Сұрағы жоқ сұхбат. Ерболат Беделхан
Продюсер, Алматы
Мен бұдан 17 жыл бұрын жұмыс істей бастағанда, тек қана жастарға жұмыс істейтінімді айтқанмын.
...санамызда шектеу көп. Бір қатып қалған қағидаға сүйеніп, сол бойынша өмір сүруге тырысамыз.
Отандық музыканың бір ерекшелігі – біз тек ел ішінде ғана белгіліміз. Одан әрі даму жоқ. Менің мақсатым – әлемдік музыка саласына жол салу. Сол себепті үнемі ізденісте жүреміз, тойларда өнер көрсетпейміз, тек республиканы аралап, концерт береміз.
Музыкант болғандықтан қазақ тілінің әдемі екенін, мелодика ретінде заманауи әндерге келетінін білемін.
Құлағына сырға таққан, шаштарын өсіріп-бояған рок-музыканттар, түрлі хиппилер әркез болған, болады да. Қазақстанда болмаса да, әлемде бұрыннан бар.
Алматыға келген кезімде мен бірінші рет өзімді еркін ұстауға болатындығын сезіндім.
Біздің хип-хоп 100 пайыз агрессиялы болатын. Қазіргі K-pop-та агрессия жоқ. Керісінше, жүрек көрсетіп, «Мен сені жақсы көремін», «Бақытты болыңыздар» деп тұрады.
Ойын-сауық индустриясы деп жатамыз, ол кімге керек? Үлкен кісілерге керек пе? Әлде жастарға керек пе? Бүкіл әлемдік ойын-сауық индустриясы аудиториясы - жас балалар.
Ешқандай бітірген мамандығым жоқ. Орта мектепті ғана бітірдім. Болды.
Q-pop ретінде өз субмәдениетімізді, поп-индустриямызды құрғымыз келсе, бір-ақ топпен алысқа бармаймыз. Біз көп болуымыз керек.
Арманым, мақсатым – Қазақстаннан өнер экспорттау.
Осыдан 17 жыл бұрын сахнаға шыққан «Орда» тобында аудитория жоқ. Қазір өткенді саралап қарасам, біз жалғыз болыппыз. Тым ерте шыққан сияқтымыз сахнаға. Мүмкін, қазір шықсақ, жағдай басқаша болар ма еді…
Талантпен қатар, сауатты маркетингтің болуы – әлемдік сахнаға шығуға мүмкіндік беретін негізгі жол.
10 жыл бұрын «Rolling Stone» журналы әлемдік музыканың дамуына үлес қосатын келесі толқын Азиядан шығады деп жазып кеткен. Қазір азиялық бет – тренд әлемде. Біз кімбіз? Біз – азиятпыз.
Басты жетістігім әлі алда.
Әлемдік поп-индустрияны, ондағы ерекшеліктерді мойындамасақ, онда Көктөбенің төрінде неге ливерпульдік «Битлз» тобының мүсіні тұр?
Біздің шоу-бизнес тойға арналғандықтан, тек локальдік, яғни жергілікті тұрғыда ғана дамып жатырмыз.
Мәселе шаш пен сырғада емес. Бастысы – өнер мен музыка. Жан-жақты таңдау мен талғамда. Біз осы жолда жүрген адамбыз.
Мен де өнерді дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Ешкімді алдап жүрген жоқпын, адал еңбегіммен нан тауып, отбасымды асырап жүрмін.
Шоу бизнесті дамытатын - жастар. Тек қана жастар.
Неге «91»?
Материалды дайындау барысында Nur.kz, Ikerim.kz, Gakku.kz сайттарындағы мақалалардың және «Компромат», «Айтуға оңай» бағдарламаларының, «NINETY ONE» фильмінің трейлерінің үзінділері пайдаланылды.
Фото: @ybedelkhan