Жаңалықтар

Светқали Нұржан: Көрісу – ұлық мейрамның бір бөлігі

Светқали Нұржан: Көрісу – ұлық мейрамның бір бөлігі
Фото: halyq-uni.kz 14.03.2023 18:16 16600

14 наурыз Қазақстанда Көрісу күні атап өтіледі. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атап жатамыз. Мерекеге орай El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Отан» орденінің иегері, айтулы ақын Светқали Нұржанға хабарласып, сөзге тартты.

– Светқали аға, Көрісу күнінің шығу тарихын айтып бере аласыз ба?

– Ұлыстың ұлы күні мейрамының тарихы тым әріде жатыр. Бұл сонау Мөде қаған, Озған пайғамбарлардың, Алып Ер Тоңғалардың заманынан бері жалғасып келе жатыр. Тұрсын Жұртбай ағамыздың «Көмбе» кітабын ақтарсаңыз, бірақ ақпаратқа қанығар едіңіз…

Әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз – ең ұлық мейрам» деп жазған. Парсылар жыл басын наурыздан бастайды. Біз Ұлыстың ұлы күні дейміз. Амал (хамал) – арабша атау. Бұл күнді Батыс Қазақстанда 14-інде тойлап келген. Ал Солтүстікте, Арқада ұмытылып қалған деген мәселеге келсек, бұл кешегі Сарыарқаны орыс алған кеспірсіз, келеңсіз кезеңдердің әсері болуы мүмкін. Қыстың ұзаққа созылуынан болуы да ықтимал. Содан кейін күн мен түн 22 наурызда емес, 14 наурызда (бұрынғы күнтізбе бойынша 1 наурызда) теңеседі. Ал 22 наурызда күн түннен 20 минутқа озып кетеді. Сондықтан бұл – басы ашық жайт. Күн мен түн 22 наурыз күні теңеседі екен, содан жаңа жыл келеді деу бекер. 

– Бұл күнді нақты қалай атаған жөн? Көрісу ме, қауышу ма, амал ма? Неге әртүрлі атап жүрміз?

– Ахат ақсақал Құдайбердиев Шәкәрімұлы әкесінің аузынан жазып алған әңгімелерді баяндап, естелік жазған. Сонда анық асық-әулие, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы, Құнанбай немересі, Абайды інісі соқырға таяқ ұстатқандай қылып, қазақтың, түркінің жаңа жылы, яки Ұлыстың ұлы күні бұрынғыша 1-ші, қазіргіше 14 наурыз деп күнтізбелердің ауысуына байланысты жылжыған уақытты түгел көрсеткен. Ал кейбір сөздердің реңкінің өзгеруіне келейік. Кей өңірлерде қайтыс болған адамның жақындарына көңіл айта барған жүздесуді көрісу деп айтады. Бір сенаторлар Президентке білместікпен Көрісу мерекесін атап өту керек екені жайлы хат жазған. Негізінде Көрісу күні деген мереке жоқ. Көрісу деген – ұлық мейрамның бір атрибуты ғана. Бұл күн - ұлы істің, ұлы күн мерекесінің, яки жылдың бастауы саналатын мезгіл. Самарқанның көк тасының жібіген күні, самалық құстың сәулесі суға түскен күн, балық қарнымен су бетінде аунаған күн, балпақтың інінен шыққан күні, наурызбек торғайдың келген күні, тобылғыға қауырсын қадалған күн деп те аталған. Айта берсек шеті жоқ, осындай киелі, тылсыммен байланысы көп айрықша күн. Ал көрісу – осындай алғышарттардың бірі. Мұның астарында қыстан аман шыққан елдің бір-бірімен жамырап көрісуі жатыр. Ренжіскен, өкпелеген адамдар осы күні табысып жатады. Бұрын ренжіскен ағайындарды Амал күні, яғни Наурыз күні жора бойынша үлкендер бір-бірімен жолықтырып, татуластырып жататын. Бір-бірін «Кештік! Кештік! Кештік!» деп құшақтасқандарын бала күнімізде көріп өстік. Бұл әлі күнге дейін Маңғыстау өлкесінде тоқталмаған үрдіс.

– Амал мерекесіне тән тағы қандай ерекшеліктерді атар едіңіз?

– Дәл осы күні әр үй ескі, кертік ыдыстарын жойып, үйдегі заттарды сыртқа шығарып, күннің көзіне жаятын. Наурыз көже дайындалатын. Балалар таңертең 40 үйді аралап, үлкендерге сәлем беріп, батасын алатын. Сондай бір шат-шадыман күй кешетін мейрамның бірі – Амал. Бұл күндері бұрын Маңғыстауда «Амалдың ақша қары», кейде «Құсқанаты» аталатын қар жауатын. Ол түске дейін еріп кетуші еді. Сөйтіп, бүкіл дүние жаңа тыныспенен, жаңа өмірді бастайтын. Осылайша, табиғаттың төл перзенті түркі халықтарының жаңа жылы 14 наурызда келеді. Сондықтан тұтас қазақ Ұлыстың ұлы күні, Жаңа жыл, Наурыз, Амал деген қосымша атауларды жатсынбай-ақ қолдана берейік. Бірақ негізінен Ұлыстың ұлы күні деген атауды қолданайық. Ал осы мейрамды қазақ елі 14 наурыздан бастау керек. 22 наурызды бұрынғылар «Қызылбастың» (Иран халқы-ред) жаңа жылы деп атайтын. Оны Шәкәрім қажының ұлы Ахат ақсақал да жазды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлында да осыған қатысты көп деректер бар.  Шәкәрім қажының «Әділ мен Мария» романында осы 14-наурызда жаңа жылдың басталатыны туралы және ырым, салт, әдет-ғұрыптары суреттеледі.

– Бүгінде осы мейрамды қалай атап өткен жөн?

– Бұл мереке мозаикалық сипаттағы немесе қолдан құрастырылған жасанды, әлекей-күлекей нәрседей емес, табиғи, ұлттың рухын тірілтетін, ұлттың ішкі көздерін ашатын мерекеге айналдыру керек. Ол үшін қоғам, мемлекет, билік, зиялы қауым дұрыстап ойланып, әрекет жасауы керек. Құдайға шүкір, бұл тақырыпты зерттеп жүрген азаматтар да баршылық. Серік Ерғали сияқты азаматтар бар. Осындай ғалымдардың пікірін, бұрынғы қолжазбаларға қарап отырып, бұрындары елдің бұл уақытта не істеп-не қойғанын зерделеген жөн. Сосын еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қатысатын үлкен мейрамға айналдыруымыз керек. Тоң кетіп, бүкіл дүние тірілетін жылдың басы, жүрегімізді жібітетін мейрам ретінде қарсы алып, қабылдауымыз керек... Осынау ұлық мереке баршамызға құтты болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға