Жаңалықтар

Түркістан облысында қаржы пирамидасы ісі бойынша 25 адам сотталды

Айыпталушылар «Evolution Corporation» және «Индиго 24» қаржы пирамидаларын құрып, халықты алдап келген
Түркістан облысында қаржы пирамидасы ісі бойынша 25 адам сотталды
Фото: 24.kz 07.10.2022 20:54 1602

Түркістан облысында қаржы пирамидасын құрып, жұмысын жүргізген 25 адам сотталды. Тергеу барысында айыпталушылардың екі мыңнан астам жәбірленушіге 3 млрд теңгеден астам шығын келтіргені дәлелденді, деп хабарлайды El.kz

Айыпталушылар 2017-2020 жылдар аралығында «Evolution Corporation» және «Индиго 24» қаржы пирамидаларын құрып, халықты алдап келген. Атап айтқанда Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Астана және Алматы қалаларында қаржы пирамидаларының жұмысын жүзеге асырып келгені анықталды. Оларға қатысты қылмыстық іс мыңнан аса томға жинақталып, облыстық сотта бір жылдан аса уақыт бойы қаралды. Нәтижесінде сот ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы мен екі құрылтайшысын 12 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыстық топ басшысының сенімді серігі болған 5 адам 10 жылға жаза арқалады. Қалған 17-сі 8 жылға қамалды. Олар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді. Сотталушылардың ең үлкені – 55 жастағы әйел болса, ең жасы – 31 жаста. Барлығының дүние-мүлкі тәркіленіп, жазасын өтеп шыққан соң 7 жылға дейін қаржылық ұйымдарда жұмыс істеуіне тыйым салынды. Бүгінгі сот үкіміне сай үйқамақта отырғандары сот залынан дереу қамауға алынды.

Айта кетейік, екі мыңнан астам жәбірленуші полицияға 2020 жылдан бастап арыздана бастаған болатын. Олар «Evolution Corporation» мен «Индиго 24» ЖШС қаржы пирамидасының құрбаны болғаны жөнінде арызданып, тергеуді Түркістан облысы полиция департаментінің тәжірибелі тергеушілер тобы жүргізді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты. Нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді. Тергеу кезінде айыпталушылардың бірнеше жылдар бойы салымшыларға ақшалары еселеп қайтатынын уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 миллиард теңгеден асатын қаражатты иемденгенін анықталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға