті. Мәселен, ғылымға бөлінген жалпы қаражаттың тек 8% аталмыш салаға бөлінсе, фундаменталды зерттеулерге 71%, фундаменталды зерттеулерге 21% жұмсалды. 

Ғылым және ғылыми-техникалық саланы дамыту 2004-2005 жылдары жаңа қарқын алды. Мемлекет басшылығы Қазақстанның ғылыми зерттеулер саласындағы статусын көтеруге басымдық беріп, елдің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізудегі шешуші фактор ретінде жаңа технологиялар мен ғылыми-инновациялық өнімдерді көрсетті.

2004 жылы қазыналық кәсіпорын болып табылатын «Ғарыштық зерттеулер институты», «Ионосфера институты», «В.Г.Фесенков атындағы астрофизикалық институт  бірігіп  шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын болып саналатын «Астрофизикалық зерттеулер орталығын» (АЗО) құрды.

АЗО ғылыми зерттеулерінің бағыттары: галактикалық және галактикадан тыс объектілерге астрофизикалық бақылау және теориялық зерттеу жүргізу; Күн мен Жердің байланысу механизмдерін зерттеу; ионосфера, мезосфера және геомагниттік өріс негізінде динамикалық үдерістерді зерттеу; Жер планетасын ғарыштан бақылаудың, ғарыштық технологиялар мен әдістердің, республикадағы табиғи-шаруашылық кешенге антропогендік әсердік экологиялық салдарын болжаудың негіздерін жасау; ғарыш саласындағы жаңа технологияларды жасақтау.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанынан «Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы» (ҰБО) Республикалық мемлекеттік мекеме (РММ) құрылды.

ҰБО-ның мақсаты биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту, ғылыми-техникалық дамудың мемлекеттік басымдықтары негізінде негізгі бағыттарды айқындау болып табылады. Мемлекеттік басымдықтар ғылыми-техникалық өнімдердің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына сүйене отырып бекітілді.

Орталықтың міндеттері: фундаменталды және қолданбалы зерттеулер жүргізу, соның ішінде ресурс үнемдегіш, экологиялық таза және қалдықсыз технологиялар жасау; ғылыми-инновациялық өнімге негізделген өндірісті қалыптастыру және осы мақсатта ғылыми-интеллектуалдық меншікті қорғау, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, тағам өндіріс саласына қажетті отандық және шетелдік технологияларды коммерциализациялау; ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми қызметкерлердің сапасын арттыру.

ҰБО бірқатар қолданбалы ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асырудағы негізгі, әрі үйлестіруші ұйым болып саналады. Олардың қатарында: «2006-2008 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында биотехнология жөніндегі кластерді қалыптастыру үшін қазіргі заманғы технологияларды әзірлеу»; “Құс тұмауын зерттеу және 2006-2008 жылдар аралығындағы күресу әдістемелері мен қолданылатын шаралар”; «Қазақстан Республикасының 2006-2008 жылдарға арналған биологиялық және химиялық қауіпсіздігін ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» бағдарламалары.

Аталған бағдарламаларды жүзеге асыруда 30 ғылыми ұйым қатысса, соның ішінде 6 шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтары болды: Аубурн университеті, Техас университеті, Калифорния университеті (АҚШ); Ұлттық ғылыми зерттеу орталығы (Франция); Нагасаки университеті (Жапония); Мемлекеттік «Вектор» вирусология және биотехнология ұлттық орталығы (Ресей).

2006 жылы жүзеге асырылған реформалардың негізгі сипаттамасына шешім қабылдаудың жаңа жүйесінің енуі жатады. Жаңа жүйені енгізу туралы идеяны аталмыш жылдың 26-маусымында Елбасы Н.Назарбаев Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеттегі лекциясында айтқан болатын. Нәтижесінде 2006 жылдың тамыз айында Премьер-министр жетекшілігіндегі Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясы (ЖҒТК) құрылды.

Комиссия ғылыми-техникалық дамудың ұлттық басымдықтарын анықтап, үш жылда бір рет Мемлекет басшысының алдында есеп беруі тиіс болды. 2007 жылы ЖҒТК құрамында Халықаралық сарапшылар кеңесі құрылды. Кеңестің басты міндеті – елдегі нақты бағыттар бойынша алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу потенциалы мен ғылым дамуындағы әлемдік трендтерді талдау. Талдаудың нәтижесі ұсыныстар күйінде ЖҒТК-ге беріліп, елдің ғылыми-техникалық саясатына әсер етіп отырады.

2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің құрамында жасақталған ҚР Ғылым комитеті зерттеу жұмыстарының бірыңғай әкімшісі болып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды жүзеге асырды. Комитеттің қаржыландыру объектісіне фундаменталды зерттеулермен қоса, мемлекеттік маңызды бағдарламалар да жатты. ҚР Ғылыми комитеті ЖҒТК-нің жұмыс органы болып табылады.

Осы жылы «Ғылым қоры» АҚ құрылды. Толықтай мемлекеттік болып саналатын ҚР Білім және ғылыми министрлігі жанындағы «Ғылым қорының» құзыретіне тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ТКЖ), сондай-ақ ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландыру кірді. Қордың стратегиялық мақсаты – конкурс негізінде сұрыпталған әлемдік деңгейде маңызды ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау.

Осылайша ЖҒТК-ның, «Ғылым комитетінің»  және «Ғылым қорының» пайда болуы елдегі ғылым саласын салыстырмалы түрде реттеп, ортақ жүйені қалыптастыруға өз септігін тигізді. Сондай-ақ ғылыми-инновациялық өнімдерді ынталандыру және қолдаудың институционалды құрылымы бекітіліп, қазақстандық ғалымдарға әлемдік тенденцияларға бағдарланып, дүниежүзілік бәсекеге сәйкес өнім жасап шығаруға салыстырмалы түрде ыңғайлы жағдайлар туғызды.

Сонымен қатар зерттеулерді қаржыландырудың бағдарламалық-мақсаттық қағидаты енгізілді. Мемлекеттік ғылыми-техникалық экспертиза жүйесі жасалып, ғылыми-техникалық қызметтің нормативтік-құқықтық базасы жаңартылды.

Бүгінгі таңда ірі салалық ғылыми ұйымдардың потенциалын сақтау үшін республикада 5 ұлттық орталық (ұлттық ядролық орталық, минералды шикізатты кешенді өңдеу, биотехнология, радиоэлектроника және байланыс  жөніндегі ұлттық орталықтар)  қызмет жасайды.

Бұл орталықтардың міндетіне ғылыми өнімдерді өндірісте жүзеге асыру кірді. Көзделген мақсатқа жету үшін ғылыми өнімдер тәжірибе барысында қатаң тексеріліп, өзінің ғылыми-техникалық және экономикалық тиімділігін дәлелдеп, патентпен қорғалып, толықтай коммерциализация деңгейіне жетуі қажет болды.

Сондай-ақ академиялық ғылыми-зерттеу институттары негізінде 3 ғылыми орталық құрылды: жер және кен байыту ғылымдары, биологиялық және астрофизикалық зерттеулер орталықтары. Аталған ғылыми орталықтардың басты мақсаты ғылыми-техникалық потенциалды фундаменталды зерттеулердің басым бағыттарына шоғырландырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының міндеттерін шешудегі фундаменталды зерттеулердің үлесін арттыру болып саналады.

«Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байыту орталығы» акционерлік қоғамы 2007 жылы құрылып, оның құрамына бірқатар еншілес мемлекеттік мекемелер кірді: «Физико-техникалық институт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС); «Қ.И.Сатпаев атындағы геология ғылымдары институты» ЖШС; «География институты» ЖШС; «Сейсмология институты» ЖШС»; «У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология и гидрофизика институты» ЖШС; «Алтай геологиялық-экологиялық институты» ЖШС.

Орталықтың қызметі көмірсутек шикізаттары мен минералды ресурстарды барлау/өндіру/қайта өңдеу саласындағы қазіргі заманға сай ғылыми-техникалық кластерді дамытуға, жаңа материалдар алуға, экологиялық, су және сейсмологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды.

Орталық қызметкерлерінің жалпы саны 1534 маманнан тұрды. Оның ішінде акамиктер – 15, ғылым докторлары – 135, ғылым кандидаттары – 247.  

Қазақстандық ғылымның дамуына  Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы  (Астана) мен А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының да қосқан үлесі зор болды.

Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы Қазақстан ғылымының дамуына жаңа импульс берді. Бағдарламаға сәйкес, ғылыми мекемелер қызметін  оңтайландыру, ғылыми қызметтің жаңа формасын ұйымдастыру, ғылыми-зерттеулерді материалды-техникалық жабдықта, өнідіріс пен ғылым арасындағы байланысты күшейту, ғылыми технологиялар мен өнімдердің қолданысқа ену механизмін жасау, ғылымның экономикалық қайтарымын молайту мақсаттарында ғылым саласын реформалау басталды.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың дайындық кезеңі 2007-2009 жылдарға келді. Бұл кезеңде ғылыми-техникалық дамуды басқару жүйесін модификациялау және зерттеулерді, жобаларды қаржыландыру базасын реформалау секілді шаралар атқарылды. Өзгерістер мен реформалар нормативтік-құқықтық негізде жүзеге асты.

2010-2012 жылдары мемлекеттік бағдарлама 3 міндетті жүзеге асырды: 1) ғылым мен білім интеграциясы; 2) ғылыми кадрларды даярлау; 3) жергілікті ғылымның өндірістік қызметтің артуына елеулі үлес қосуы үшін ғылым инфрақұрылымын дамыту.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мемлекеттегі ғылыми зерттеулер мен инвестициялық қызметтердің басым бағыттарын айқындады:

–    нанотехнологиялар мен жаңа материалдар (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы ұжымдық пайдаланудың ұлттық ғылыми зертханасы базасы негізінде);

–    биотехнология (Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы);

–    көмірсутек пен тау-металлургиялық секторлар және солармен байланысты қызмет көрсету салалары үшін технологиялар даярлау («Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байыту орталығы» АҚ);

–    ядролық технологиялар мен жаңартылмалы энергетика (С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті);

–    ақпараттық және ғарыштық технологиялар (Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университет).

Сонымен қатар зерттеу орталықтары мен университет қабырғаларында шағын техникалық жобаларды коммерциализациялауға арналған бизнес-инкубаторлардың құрылуы, өндіріске бағытталған ғылым салаларын дамытуға зор үлес қосты.

Басқару саласындағы келесі бір маңызды қадам ретінде «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің құрылуын атап көрсетуге болады. Холдинг ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі жұмыстарды үйлестіру қызметін атқарды.

2008 жылы ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдинг» (ҰҒТХ) АҚ құрылды. Холдингтің миссиясы Қазақстанның тұрақты ғылыми-технологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қажетті ғылыми жұмыстарды коммерциализациялау және оңтайландыру арқылы қолайлы жағдай туғызу болып саналады. «Парасат» ҰҒТХ еншілес кәсіпорындардан тұрады:

–     «Ғылым қоры» АҚ;

–     «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ;

–      «Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байыту орталығы» АҚ;

–     «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ;

–     «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ;

–     «География институты»; 

–     «Қ.И.Сәтпаев атындағы геологиялық ғылымдар институты» ЖШС;

–     «У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және гидроэкология институты» ЖШС;

–     «Физика-техникалық институт» ЖШС;

–     «Сейсмология институты» ЖШС;

–     «Алтай геологиялық-экологиялық институт» ЖШС.

Бұдан басқа ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша инженерлік бағыт бойынша 15 зертхана құрылды. Ғылымды құрылымдық реформалау аясында бірқатар академиялық мекемелердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен біріктіріп, соның негізінде ұлттық инновациялық университеттер жасақтау жоспарлануда.

 Қазақстанның индустриялық-инновациялық шарықтауына қажетті шарттарды институционалдық және нормативті-құқықтық қамтамасыз етудің соңғы кезеңі Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (2010 ж.)  даярлануымен және жаңа редакциядағы «Ғылым туралы» заңның қабылдануымен аяқталды.

Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстан ғылымы құлдырауға дейін барып, одан кейін біршама деңгейге қайта көтерілді. Бүгінгі күні отандық ғылым саласына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп келеді, алайда шешімін таппай келе жатқан мәселелер де жоқ емес.


Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға