Жаңалықтар

Сыртқы істер министрі БАӘ-ге жұмыс сапарымен барды

Сұхбаттасушылар өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты
Сыртқы істер министрі БАӘ-ге жұмыс сапарымен барды
Фото: gov.kz 04.11.2022 10:33 1545

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды. Оның барысында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы және саяси консультациялардың 5-ші раунды өткізілді, деп хабарлайды El.kz. 

БАӘ Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздерде екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сұхбаттасушылар өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. М.Тілеуберді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға жолдауын табыстады.

Саяси консультацияларда Әмірліктер делегациясын БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазруи басқарды. Тараптар халықаралық аренада екі мемлекеттің өзара түсіністігі мен өзара қолдауының жоғары деңгейін атап өтті. Жоғары деңгейде тығыз саяси диалог жолға қойылған. Көпжақты құрылымдар аясында тиімді серіктестікті одан әрі дамыту туралы келісімге қол жеткізілді.

Сонымен қатар М. Тілеуберді мен С. әл-Мазруидің тең төрағалығымен Бірлескен үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы өткізілді, оның қорытындысы бойынша тиісті Хаттамаға қол қойылды. Үкіметаралық комиссия Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі уағдаластықтарды бекітті. Білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, тау-кен металлургия кешені, көлік және логистика, құрылыс және т.б. салалардағы перспективалы бірлескен жобалар анықталды.

2022 жылдың 6 айында БАӘ-ден ҚР-ға тікелей шетелдік инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 128,7 млн АҚШ долларын құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында тауар айналымының көлемі 550,1 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 514,6 млн доллар, импорт – 35,5 млн доллар).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға