Жаңалықтар

Сурет салу мен үшін кітап оқығанмен тең – суретші Анелия Бекбас

Суретші Анелия Бекбастың ерекше туындылары жайлы сұқбат
Сурет салу мен үшін кітап оқығанмен тең – суретші Анелия Бекбас
Фото: ru.freepik.com 21.07.2022 15:39 14828

Әлеуметтік желіден соңғы кездері сурет галереясына арналған парақшаларды жиі байқаған боларсыз. Қазіргі заман талабына сай техниканың көмегімен түрлі сапалы суреттер салуға мүмкіндік артты. Кез келген адам сурет салудың қыр-сырын үйреніп алса, еш қиындықсыз сурет сала алады. Сурет салудың қызықтары мен қиындықтары туралы суретші Анелия Бекбас айтып берді.  

Анелия Бекбас Чехиядағы мультимедиа бағытындағы сурет өнері коледжінің түлегі. Қазіргі таңда арт өнерін қолға алып, хоббиін жеке кәсібіне айналдырған. Сонымен қатар, Қазақстандағы сурет өнері мен Еуропадағы сурет өнерінің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін салыстырды.

Сурет салу мен үшін кітап оқығанмен тең – суретші Анелия Бекбас

– Мен сурет салумен 6-7 жасымнан бастап айналыса бастадым. Бала кезімде сурет үйірмесіне қатысып, тек хобби ретінде айналыстым. Уақыт өте келе менің суретіме қызығушылық танытып, суреттерімді жоғары бағалап жатты. Сондықтан, осы бағытты қолға алдым. Қазіргі таңда Қазақстанда сурет өнеріне деген қызығушылықтың артқанын байқадым. Әсіресе, графикалық суретке деген сұраныс жоғары. Осы арқылы табыс тауып, кәсіппен айналысып жүрген суретшілер аз емес. Олардың қатарында мен де бармын, - дейді Анелия.  

Кейіпкеріміз қазіргі таңда Қазақстандағы сұранысқа ие суретшілердің қатарында екенін айта кетті.

– Негізінде менің жұмысымды адамдар әлеуметтік желідегі парақшамнан көріп, тапсырыс беріп жатады. Сондықтан instagram парақшамды белсенді жүргізіп өзімнің ең үздік деген суреттерімнің барлығын жүктеп отырдым. Осылайша, 5-6 жылдың ішінде көптеген тапсырыстар қабылдадым. Тіпті, еліміздегі ең ірі компаниялардан да ұсыныс түскен кездер болды. Түрлі компаниялармен бірлесе отырып та жұмыс істедім. Жас болсам да осындай үлкен ұсынысты қабылдау мен үшін үлкен жетістік, – деді суретші.

Сурет салу мен үшін кітап оқығанмен тең – суретші Анелия Бекбас

Сонымен қатар, ол сурет салудан табыс табатындығын да атап өтті.

– Суретшілердің жұмысы қызықты көрінгенімен жүгі өте ауыр жұмыстардың қатарына жатқызар едім. Өйткені әр суретті салу үшін талант және еңбекпен қатар, күш пен шыдамдылық керек. Сондықтан да еңбегіме сай жұмысымды жоғары бағалаймын. Суреттерімнің бағасы 20-100 мың аралығын қамтиды. Суреттің көлемі мен оған кететін бояуды және уақытты есептеп құнын қоямын. Ал, графикалық суреттердің бағасы арзанырақ болады. Себебі, планшетпен сурет салуға аз уақыт жұмсалады және бояуды талап етпейді. Бояумен, маймен салынатын суреттерді салуға бір айдың көлемі кетеді. Өйткені, олардың кебуі ұзақ уақытты алады және қымбат бояу-майлармен саламын. Сондықтан да бағасы графикалық суретке қарағанда қымбат, – дейді Анелия Бекбас.  

Анелия Бекбас Еуропадағы сурет өнері мен Қазақстандағы сурет өнерін салыстырғанда айтарлықтай айтырмашылық бар екенін де байқаған.  Ол Еуропа мен Қазақстанды өнердің қай түрі болсын салыстыруға келмейтіндігін айтты.

Сурет салу мен үшін кітап оқығанмен тең – суретші Анелия Бекбас

– Еуропалықтар мен біздің ой-өрісіміз, талғамымыз және менталитетіміз бен көзқарасымыз әр түрлі. Қазақстанда сурет өнері енді жанданып дамып келе жатыр. Оны қаладағы ғимараттарға салынған муралдардан байқауға болады. Ал, Еуропада суретке үлкен шығарма ретінде қарап, бағалайды. Тіпті, жүз жылдық тарихы бар суреттерді мұражайларда, галерея орталықтарында сақтап мұра ретінде қарайды. Әр суреттің тарихын кітапшаларға жазып, келушілерге таныстырады. Осы тұстарынан біздің айырмашылықтарымыз бар, – дейді суретші.

Сондай-ақ, Қазақстанда суреттің әдемілігіне және техникалық базасына көбірек көңіл бөледі. Ал, оның идеясы мен тарихына аса назар аудара қоймайды. Суретке біз тарих кітабын оқып жатқандай мән беріп, оны түсінуге тырысуымыз керектігін айтады.

Сурет салу мен үшін кітап оқығанмен тең – суретші Анелия Бекбас

– Еуропалықтар суреттің идеясы мен концепциясына көңіл бөледі. Оларды суреттің тарихы мен жұмыс барысы қызықтырады. Осылайша көрермен сурет арқылы автордың нені жеткізгісі келгенін түсінеді. Сурет салу кітап оқығанмен тең, – дейді Анелия.   

Анелия Бекбас күннің батқаны мен атқанының өзінен шабыт алатынын айта кетті.

– Жалпы, шығармашылықпен айналысатын маманға шабыт деген өте маңызды. Әсіресе, суретшілерге. Шабытын келсе, жұмысын жылдамырақ іске асады. Ал, шабытсыз жұмысын өрге баспасы анық. Шабытты қайдан аласын деп адамдар жиі сұрақ қояды. Бірақ бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Өйткені жауабы жоқ. Суретшілер әр түрлі дүниелерден шабыт алады. Мысалы, мен музыкадан, фильмнен, кітап оқығаннан және таза ауада серуендеп жүргеннің өзінен шабыт пен идея аламын. Сондай-ақ, бір бағытта, бір тақырып аясында сурет сала бермеймін. Тақырып таңдамаймын деп айтсам да болады. Соңғы кездері елімізде болып жатқан оқиғаларды графикалық суретке салуды әдетке айналдырдым. Осылайша, көрермендерге менің жұмыстарым ұнап, әлеуметтік желі де суреттерім трендке айналды, – дейді суретші.

Сонымен қатар, Анелия 2021 жылы елімізде суретшілер арасында өткен республикалық конкурсқа қатысып бас жүлдені иеленіп, еліміздегі үздік суретші атанған. Өзінің әр суретінде қазақтың ұлттық ою-өрнектерін, киімдерін және бұйымдары мен ыдыстарын көрсетеді. Заманауи киімдерге де қазақы нақышта суретін салғанды ұнатады. Осылайша, ол Дисней мультфильмдеріндегі үздік кейіпкер  құбыжық мен сұлу қыздың суретін қазақша нұсқасын салып, үздік суреттің авторы атанды.

Сурет салу мен үшін кітап оқығанмен тең – суретші Анелия Бекбас

– Мен әр суретімде қазақтың ұлттық нақыштарын және салт-дәстүрлерін жеткізуге тырысамын. Сондықтан да менің суреттерім көпшілікке ұнайды деп ойлаймын. Қазіргі кезде ою-өрнек пен қазақша жазу трендте. Осы трендті пайдалана отырып, жастардың сүйікті анимациясын салдым. Бұнымен өзімнің талантымды емес, ұлттық нақышымызды көрсеткім келді, - дейді Анелия Бекбас.     


Суреттер Анелия Бекбастың жеке мұрағатынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға