Жаңалықтар

Тұмарды не үшін тағады?

Киелі саналатын дәстүрлі ырымдардың бірі – тұмар тағу.
13.10.2015 11:00 26666

Адамға, малға тұмар тағу ертеден келе жатқан дәстүрлі әдет. Ол көбінесе адамға (әсіресе жас балаға), малға көздің сұғынан, тілдің уынан сақтасын деп тағылады. Оны оқыған молдалар, ишандар, емшілер дұғалап береді. Тұмарды мойынға, бас киімге, киім жағасына тағады.

Тұмар көз тимесін деп жүйрік атқа, жаңа туған ботаға, құлынға, сүтті бие мен сиырға да тағылады. Мұндай әдеп-ғұрып ел арасында әлі де бар және одан келер зиян жоқ екенін жұрт білуі керек.

Тұмарды не үшін тағады? 

Тілімізде тұмар түрлеріне байланысты қалыптасқан мынадай атаулар бар:

Жастық тұмар – төртбұрышты түсті металдан жасалған көркемдік бұйым.

Қиық тұмар – сәндікке мойынға тағылатын жылтырауық заттардан істелетін тұмар.    

Лағыл тұмар – лағыл таспен безелген тұмар.

Сіркелі қолтық тұмар – бетіне сіркелеп өрнек салынған тұмар.

Алтын тұмар – күміс бетіне алтын жалатқан, алтынмен әшекейленген тұмар.

Тұмарша – асыл тасты күмістен жасалған, мойынға тағылатын әшекейді көбінесе қыздар таққан.

Тіллә тұмар – алтынмен апталған тұмардың бір түрі (Р.Шойбеков).

Мұнымен бірге тұмардың үш бұрышты немесе қиықшалап жақсы, қымбат матадан, былғарыдан жасалатын түрлері де болады.

Сан ықылым заман бұрын, қағаз жоқ, тауар хат кезеңде сауда-саттық жасап алысқа сапар шеккенде немесе соғыс жорықтарына аттанғанда бабаларымыз мал терісінен жүрекке ұқсатып үшбұрышты етіп тігілген қалташыққа туған жердің топырағын толтырып алып шығатын болған. Соны тұмар деп атаған. Туған жерге деген шексіз құрметтің, перзенттік парыздың белгісі болса керек бұл.

 Тұмарды не үшін тағады?

Аты аңызға айналған, бүкіл әлемге мәшһүр ғалым, ғұлама әл-Фараби туралы халық аузында сақталған мынадай бір әңгіме бар. Ұлы ұстаз қартайған шағында бір топ шәкірттерінің басын қосып: «Сендерге аманатым бар, егер құпиясын сақтап, шартын орындасаңдар айтамын»,– дейді. «Аманатқа қиянат жасауға болмайды, айтқаныңызды орындаймыз»,– деп шәкірттері уәде береді. Сонда ұстаз оларға көннен тігілген тұмарды ұсынып, қабірінің басында ғана ашуды өтінеді.

Арада көп уақыт өтпей-ақ ұлы ұстаз дүниеден өтеді. Марқұмды арулап, жерлеу рәсімі кезінде уәде бойынша әлгі тұмарды ашып қараса, ішінен тілдей қағаз шығады. Қағазда: «Бұл туған жерім – Отырардың топырағы еді. қабіріме осыны салыңдар»,– деп жазған екен. Өтініші үлкен тебіреніспен орындалады. Данышпанның аты данышпан, өмірден өтіп жатып та туған жердің қасиетін кейінгілерге ұқтырып кетіпті.

Тұмар атауының төркіні туған жермен байланысып жатқанын белгілі жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбеков өзінің «Барың мен жоғыңды парықтау» деген мақаласында анық жазған. Тұмар сөзінің байырғы түркі тілінде туған жер деген мағынаны білдіретінін ол – тума + иер деген екі сөзден пайда болғанын айтады ғылым докторы.

Тұмарды не үшін тағады? 

Тұмар исі қазақтың киелі де, құнды, асыл да ардақты жәдігері.

Ғалым- этнограф А. Сейдімбек: «Тәңірлік наным-сенімдегі әрісі – түркілер, бергісі – көшпелі қазақ үшін - күн, көк, от, су сияқты жер де киелі. «Қара жер» киелі жер деген мағынада. Байырғы көшпелілер тағатын тұмардың ішінде туған жердің бір шөкім топырағы болған. Тұмар сөзі байырғы түркі тілінде «тума иер» - «туған жер» деген сөздердің кірігуінен шыққан. Кейін ислам дінінің орнауына байланысты тұмардың ішіне дұға салып жазу дәстүрі қалыптасты», деген мәліметтер береді. VІІІ ғасырда Орта Азия және Қазақстанның оңтүстігіне ислам дінінің еніп, одан әрі тарауына  байланысты дін басылары сырқаттанған адамдарды кітап ашатын молда, ишандарға  барып қаралуын қатты қадағалады. Науқасқа емдейтін дұғаларды сиямен қағаз бетіне түсіріп, оны суға езіп ішуге немесе  үшбұрыштап тігілген терінің,матаның ішіне салып  бас киімге, кеудеге тұмар қылып тағып жүруге кеңес берді. Бұл кезде  көпшілік тұмарды  арабша дұға  жазылып, үшбұрышқа келтіріп бүктелген қағаз деген түсінік болды. Ал кейінірек дұға үшбұрышты және дөңгелене темірден (алтын, күміс,мыс,)жасалған қорапшаларға салынып, оны тұмар деп атаған. Бұдан қазақ даласында ислам дінінің кеңінен тарауы мен орнауына байланысты болжамды байқауға болады. Халық түсінігі бойынша, малдардың ауруы кей жағдайда көз тиюден болады деп есептелген. Көз тимеу үшін ботаға, түйеге, сиырға, жүйрік аттарға әр түрлі тұмарлар тағылған. Мысалға, ботаға үкі тағып, біраз уақыт жұрттан оңаша ұстап тұмар таққан. Ол тұмар – жіпке өткізілген қара дөңгелек тастар. Бөгде біреу ботаны көріп қалса «тіл-көзім тасқа» деп жерге түкірген. Егер олай етпесе үй иесі одан жаңағы сөзді айтып, жерге түкіруді талап еткен. Сүтті көп беретін сиырға да жеті қара тасты салып, үшбұрыштап тіккен тұмарлар тағып қою әдеті болған. Бұл  қазіргі кездегі жиі қолданысқа ие «тіл-көзім тасқа», «тілім тасқа тисін», «көзім тасқа түссін» деген тіркестердің шығу төркіні ретінде қарауға мүмкіндік береді.

Киелі саналатын дәстүрлі ырымдардың бірі – тұмар тағу. Қазақ халқында «көз тию», «тіл тиюден» сақтау барысында тұмар таққан. Жас бала не жаңа туған төлді көз тиюден, ауру-сырқаудан сақтайды деген ұғыммен ішіне құран сөзі жазылған, үш бұрышты мата не былғарымен тысталған дұғалық қағазы бар тұмар таққан.Сондай-ақ  жас балалардың киіміне үкі, моншақ, есектас, сырға, білезік сияқты әшекей бұйымдар тағу да  тіл, көз тиюден сақтайды, деп есептелген. Мысалы қазақтар есектас деп аталатын тасты жас балалардың киіміне тұмар ретінде таққан. Ш.Уәлиханов кезінде ол туралы: «Қазақтар көзден және тілден сақтау үшін «есектас» деп аталатын тасты тағады. Олардың сенімінше, тас есектің қарнына жүреді, бірақ саудагерлер «есектас» деп, шыны сырымен сырланған көк қышты алдап сатады»,- деген  құнды этнографиялық мәліметтерді шығармаларында келтірген.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға