Жаңалықтар

Тұрсын Жұртбай: «Біз – Алтын Орданың заңды мұрагеріміз»

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығын тойлау – бұл біздің тәуелсіздігімізді бекіту деген сөз.
18.08.2015 03:42 3818

Бүгін де еліміз осы жылы Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толады деп дүбірлі тойға дайындық үсітінде. Айтулы мереке қалай және қай жерде тойланатыны айтылып та, жазылып та жатыр.  Біз жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай ағадан Қазақ хандығының  550 жылдығы туралы пікірін білгенді жөн көрдік.  

Тұрсын Жұртбай: «Біз – Алтын Орданың заңды мұрагеріміз»

Тұрсын Жұртбай:

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығын тойлау – бұл біздің тәуелсіздігімізді бекіту деген сөз. Сонда біз қайдан шықтық дегенде ешқандай қысылып-қымтырылмай «Біз Алтын Орданың мұрагеріміз» деу керек. Ал, одан арғы көшпенді дүниені дәлелдеу ол – екінші мәселе. Бүгінгі біздің дәлелдейтініміз – қазақ хандығы Алтын Орданың орнындағы ең соңғы хандық және орысқа бағынған Алтын Орда құрамындағы ең соңғы хандық екендігін, яғни қазақ хандығы Алтын Орданың немесе Жошы ұлысының заңды мұрагері екендігін дәлелдеу. Алдағы дүбірлі тойда осы пікірді түбегейлі дәлелдеп алуымыз керек. Иә, Қазақ хандығының құрылу тарихы оған қатысты Керей, Қасым, Бұрындық, Кенесарыға дейінгі дәуір айтылу керек, дегенмен де біз концепция тұрғысынан алғанда кімбіз, қайдан пайда болдық осыны түбірлеп алу керек. Менің ойымша, қазіргі қазақ тарихшыларының алдында тұрған ең басты міндет осы. Сонда біз әлемге  империяның мұрагері ретінде қабылданамыз.  «Империяның мұрагері ретінде қабылданамыз» деген сөз ол – ежелден заңды мемлекеттің жалғасы екендігін айшықтайды.  

Бүгінгі таңда тарихшылар тарапынан көптеген пікірлер айтылып жатыр. Біз ойымыздың буыны мен етек-жеңі әлі жиылмаған жұртпыз. Екінші қазақ хандығының ұстанған ішкі-сыртқы саясаты, үшінші – хандықтан қалай айырылдық, төртінші – тәуелсіздік. Бесінші – Алтын орданың мұрагеріміз дегенді қоссақ, осы бес мәселе – біздің заңды тарихымызда айтылуы тиісті деп ойлаймын. Ал, қазір орыс ғалымдарының өзі екіге бөлініп, алды монографиялар шығарды. Сол еңбектердің он шақтысы жазда қолыма түсті. Соның ішінде ерлі-зайыпты Пашакаев дегендер бар. Сол өзінің еңбегінде: «Жошы ұлысының кеңістігінде яғни Алтайдан бастап, Қырым хандығына дейінгі ұлы территориядағы Жошы ұлысының ең соңғы және бірден-бір заңды мұрагері болып табылатын – Қазақ хандығы», – деп жазыпты. Міне, осы пікірді ұстанып алып, біз осы идеяны жалғастыруымыз керек. Бұл – ұлы идея. Ал, орыс ғалымдарының екінші бір тарапындағылар былтырдан бастап бізге қарсы саясат жүргізгені белгілі. Ол саясат бүгінде доғарылды.

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толғандығын атап өту туралы  шешімнің аяқ астынан қабылдануының өзіндік тарихы бар. Бұл – қазақ ұлты үшін жұмыс істейтін оқиға. Олар Жошы ұлысының астанасы Ресейдің жерінде демек, Алтын Орданың заңды мұрагері Ресей дейді. Бұл – ұлы  империялық көзқарастағы шаруа. Оны да зерттей отырып, жаңағы орта ғасырдың маманы Пашакаев сияқты зерттеушілердің пікірін біз дамытуымыз керек. Менің мүмкіндігім болса айтар едім, Пашакаевтің сол сөзін әр ғалым эпиграф ретінде алып, сол пікірді әрі қарай тереңдетіп талдасақ және сол туралы жинақ шығарсақ ұлы дүние болар еді. Ал, қалған Қазақ хандығының ішкі мәселелерін өзіміз кез-келген уақытта және мәңгілікке тарқатуымызға мүмкіндік бар. Алдымен жаңағы пікірді заңдастыру керек. Мен бұл туралы алғаш осы қаулы шыққан кезден бастап айтып келемін.

Жақында бір еңбегімді тәмамдадым, таяуда жарыққа шығып қалар. Онда Қазақ хандығына дейінгі  жоңғар деген сөз қалай шықты, және ол Қазақ хандығына қалай килікті? Мұны мен жазушы болғандықтан көркем көзқарас ретінде әрі дерекпен бірінен кейін бірін жалғастырып отырып жаздым. Енді Алтын Орда қалай ыдырады, орнында кім қалды? Осыған бір айдың ар жақ бер жағында сол дүниені шағын да болсын аяқтасам, содан кейін барып Қазақ хандығының құрылу мәселесіне келеміз. Ал, оның тұжырымдамасын жасаған  Болат Көмеков секілді мамандар бар. Осы мәселе бізге аса керек деп ойлаймын.

«Ел қамын жеген Едіге»

20-22 тамызда Жезқазған даласында Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты үлкен шара өтеді. Былтырдан бері айтып келе жатқаным осы кезде бар-жоқты аямай Өліқияқтағы Әбілқайырға да, Қозыбаққа дейінгі 5-10 жылдың ішінде ту тігілген тарихи жерлердің барлығына белгі қоюымыз керек. Сол белгілерді қойып, ресми түрде ашып отырса Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған орынды құрмет деуге толық негіз бар. Біздің жиналып алып сөйлеп, ішіп-жегеніміздің ақшасын соған бөлсін. Сонда әр жерге тіпті ай дала болсын белгі тастау керек. Ең ұлы ескерткішті Ұлытаудың басына ер Едігеге қою керек. Басына «Ел қамын жеген Едіге» деп бір ғана сөзбен жазу керек. Болды. Ол жерде Тоқтамыс та болған, Ақсақ Темір де болған, қалмаққа қарсы ұлы көтеріліс те сонда басталған. Сол бетпақ даладағы ескерткіштерге, Торғай даласындағы, Сығанақтың маңындағы, Түркістандағы, Мыңбұлақтың төңірегіндегі, Аңырақайдың маңына ескерткіштерді орнату керек. Шығыста жоңғармен алғаш соғысқан Жәңгір хан, Жалаңтөс батыр секілді тарихи тұлғаларға қазақтың барлық жерінде ескерткіш пен ұстындар орнату керек. Ескерткіш дегенде атқа мініп, қолына найза ұстап тұрған мүсін емес, Күлтегіннің тасы секілді ұстындар қойылса, лайықты құрмет деп білер едім. Еш қиындығы жоқ, үлкен алып тасты алсын да қашап қойып қойсын. Міне, бұл – ұлы іс болар еді.   

Пікірін жазып алған Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға