Қызылордада түрмеге 10 ұялы телефон және қуаттағыш құралдарын өткізбек болған екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды EL.KZ.
Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен мәлімдеді.
13 шілде күні Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесі жедел бөлімінің қызметкерлеріне шұғыл ақпарат түскен. Мекеме аймағында жүрген 2 адам күдік тудырған. Мекеме қызметкерлері жедел түрде 102 нөміріне хабарлап, мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды. Ұсталғандардың бірін тексеру барысында скотчпен оралған заттан 5 ұялы телефон, 3 қуаттағыш құрылғысы және екінші күдікті ер адамның сөмкесінен пластикалық бөтелкеге жасырылған тағы 5 телефон, 3 қуаттағыш пен 2 құлаққап тәркіленді, - делінген департамент хабарламасында.
Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабына сәйкес екі күдіктінің іс-құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық әкімшілік сотына жолданды.