Балқаш көлін тұйық көл деп атайды. Ол Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан. Жалпы көл аумағының табиғаты жанға қолайлы. Бұл күн сәулесі мол түсетін аймақтардың бірі. Десек те, көлдің айналасы шөлді, қуаң дала. Бұл жерлер тек Балқаш көлі арқылы ғана нәр алады.
Балқаш өңірі де жан-жануарлар әлемі мен өсімдіктер әлемінің түрлілігімен, байлығымен ерекшеленеді.
Деректерге сенсек, бұл жерлерде жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарына дейін жолақты жолбарыстар өмір сүрген. Ал ит тұмсығын сұға алмайтын қалың тоғайды жабайы шошқалар мекендейді. Сондай-ақ, су аңғарларынан еліктерді де, сайғақтар мен қарақұйрықтарды да кездестіруге болатын.
Балқаш көлін әуелей ұшқан құстардың да түр-түрі кездеседі. Көл шетінде бірқазанның ұялары қарайады, ал бакландардың суда сап түзеп жүзіп жүргенін көруге болады.
Көл маңайында сексеуіл, жыңғыл, жусан, қарандыз, мия, түйетікен, сасыр өсімдіктері өседі. Сондай-ақ, тораңғы және жыңғылды шағын тоғайларды көптеп кездестіруге болады. Сулы жерлердің бәрінде де қамыс, жөке, құрақтар өседі. Мұндай қоғалы жерлерді сәйкесінше, сүтқоректілер, түрлі құстар мен балықтар мекендейді. Бір қызығы, сасыр мен жусандардың арасында қылтия өскен қызғалдақтарды да аңғаруға болады және бұл үйлесімділік Балқаш даласына ерекше сән сыйлайтыны да анық.
Ал бұл кереметтердің барлығына қорған болғандай, 1000 метр биіктіктен көз салған Бектауата тау алабының салтанаты мүлдем бөлек.
Біле білсеңіз, Балқаш көлі Каспий мен Арал теңіздерінен кейінгі көлемі ірі және ағыны жоқ су қоймасы болып есептеледі. Жалпы оның ұзындығы 614 шақырымға дейін созылып жатыр, ал ені кей жерлерінде 3,5 шақырымнан басталып, ал кей жерлерінде 44 шақырымға дейін жетеді.
Балқаштың тереңдігіне құрық бойламайды. Ең терең жері 26 метрден асып жығылады. Күнге шағылысып жалтырап жатқан айдын көлдің жалпы аумағы 18200 шаршы шақырым, ал жекелеген тоғандарының ауданы 413 300 шақырымды құрайды.
Оны Қазақстанның өзге көлдерінен бөлек етіп көрсететін ерекшелігі – көлдің батыс және шығыс бөліктерінің минералдарының екі түрлілігінде. Мына қызықты қараңыз, Балқаштың батыс бассейнінің суы тұщы, ал шығыс бөлігінің суы ащы. Неге дейсіз ғой, бұл судың әр бөлігінің қай су қоймасынан нәр алатындығына байланысты.
Балқаш ағынсыз дегеннен кейін оқырмандар тұрып қалған су ретінде елесетіп отырулары да мүмкін. Шын мәнінде, Балқашқа Іле, Қаратал, Лепсі өзендері келіп құяды. Ал арагідік арнасынан асып қатты тасыған уақытта Аягөздің де суы жетіп қалады. Мына қызыққа зер салыңыз, Балқаш көлі төрт облысты, яғни Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын тоғыстырып тұр.
Ал батысында Балқаш Бетпақдаламен шектеседі. Бетпақдаланың қаншалық сусыз және тіршілік иелерінің аз екендігін көзі қарақты оқырман білетін де болар.
Табиғатының өзі адамды таңдай қақтырардай кереметке ие. Мамандар көл аумағының климатын күрт континентальдыға балайды. Мәселен, жазғы, көктемгі және күзгі мезгілдерде көлге түрлі су құймаларынан ағып келіп құйылған сулардың барлығы дерлік буланып, көлдің деңгейі 12 текше километрден 200 текше километрге дейінгі аралықта ауытқып отырады екен.
Балқаш көліне суда тіршілік ететін жәндіктердің дені Іле суы арқылы келеді. Қалай болған күнде де Іле – балық шаруашылығында маңызға ие су қоймаларының бірі болып табылады ғой. Балқаш көлінің ихтиофаунасынан сазанды, амур балығын, шабақ балшықтарды, каяз балығын, шұбаржон балықты, ақбалық, ақмарқа, табан, жайын және басқа балық түрлерін көруге болады. Мамандардың дерегіне сенсек, Балқаштан жыл сайын сегіз-он мың тоннаға жуық балық ауланады екен. Оның ақбалығы мен алабұғасы Халықаралық Қызыл кітапқа да енген. Аралда жойылып кеткен арал каязы мен шабақ балықтардың тұқымы Қазақстан көлдерінде тек осы Балқашта ғана сақталған дейді мамандар.
Ал Балқаштың қамысты жағалауынан түрлі құстардың ұяларын көруге болады. Оның ішінде маусымдық көші-қон құстары да жетерлік. Таңқаларлығы, Балқашта ұя салған құстардың жиырмадан астам түрі сирек кездесетіндігіне байланысты Қазақстанның Қызыл кітабына еніп үлгерген.
Дала тағыларынан қабандар, ондатралар, киіктер жиі көзге түседі.
Ал көлдің оңтүстік беткейіндегі жағалауы мал үшін жайлы өріске, дақыл үшін құнарлы егіске айналған.
Ал жан рахатына бөленіп, демаламын дегендер үшін таптырмас жұмақ орны. Сондықтан да болар, жыл сайын мұнда келуші отандық және шетелдік демалушылардың қатары бір толастаған емес.
Ал Балқаш көлін ерте замандарда жергілікті тұрғындардың Ақ теңіз және Жұмбақ көл деп атағандарын білуші ме едіңіз?!
Ақ теңіз бұл көлдің батыс беткейінің тұрғындары берген атау болатын. Бұл батыс жағындағы судың тұщылығынан, оның мөлдір ақ түсті болуынан.
Ал көлдің оңтүстік-шығысын қоныстанғандар көлдің өздерінің еншісіндегі бөлігін «Жұмбақ көл» деп атаған. Мұнда жерасты тұщы су қоймаларының көзі жоқ, сондықтан, бұл бөліктегі су Лепсі, Аягөз өзендерінің есебінен ғана толығып отырады.
Қазақтың қай жері болмасын, сыр тұнған аңыз әңгімелермен байланыстырылады емес пе?! Сол секілді Балқаш көлінің пайда болуына байланысты да ел ішінде түрлі аңыз әңгімелер көп.
Ерте, ерте, ертеде біздің заманымыздан мыңдаған ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауында мыңғырған малы бар бай өмір сүріпті. Әлгі байдың аңыз әңгімелерге сай, күн десе, көзі, ай десе, аузы бар сұлу қызы болыпты. Қыздың есімі Балқия болатын. Оны әке-шешесі ғана емес, күллі ауыл халқы еркелетіп Балқаш деп атайды екен.
Бой жеткен Балқияға бесік құда болған бір бай сәлемдеме жеткізіп, оның әкесіне Балқияның келін болып, өз босағасын аттайтын мерзімі жеткенін ескертеді. Әрине, уәде Құдай аты, Балқияның әкесі де жерге қарап отырған адам емес, той қамына кірісіп кетеді. Сөйтсе, Балқияны айттырған жігіт көркіне көз тоймайтын сұлудың әсте де теңі емес, тілі сақау, өзі есер жігіт болып шығады. Мұны естіген Балқаш күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылады. Оның бұл күйзелістегі күйін көрген әке-шешесі, ауылдастары да мұңға батқанымен, уәдесінен тайқуға дәті шыдамаған әкесі ақ батаны бұзуға болмайды деп қасарысады. Сөйтіп, қызының көңіл-күйін көтермекші болып, жастарға Балқия үшін күнде ойын-той, думан ұйымдастыруды бұйырады. Әйтсе де, бұған Балқия сұлу серпіле қоймайды. Уәделі уақыт тақаған шақта қыз не болса да, есерге тимеуге бел шешеді. Осылайша, ол ауылдағы өзімен көңіл қосқан Ерден деген жігітке жолығып, оған «мені алып, мына пәледен құтқара көр» деп жалынады. Жігіт бұл ауылға кірме болатын, сондықтан ол Балқияны алған күнде де, қайда барып паналаймын деп қиналады. Ақыры ер көңілді Ерден Балқияны алып қашады. Олар қалың қамысты көлге барып тығылып, сол жерде қысқа дейін бой тасалай тұруға ұйғарады. «Уақыты келгенде ары қарай Ұлы жүзге өтіп, сол жақты паналаймыз» дейді Ерден қалыңдығына.
Осылайша ғашық жандар түн қараңғылығын жамылып, ауылдан қашып шығады. Әбден жол қиындығын тартып, қамысты көлге де жетеді. Осылайша, қамыстан күрке жасап, соны паналайды. Ерден күндіз аң аулап, соны талғажау етеді.
Ақыры күн салқындап, көл бетіне мұз қата бастайды. Екі жастың күткені де осы болатын. Осылайша, бұл жалғыздықтан құтыламыз деп жүргендерінде бір күні түнде олардың арқандаулы аттарына бір қабан шабуылдайды. Ерден сойылын ала жүгіреді. Қабан сояудай тісімен жігітті түйреп өтеді. Арқаннан босаған аттар осқырынып қаша жөнеледі, қабан да сол аттардың соңынан кетеді. Ерден осыдан еңсе көтере алмайды. Балқия киіз тоқымды күйдіріп, жарасына басқанымен, қан тоқтамайды. Ал жарасы күннен-күнге өн бойын дендеп, іріңдеп кетеді. Ақыры Ерден жігіт осы дерттен көз жұмады. Жалғыз қалған Балқия Ерденді арулап көміп, өз тағдырына лағнет айтып, өзіне арнап оның жанынан ор қазады. Осылайша, содан кейін жар басына көтеріліп, жарық дүниемен қоштасады. Осы сәтті күтіп тұрғандай, жар басына бір топ атты сау етіп шыға келеді. Бұл қос қашқынды іздеп жүрген топ болатын. Оларды жазбай таныған Балқия қолға түскенше, ғашығымның соңынан өлгенім артық деп жар басынан суға секіріп кетеді. Осылайша, бұл көл кейін ел ішінде Балқаш деген атауға ие болады.
Тағы бір аңыз деректерінде Балқаш есімді бай туралы айтылады. Оның ақылына көркі сай Іле есімді қызы болады. Іле сұлу бойжеткен соң, оған құда түсушілердің, сөз салушылардың қатары көбейеді. Алайда, сұлу қыз олардың біріне де назар аударып қарамайды. Осы елде жарлы-жақыбайлардың сойылын соғып, оларға үнемі көмек қолын созып жүретін Қаратал есімді жігіт өмір сүреді.
Балқаш бай сауын айтып, үлкен ас береді. Бәйгеге біс тігіп, балуандарды шаршы алаңға шығарады. Балқаштың түпкі мақсаты ерке қызына күйеу таңдау болатын. Осы аста Іленің көзі сегіз сырлы бір қырлы Қараталға түседі. Балқаш бай да қызының Қараталға ілтипат білдіргенінен оның емеурінін түсінеді. Алайда, қарасирақ Қараталды ол өз қызына қайдан тең көрсін. Қаратал да қызға өліп-өшіп ғашық болғанымен, байдың қызын бұған бере қоймасын анық түсінеді.
Ақыры Іле батылы жетіп, әкесінен Қараталға тұрмысқа шығуға рұқсат беруін сұрайды. Ашуланған бай қызынан ол кедейдің атын атамауды талап етеді.
Әкесінің көнбесін түсінген қыз сүйген жігітімен қашып шықпақшы болады. Ақыры екеуі түн ішінде ауылдан бой тасалап шығып, қашып та кетеді. Балқаш бай бұған көнсін бе, дереу қуғыншы шығарады. Бұл қуғыншы топтың ішінде өзі де бар еді. Іле мен Қаратал қанша қара үздік дегендерімен, қуғыншылардан оңай құтылмастарын біледі. Сондықтан ақылды Іле әкесімен бір ауыз сөзге келмекші болып, оларды тосып алады. Сол уақытта Іле сүйіктісімен қолұстасып тұрып, әкесінен ең болмаса өлгеннен кейін ғашығынан айырмай, бірге жерлеуін өтінеді. Солай дейді де, екеуі биік құздан етекке секіріп кетеді.
Жалғыз қызының ғашығы үшін мерт болғанын көрген Балқаш бай есінен танып қалады. «Тірімде жасаған қателігімнің жазасын өлген соң өтейін. Іле мен Қаратал менің екі сағам болсын» деп олардың өлі денелерінің ортасына жатып, өз-өзіне қанжар салады.
Осылайша, Балқаш көлі Балқаш байдың көз жасынан пайда болады, ол өзінің сағасынан келіп құятын Іле мен Қараталдан толығып отырады.
Зерттеушілердің деректеріне зер салар болсақ, жалпы Балқаш көлін зерттеу ісі он жетінші ғасырдан бастап қолға алынғанын көреміз. Алайда, он үшінші ғасырларға тиесілі ежелгі жазбаларда Балқаш көлі де көрсетіледі. Орыс тарихшысы Семен Ремезов 1695 жылы сызған Сібір жері картасында Балқаш көлін теңіз деп көрсетеді. 18 ғасырдың басында Балқаш көлінде геодезиялық өлшеу жұмыстары жүргізіле бастайды. Балқашты зертетуге орыс ғалымдары ғана емес, сондай-ақ, шетелдік саяхатшылар да үлес қосады. Мұны олардың әр жылдарда қалдырған жолжазбаларынан көруге болады.
Қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде де Балқаш көлі туралы деректер жиі кездеседі. Ал 1920 жылдары Балқаш көлі кешенді түрде зерттеліп, мұнда бірнеше рет экспедициялар ұйымдастырылады.
Балқаш көлі негізінен қараша айының аяқ жағында ғана қата бастайды, содан мұз ерте көктемде, сәуір айының орта тұсында ериді. Көл бетіндегі мұздың қалыңдығы кей жерлерінде 150 сантиметрге дейін жететін кездер болған. Тау басындағы мұздықтар еріп, арна арқылы көл суын толықтырған уақыттарда су деңгейі көтеріліп отырады. Бұл әсіресе, маусым-шілде айларында аңғарылады. Көл Сарыесік түбегі арқылы екіге бөлініп жатыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, оның суының ащы және тұщыға бөлінуі осы түбек арқылы жүзеге асырылады. Батыс бөлігінің суы тұщы, сондықтан түсі сарғылт, лайлы болып келеді. Ал шығыс бөлігі тұзды болғандықтан, түсі де көгілдір, ашық түсті.
Көлдің солтүстігіндегі Бертіс шығанағының жағасында Балқаш қаласы менмұндалайды.
Жалпы Балқаш көлі Каспий теңізінен кейінгі ең тұзды су қоймасы болып есептеледі.