Жаңалықтар

Суретші Марлан Кеңесұлымен сұхбат

Суретші Марлан Кеңесұлымен сұхбат
Фото: суреттер автордікі 20.03.2023 13:13 2763

ҚР өнер қайраткері, ҚР Суретшілер одағы хатшылығының және Басқармасының мүшесі, арт-менеджер, арт-блогер, есімі Қазақстанның бейнелеу өнері және Қазақстанның акварелі каталогтарына енген суретші Марлан Кеңесұлы Нысанбаевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Марлан Кеңесұлы, өзіңізбен ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде сұхбаттасудың сәті түскен екен. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұйымдастырылып жатқан бейнелеу өнері шеберлерінің мерекелік көрмесіне қатысып жатыр екенсіз. Көрме жайлы қайдан білдіңіз?

- Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырып отырған «Әз-Наурыз - әлем елдерінде» атты бейнелеу өнері шеберлерінің көрмесіне мен де қатыстым. Бұл көрмеге мені университет басшылығы шақырған еді.

Аталмыш көрмеге біраз мықты суретші-кескіндемеші, график суретшілер қатысып жатыр екен. Атап айтсам, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Амандос Ақанаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұлов, Қазақстан Көркемсурет академиясының академигі Нэлли Бубэ және ҚР Көркемсурет академиясының мүше-корреспонденті, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Тоққожа Қожағұл сынды мықты-мықты шеберлердің жұмыстары қойылады деген соң, мен де қатысуға шешім қабылдадым. Көрме күні кеше ашылды, ол туралы толығырақ мына сілтеме https://el.kz/almatyda-az-nauryz-alem-elderinde-atty-suret-kormesi-ashyldy_68310/ арқылы кіріп танысуға болады.

Суретші Марлан Кеңесұлымен сұхбат

- Бұл көрмеге қанша және қандай жұмыс ұсындыңыз?

- Мен бұл көрмеге кенепке майлы бояумен жазылған үш кескіндеме жұмысымды ұсындым: «Шұбартау», кенеп, м.б. 60×90 см, «Хан Тәңірі», кенеп, м.б. 90×70 см және «Қарасаз», кенеп, м.б. 70×90 см деген. Барлық картиналарым 2022 жылы жазылған.

  - Бұл көрме Сіз үшін несімен ерекшеленеді?

- Бұл көрменің мен үшін ерекшелігі сол, еліміздегі ең жақсы университеттердің бірі - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұлыстың ұлы мейрамы – Наурызға шақырды және менің әріптестерім сол жерде суретші-дизайнерлерді дайындайды. Солардың біразы осы көрмеге қатысып жатыр екен. Олардың да жұмыстарын көрейік, қазіргі кезде жасалған жаңа туындыларды тамашалап көрудің өзі бір ғанибет қой.

- Марлан аға, бейнелеу өнерінен осы уақытқа дейін қанша туынды жазып үлгердіңіз?

- Мен бейнелеу өнерінде әр түрлі техникада жұмыс істеймін. Бүгінгі күнге дейін айтуға тұрарлық 200-ден астам картина жазған шығармын. Шығармаларым бейнелеу өнерінің бірнеше түрінде, атап айтсам графика, акварель, акрил және майлы бояумен жазылған туындылар болып келеді.

Суретші Марлан Кеңесұлымен сұхбат

- Жалпы көрмелерге жиі қатысып тұрасыз ба?

- Иә, мен топтық көрмелерге жиі қатысамын және әрине өзімнің жеке көрмелерімді де ұйымдастырып өткізіп тұрамын.

- Туындыларыңызды сатасыз ба, бір картинаңыздың құны қанша тұрады?

- Иә, картиналарымды сатамын және олардың бағасы әртүрлі болып келеді. Графика мен акварель үшін бір баға, ал кескіндемелік туындылар үшін бір баға. Орташа алғанда 500 бен 5000 доллар аралығында бағалаймын.

- Шетелдегі көрмелерге шығып тұрасыз ба?

- Мен Лондондағы Еуразиялық Шығармашылық Гильдиясының амбассадорымын, сондықтан мен шетелдегі көрмелерге де жиі қатысамын, атап айтқанда: Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Ресей, Қырғызстан. Бұл көрмелерге кейде өзім, кейде жұмыстарым барып қатысатын кездер болады.

- Америкада көрме ұйымдастыру ойда, жоспарда бар ма?

- Иә, менің Америка сияқты алып елде көрме жасағым келеді, мұндай ұсыныс әлдеқашан жасалған да. Бірақ әзірге ыңғайлы сәті түспей келеді. Алдағы уақытта армандар орындалады деп ойлаймын (күледі).

Суретші Марлан Кеңесұлымен сұхбат

- Қазақстан Суретшілер одағының қазіргі жұмысына көңіліңіз тола ма?

- Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының хатшылығы мен Басқармасының мүшесі ретінде біздің Суретшілер одағының 19-съезінде сайланған жаңа ұжым 2023 жылға арнап жоспарлаған жобаларды бірлесіп атқарып жатқанын айтқым келеді. Нәтижесін алдағы уақытта көресіздер.

- Одақ биыл қандай нақты жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оны сұрап отырғаным биыл бұл шығармашылық одақтың құрылғанына 90 жыл толып отыр емес пе?

- Иә, биыл ҚР Суретшілер Одағының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Сондықтан да осы жылға ауқымды жұмыстар - көрмелер, пленэрлер, симпозиумдар жоспарланып отырғанын айта кетейін. Сонымен қатар Қазақстан Суретшілер одағының 1991-2023 жылдардағы тарихы жайлы альбомның 2-ші томын шығаруға дайындық жүріп жатыр. Одақтың 90 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан Республикасы Суретшілер одағына 90 жыл» мерейтойлық медаліне тапсырыс берілді. Енді айта берсек, жүзеге асып жатқан және осы жылға жоспарланып отырған жобалар жетерік.

Суретші Марлан Кеңесұлымен сұхбат

- 90 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! Қанша айтқанмен бір ғасырға жуық уақыт қой.

- Көп рахмет! Иә, сол мерейтойды ойдағыдай өткізу үшін Суретшілер одағының басшылығы қызу жұмыстар атқаруда.

- Ендігі сұрайын дегенім, қазақ суретшілерінің бүгінгі таңдағы танымалдығы жайлы. Меніңше оларды насихаттау жағы кемшін түсіп жатқан сияқты. Біздің суретшілердің танымалдығы артса, олардың жұмыстарының құны да артпай ма?

- Иә, дұрыс айтасыз. Өкінішке қарай қазақстандық суретшілердің бүгінгі жетістіктеріне менің де көңілім толмайды. Қазақстанда өнер нарығы жоқ, көркем аукциондар жоқ, галереялардағы картиналардың сатылымы өте мардымсыз, арт-менеджер ретінде суретшілерімізді Италия, Франция, Испаниядағы галерея иелерімен таныстырамын. Олар біздің суретшілеріміздің жұмыстарын өте қатты ұнатады. Бірақ мынадай бір мәселе бар, шетелдегі көрмелерге қатысу үшін қаржылық ресурстар қажет. Бұл логистика, қатысу үшін төлем, жарнама, коллекционерлерге арналған осы галереялардың каталогтарына кіру дегендей. Бұл өте қымбат. Ал мұндай ақша іс жүзінде ешкімде жоқ, сондықтан біз өз елімізде «өз шырынымызға өзіміз бөгіп отырмыз» демеске шара жоқ.

- Бұл мәселені қалай да шешу керек қой. Суретшілерді жарнамалаудың қандай заманауи тәсілдері бар деп ойлайсыз?

- Қазір көптеген суретшілер өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде, түрлі чаттарда және картиналарын сатуға арналған топтарда жарнамалайды, бірақ бұл да аса тиімді емес.

- Сіздің суретші ретіндегі негізгі тақырыбыңыз жайлы білуге бола ма. Сізге кім және не шабыт сыйлайды?

- Мен пейзаж суретшісімін, еліміздің табиғатын жақсы көремін. Табиғатқа жиі шығып, пленэр өткізіп, этюд жазамын. Табиғат аясында материалдар жинақтап, содан кейін шеберханаға келіп сурет саламын. Кейде бала кездегі тақырыптарды бір саралап шығып, сол тақырыптарға және әлеуметтік тақырыптарға қыл қаламмен суреттер саламын. Мен оны естеліктерден және айналамдағы табиғаттың сұлулығынан аламын.

Суретші Марлан Кеңесұлымен сұхбат

- Өзіңіздің өмірбаяныңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз. Сіз сияқты жан-жақты тұлғаның қай өңірден шыққанын білгісі келіп отырған оқырмандарымыз көп болар.

- Рахмет, мен 1957 жылы Алматы облысының Іле ауданында дүниеге келгенмін. 1978-1982 жылдары Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы Көркемсурет училищесінде оқып, оны қызыл дипломмен тәмамдадым. Содан 1983-1988 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін бітірдім. Шығармашылық қызметімді 1983 жылы Қазақ КСР жас суретшілер көрмесінен бастадым. Осы уақытқа дейін алған барлық атақтарымды тізіп жатпай-ақ қояйын. Исатай Исабаев және Аркадий Безруков атындағы сыйлықтардың лауреатымын. Бұл маған осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарым мен істеген істеріме берілген баға деп білемін. Бүгінде қоғамдық негізде Шекарасыз өнер жобасының жетекшісі, пленэрлер мен көрмелерді ұйымдастырушы ретінде қызмет атқарып жатырмын.

- El.kz ақпарттық порталы арқылы елге жолдар құттықтауыңыз болса, жеткізейік!

- Наурыз мейрамы құтты болсын, құрметті әріптестер, достар мен серіктестер! Наурыз - іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Наурыз мейрамы - жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы ғой, туған жеріміздің топырағына құт-береке әкелсін.

Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болып, әрбір жаңа күн әр отбасына шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

- Марлан Кеңесұлы, өзіңізге де көп рахмет. Мереке құтты болсын, Сізге шығармашылық шабыт тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға