Жаңалықтар

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түрген шатқалы – Алматыдан шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан,
03.07.2015 09:15 19439

El.kz интернет жобасы Қазақстанның көркем табиғатын насихаттау, оны қорғау, баршаға таныстыру, марқая мақтану мақсатында еліміздің тылсым сырға толы, таңғажайып табиғатына «саяхат» жасауды жалғастыруда. Бұған дейін «Шарын шатқалының шартарабы», «Әуезді Әнші құм», «Бесшатыр», «Көлсай көлдері», «Бұқтырма көлінің маржан суы» т.б. мақала, фоторепортаж, фотоальбом жарық көрді. Аустралиядан келіп қазақ жерінің әдемілігін, табиғатының тартымдылығын суреттер арқылы шебер сөйлете білген саяхатшымен «Қазақ даласын суретке түсірген жихангез кім?» атты көлемді сұхбат жарияланды. Қоршаған ортамызға қатысты айдардың бүгінгі саны «Түрген шатқалына» арналады.

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы«Жер жәннаты - Жетісу» атанған Алматы облысының табиғаты сан алуан. Бұл аймақтан қаңсыған шөлді де, көсіле аққан көлді де, зәулім тауды да кездестіруге болады. Сондықтан, Алматы облысының көркем табиғатын тамашалауға еліміз бен шет елден келушілер саны күннен-күнге артып келеді.

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түрген шатқалы – Алматыдан шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан,  Іле Алатау табиғи паркінің көрікті жерлерінің бірі саналады. Табиғаты көрікті, ауасы саф, суы таза Түрген шатқалы флора мен фауна әлеміне өте бай. Мұнда құрғақшылыққа төзімді Семенов үйеңкісі, Мушкетов кургавкасы, жабайы өрік ағашы, Сиверс алмағашы, қайың мен терек, қылқанжапырақтылардың түрлері, оның ішінде шырша қаулап өседі. Түргенде бұтасын өсімдіктерден қарақат, бөріқарақат, таңқурай, бүлдірген, қойбүлдірген, итмұрын т.б. өседі. Жануарлардан қоян, борсық, тиын, қабан, тауешкі, қасқыр, аюды және жылан мен құстың түрлерін кездестіруге болады.

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түрген шатқалы тек демалуға ғана емес, емделуге де өте қолайлы жер. Іле Алатауынан бастау алатын Түрген өзенінің ағысы қатты, орташа ағу жылдамдығы 3 м/с. Өзеннің жағалауын қаулай Тянь-Шань шыршасы өседі.

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Мұнда рафтинг спорты бойынша үнемі жарыстар ұйымдастырылып отырады. Түрген өзенінің сол жақ жағалауындағы магистраль жолынан 19 км. қашықтықта аса терең жерден шығып жатқан жылы киелі бұлақ суы ағзаға өте шипалы болып саналады. Шатқалдағы патша форелін, сазан мен тұқы балығын өсірумен айналысатын шаруашылық, тұйеқұс шаруашылығы мен атқа мініп саяхаттау туры да келушілерді өзіне тартып тұрады.

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түргенде барлығы жеті сарқырама бар. Биіктігі мен әдемілігіне қарай мұндағы екі сарқырама қалғандарынан ерекшеленеді. Соның бірі «Аюлы» сарқырамасы. Бұрындары мұнда аюлар көптеп мекендегендіктен «Аюлы» атауына ие болған. Оның биіктігі 40 метр. Саяхатшылардың басым бөлігі дәл осы сарқыраманың маңында демалады. Географтардың болжамы бойынша, сарқыраманың жасы екі миллион жылға жететін көрінеді.

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

«Қайрақты» сарқырамасының биіктігі 55 метрге жуық. Сарқыраманың ағу қарқындылығының басымдығылы соншалық, тіпті жартастан туннель жарып шығарған екен. Дәл осы туннельді көруге ниет білдірушілердің саны өте көп. 

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Сарқырамаға барар жолда Шыңтүрген шыршалы орманы кездеседі. Шыршалар қынаның үстінде өсуімен ерекшеленеді.

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуыҒалымдардың айтуы бойынша мұз дәуірі кезеңінде шатқалға күн сәулесі түспегендіктен жарық пен құнарлы топырақты қажет ететін шыршалар жерде өсе алмай, қынада өсуге бейімделген екен.  Шыңтүрген қына шыршалары табиғи ескерткіш болып саналады, ол ЮНЕСКО мен мемлекет қамқорлығына алынған.

Түрген – қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы

Ескерту: қыналы шыршаларды аралау үшін Іле Алатау саябағының әкімшілігінен рұқсат алу міндетті. Рұқсатсыз аралаған адам ҚР заңымен жазаланады.

Түргеннің табиғаты адамзат тарапынан аса өзгеріске ұшырай қоймаған, табиғи қалпын барынша сақтап қалған. Сондықтан оның қазіргідей керемет баз қалпын құртпай, болашақ ұрпаққа жеткізу өзіміздің ғана қолымызда екенін ұмытпайық!!! 

 Дайындаған: Құлжанбай тегі Арайлым

Суретке түсірген: Нұрланбеков Мұрагер

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға