Жаңалықтар

Сүйікті десертіңіз бен фаст-фудтан бас тартудың қажеті жоқ - нутрициолог

Сүйікті десертіңіз бен фаст-фудтан бас тартудың қажеті жоқ - нутрициолог
Фото: © iStock 15.12.2023 12:45 2406

Көпбалалы ана, нутрициолог Арайлым Мұратқызы тағамдарға қатысты мифтер мен жалған деректер туралы айтып берді. Маманның айтуынша, қарапайым адамдар маркетингтің құрбанына айналған.

EL.KZ: Нутрициология саласына қалай келдіңіз? Сіз басқа нутриуциологтарға қарағанда мүлде бөлек ұстанымдасыз. Көпшілік зиян дейтін өнімдерді балансты сақтау, қолдануға кеңес бересіз. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз. «Қазір жейтін тамақ қалмады ғой» деп жатады, сол рас па?

Арайлым Мұратқызы: Нутрициологияға мен бірінші практика арқылы келдім. Екінші жүктіліктен кейін артық салмақ болды. Соны шешу үшін іздене бастадым. Аллаһ сәтін салып, алдыма сауатты дұрыс ақпараттар келді. Өзіңіз айтқандай, тағамтану саласы түрлі ұстанымдарға, мифтерге толы. Кейбіреулері тіпті ақылға қонымсыз. Маған ғылымға және заманауи талаптарға сай келетін жол бұйырды. Салмақ тастау мұншалықты оңай болатынын, ләззат әкелетінін білмеппін. Сөйтіп өзім салауатты тамақтанып жүрдім. Менің тарелкаларым жолдасыма да ұнай бастады. Ол да қосылды. Кейін байқап отырсам, балаларымның да рационында жақсы өзгерістер пайда болған екен.  Өмірімізде болып жатқан бұл жағымды динамика маған әрине ұнады. Тағамтану саласын тереңінен зерттеуді қаладым. Салауатты тамақтану оңай әрі жеңіл екенін басқаларға да үйреткім келді. Нәтижесінде Мәскеудегі мемлекеттік университетке оқуға түстім. Қазіргі таңда нутрициологтың дипломы бар. Әрине бір оқу жеткіліксіз. Себебі бұл сала үздіксіз ізденісті талап етеді. Әрдайым оқу үстінде жүремін. Өзіңіз байқағандай, менің ұстанымым басқа нутрицологтардікіне ұқсамайды. Ұқсамайды дегенде менің ұстанымым нутрициологияның бір жаңаша түрі деген сөз емес.

Нутрициология - ол ғылым. Ғылым - ол әрдайым біреу. Мысалы, математика секілді. Біз Американың матетикасы, Еуропаның математикасы, Қазақстанның математикасы деп бөлмейміз ғой. Нутрициология да дәл солай. Ресми, халықаралық институттардың ортақ ұстанымдарына сай нутрициология - біреу. Мен де ресми нутрициологияны ұстанамын. Және блогым сол ұсыныстарды қазақ тілінде жеткізіп жүрген жалғыз парақша. Жалпы бұл жағдай мен үшін оңай емес. Дегенмен қызықты. Оңай емес дегенім - адамдарда үйреніп қалған стереотиптер бар. Оларға қарсы аргумент айтқанда, саналарында көп қарсылық туындап жатады. Әсіресе «азық-түліктерді жаман-жақсы деп бөлетіні» қатты сіңіп қалған. Қазір тағамтану саласы азық-түліктерді жаман-жақсы, пайдалы-зиян деп бөлуден алшақтады. Абсолютті пайдалы, абсолютті зиян деген продукт жоқ. Барлығы порция мен жиілікке келіп тіреледі. У деп есептелетін бір-ақ продукт бар. Ол - алкоголь. әрине, наша-темекілерді есептемегенде. Қазіргі таңда диетология-нутрициология саласы қатты коммерцияланып кеткен. Өз инфо-өнімін сату үшін (курс, кітап, марафон, тағы басқа), БАД өнімдерін сату үшін түрлі қорқынышты контенттер жасайды. Ол контент үрейлі эмоцияны оятатын лид-мессенджден тұрады. Мысалы «Үйіңізде сұйық май болса, дерек лақтырыңыз!», «Абайлаңыз! Ашытқы ағзаңызды улап келеді!», «Мына зиянды ыдыс-аяқтар асүйіңізде болмауы керек», тағы басқа. Сөзсіз, мұндай триггерлі тіркестер адамға әсер етпей қоймайды. Ол адам шынымен де әлгі азық-түліктерден шошып, пайдаланудан бас тартады. Баламалар іздей бастайды. Көп жағдайда ол баламалары арзан емес.

Ал кейбір адамдар қорыққанмен, пайдалануды жалғастыра береді. Бірақ қандай сезіммен? Олар әрдайым уайымда жұреді. «Отбасымды улап жатқандаймын», «балаларыма бауырсақ пісіріп берген сайын, іштей өзімді жаман ана ретінде сезінемін» деген сынды хаттарды жиі аламын.

EL.KZ: Көбіне қандай мәселелер бойынша кеңес сұрайды? Дұрыс тамақтанудың да түр-түрі бары белгілі...

Арайлым Мұратқызы: Өткен жылы дәл осындай уақытта консультацияға 50 жастағы ана келді. Өзі мұғалім екен. Яғни көзі ашық, оқыған-тоқыған адам. Тамақтану күнделігімен танысқан кезде глютеннен, ашытқыдан бас тартқанын байқадым. Көп азық-түліктерден өзін тым шектеп тастаған. Және де оған бір медициналық себеп те жоқ. Сап-сау адам. Алайда өте жүдеу. Соңғы жылдары қатты салмақ тастадым, бір тығырыққа тірелгендеймін дейді. Осы тамақ төңірегінде бала-шағасымен, жолдасымен көп сөзге келетін айтты. «Ананы жеме, мынаны жеме», «Тамақ емес, қоқыс! Оны неге үйге әкелесіңдер!?» деген сияқты сөздерді пайдаланады екен. Кейде тіпті бөлек тамақ ішетін жағдайға жетіпті. Кешкі 17.00-18.00-ден кейін тамақ ішпейді екен. Психологиялық тұрғыда жағдай өте ауыр еді. Ол кісі оны жақсы түсінетін. Шаршадым деді. Адамның соншалықты шатасқанын көру қиын екен. Өз тарапымнан барынша түсіндіруге, дәлелдер келтіруге тырыстым. Алайда барлығын түсініп тұрса да санасында қалыптасып қалған тосқауылдарды ақыры жеңе алмады. Бұл нағыз РПП (расстройство пищевого поведения). Психиатрдың компетенциясы. Біздің адамдар психиатрдан қорқады. Сондықтан ең болмағанда «тағамдық мінез-құлықтың бұзылуы» сұрақтарымен айналысатын психологқа баруын сұрадым. Интернет желісінде тарап жүрген «Қазіргі азық-түліктерде, жеміс-жидектерде дәрумен қалмаған!» деген ұғымның астарында үлкен проблемалардың бастауы жатыр. Тамақ орнына таңнан кешке дейін 125 БАД өнімдерін нанша жеу тренді жақсылыққа апармайды. Жаман-жақсы азық-түлік жоқ деген сөз барлығын жөн-жосықсыз жей бер дегенді білдірмейді. Мүлдем!

Бұл - орта жолды ұстануды білдіреді. Айтқанымдай, барлығы жиілік пен порцияға келіп тіреледі. Ол қалай? Заманауи рекомендациялар 85/15 принципін ұсынады. Яғни, рационыңыздың 80%-85% түрлі салауатты азық-түліктерден тұруы керек, ал қалған 15%-20% fun food-қа арнасаңыз болады. Демек сүйікті десерттеріңізден, тәтті сусындардан, пицца-сушиыңыздан 100% бас тартудың қажеті жоқ. Оларды 15-20% аясында ұстау жеткілікті. Себебі қатаң тыйымдар күйзеліске әкеледі. Ал әрдайым стресске түсе берген адамның сағы сынады, өз-өзіне деген сенімділігі азая береді. Нәтижесінде салауатты тамақтануға деген құштарлығы жоғалады. Сіз жазған «қазір жейтін тамақ қалмады ғой» деген сөздер де сол адамның салауатты өмірге қолын бір сілтегендігін көрсетеді. Әріптестерім әлгі қорқынышты контенттер арқылы салауатты өмір салтын насихаттап жатқан жоқ, қайта керісінше - бездіріп жатыр. Тұтынушыларды стреске ендіруде.

EL.KZ: Қазір ана болу – өте жауапты іс. Себебі, балалардың иммунитеті мықты болуы үшін күнделікті тамақтың құнарлы әрі пайдалы болуы да маңызды. Сондықтан ас үйде жүрген аналардың еңбегін жоққа шығармасақ деймін. Себебі, ұрпақтың денсаулығы мықты болса, ұлттың дені сау болары анық. Сіз күнделікті ас дайындауда неге мән бересіз? Кеңес сұрайтын аналардың ең басты проблемасы қандай?

Иә, өте орынды айттыңыз. Асүйде жүрген аналардың еңбегі орасан. Сол үшін «отбасымның рационын дұрыстағым келеді» деп келген аналарға, келіндерге «бірінші өз тарелкаңыздан бастаңыз» деген кеңес беремін. Яғни әуелі сол ананың өзінен бастаймыз. Себебі қазан-ошақтың басында жүретін де сол аналар, келіндер.

Күнделікті ас дайындауда мән беретін дүниелерге келетін болсақ: Үйде әрдайым жемістердің, көкөністердің, түрлі шөп-шаламның болуы маңызды. Кем дегенде 4-5 түрлі дақылдардың болуы; Таңғы астың болуы (әрі салауатты болуы). Бұл күннің дұрыс басталуына және жалғасуына жақсы әсер етеді. Таңғы асқа қатысты түрлі дәлелденген қызықты деректер бар, өз алдына ауқымды тақырып. Әр тамақтанған сайын дастарханда көкөністердің болуын қадағалау. Ол әзірленген салат болуы мүмкін немесе тіпті қарапайым турай салынған көкөністер де болуы мүмкін. Формасы маңызды емес.

Жалпы кеңестер көп және ол әр отбасы үшін әр түрлі болады. Себебі адамдар да әр түрлі. Дегенмен бір ортақ сипаттамалар, проблемалар бар. Соңғы сұрағыңызға жауап беретін болсам, кеңес сұрап келетін аналардың ортақ проблемалары мынадай: Балаларының көкөністерді жегенін қалайды. Алайда өздері онша жей қоймайды. Балаларының таңғы ас ішіп, түрлі ботқа жегендерін қалайды. Алайда ата-аналардың өздерінде ондай әдет жоқ. Баланың тамақтануына қатысты талап көп, бірақ балада еркіндік жоқ. Қысым басым. Ал қысым қаншалықты көп болса, соншалықты қарсылықты көреміз. Бізде - қазақтарда - рацион өте бірсарынды. Қамыр мен етке шектеліп қалғанбыз. «Қазіргі азық-түліктерде, жеміс-жидектерде дәрумен қалмаған!» деген сөздер де жақсы сылтау болды. Бір БАДты жұта салып, санамызға «мен өзі-өзімді күтіп жатырмын» деген  қоя салғымыз келеді.

EL.KZ: Арайлым, сұхбатыңызға көп рақмет! Сізге сәттілік тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға