Жаңалықтар

Сурет салғанда эйфория күйін кешемін – қылқылам шебері

15 жыл журналистика саласында қызмет етіп, жүрек қалауымен қолыма қылқалам алдым
Сурет салғанда эйфория күйін кешемін – қылқылам шебері
22.11.2022 17:05 2702

Бейнелеу өнері әр адамға түсінікті бола бермейді. Сурет мәдениетіне мән бере отыра, картинаның түпкі мағынасын түсінуге біраз уақыт керек. Ал оны салған адам үлкен жауапкершілікті сезінуі қажет. Осы жолда қолына қылқалам ұстап, туындыларын бала көңілмен қағазға түсіріп жүрген Ерсайын Жапақпен өзіндік жаңа стилін қалыптастыру жолы жайлы сұхбаттастық. 

– Ерсайын аға, картиналарыңыз түсінген жан үшін өте мағыналы. Бұл өнерге қызығушылығыңыз қашан басталды?

– Бейнелеу өнеріне деген қызығушылық жас кезден басталды. Ауылда студия болмаса да сурет салуға деген қабілетімді сөндірмеуге тырысатынмын. Негізі мектеп қабырғасында жүргенде ақындық шығармашылығыма көбірек көңіл бөлетінмін. Аудандық «Орда жұлдызы» газетінде өлеңдерім жарияланған. Кейіннен әскерде әйнек кесіп «мозайка» өнерімен айналысқаным бар. Содан бастап сурет өнеріне деген қызығушылығым екі есе арта түсті.

– Сіздің журналистика саласында қызмет еткеніңізді көбісі біле бермейді. Сала ауыстыруға не түрткі болды?

– Иә, журналистиканың өзі мені осы жолға жетеледі десем болады. 15 жылдай журналистика саласында жұмыс жасап, түрлі бағытта қызмет еттім. Ол да үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Сөйтіп бір күні Оралдық авангард суретші Сәкен Ғұмаровтың көрмесін насихаттауға бардым. Туындыларын көріп, өзімнің де құлшынысым арта бастады. Сол кезде суретші болсам деген ниетімді айтқанымда, жүрегің қалап тұрса бүгіннен баста деген болатын. Сол кездесуден кейін бейнелеу өнерін деген құлшынысымды сөндіре алмадым.

– Алғашқы туындыңыз қандай еді? Қолыңызға қылқалам алғанда бірден шабыт келді ме?

– 1995 жылдан бастап алғашқы суреттерімді сала бастадым. Алматы қаласында Панфилова 92 көшісінде суретшілер үйінде, екінші қабатта, терезесі жоқ бөлмеде, Репинский деген фотогрофтың бөлмесінде жұмыс жасап, 1 жылда 96 картина салдым. Келесі жылы 90 картинамен Алматыда алғашқы көрмемді аштым. Қазақстанның беделді суретшілері келіп, көрмені ашқан болатын. Алғашқыда «Уақыт – 1», «Уақыт –2» деген картиналар салдым. Барлығы ойымдағы көңіліме жақын бағытта салынды. Содан бері 27 жыл бойы қолымнан қыл-қаламымды тастамай, бейнелеу өнеріндегі жеке стилімді қалыптастырдым.

– Сурет мәдениетін шығармашыл адам ғана түсінеде деп жатады. Білуімізше сіздің картиналарыңызды шетеле де бар. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз...

– Алғашқы көрмеде-ақ картиналарым сатылып кеткен болатын. Шетелдіктер сол кезден бастап қызығып ала бастады. Қазір олар коллекционерлердің қолында. Менің бейнелеу өнеріндегі мәнерім ешбір суретшіге ұқсамағандықтан қызықтыра білді деп ойлаймын. 2008 жылы Литвада өткен ярмаркада екі картинам сатылды. Қазіргі таңда жұмыстарым 27 мемлекетке сатылды. Ең қымбаты қателеспесем 3000 евроны құрайды.

Сурет салғанда эйфория күйін кешемін – қылқылам шебері

– Жеке стиліңіз қалай қалыптасты. Көпшілік біле бермейтін бағыттың бірі десем қате болмас?

– Картиналарда жарқын шақты бейнелеуге тырысамын. Ел тыныштығы мен жан тыныштығын көрсетемін. Бұл – дадаизм стиліне жақындықты айқындайды. Ол 19 ғасырда францияда шыққан, бала ниетпен салу дегенді білдіреді. Алайда мен өзімнің сурет салу стилімді «мамыражай» деп атадым. Сурет салғанда бір «эйфория» күйін кешемін. Ойыма келген суретті эскиз ретінде түртіп қоямын.  Кейін композициясы мен қандай бояу қолданатынымды ойластырамын. Бір кіріскеннен  импровизациямен тоқтамай салып шығуға тырысамын. Осындай сынды әр суретшінің концепциясы болады.

– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

– Қазір 39 картинамен Орал қаласында «Мамыражай шақ» атты көрме аштым. Алматыда 150 картинам бар. Болашақта Астанада көрмемді ашу ойымда бар. Үйренемін деп ниет білдірушілер болса, әрине бар білгенімді оқытуға дайынмын.

Сурет салғанда эйфория күйін кешемін – қылқылам шебері

– Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылығыңыз өрлей берсін.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға