Сыртқы істер министрінің орынбасары Румыния елшісімен кездесті
Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Румынияның Қазақстандағы Елшісі Мадалина Лупумен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тараптар елдер арасындағы ынтымақтастықтың серпінді және үдемелі дамуын атап өтіп, екіжақты форматта және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйі мен әлеуетін талқылады. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ инвестициялар, көлік және логистика мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сұхбаттастар биыл 17 наурызда Бухарестте өткен Қазақстан мен Румыния сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі саяси консультациялардың 8-ші раундының қорытындылары бойынша пікір алмасқан.
Өзара қызығушылық тудыратын салаларда тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделілік расталып, биік және жоғары деңгейлерде екіжақты кездесулерді дайындау мәселелерін қоса алғанда, 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар кестесі талқыланды.

