Жаңалықтар

Сұрағы жоқ сұхбат. Денис Тен

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің ой-толғамдары
Сұрағы жоқ сұхбат. Денис Тен
15.01.2018 22:15 9421

Біз қайтадан тұру үшін құлаймыз. Солай емес пе? Мен де бірнеше рет құлап тұрғанмын.

Ешбір алған жарақаттарыма қарамастан Пхенчхенге барамын. Төрт жыл күткен Олимпиада ойындарын қалай жіберіп алмақпын? Оңтүстік Кореяда Қазақстанды барша әлемге таныту үшін барымды саламын. Оның үстіне, ол Олимпиада мен үшін ерекше болмақ, себебі менің бойымда кәріс қаны ағып жатыр емес пе?

Менде барлығы секілді балалық болған жоқ. Кей кездері киноға баруға, достарыммен қыдыруға уақыт таба алмадым, не десе де ол менің балалығым...

Бала кезімде өте қырсық едім. Бір нәрсені қаласам, соны істемей не алмай қоймайтынмын. Ағамды қазір аяймын, себебі, барлық еркелігімді көтеріпті. Уақыт өтіп, ол ер жеткенде маған пәрмен беріп, басқаруды шығарды.

Ағам Леша өте талантты спортшы еді. Күрес үйірмесіне барғанда, тіпті оны жаттықтырушысы жыға алмайтын. Бірақ, ол алдына мен секілді мақсаттар қоя алмады. Спорттан гөрі, сымдармен отырған ұнайтын. Компьютердің құрылысын жақсы түсінетін.

Біздің үйде «отбасымызда біреуі – спортшы, келесісі – ақылды» деген әзіл бар-тын.

Мен өте энергияға бай бала едім. Сол тасып жатқан энергияны ата-анам дұрыс бағытқа жұмсағысы келді. Акробатика, би, суда жүзу, таэквандо, теннис пен музыка мектебінің үйірмесіне қатысатынмын. Бүл тізімге мәнерлеп сырғанауды да қосып қойыңыз. Ол кезде әрбір минутым есептеулі еді.

Алғаш рет конькиді бес жасымда кидім. Мұзда кроссовкамен жүрген секілді сезіндім. Өте жақсы сырғанап жүрмін деп ойлағанмын.

Бірінші рет құлағанымда, қатты ауыратынын түсіндім. Сол күннен бастап, құлағандарға күлмейтін болдым.

Алғаш жаттығып жүрген кезімді ұмытпаймын. Жаздың күндері мұз болмағандықтан, сауда үйлеріндегі мұз айдындарында жаттығатын едік.

Ол кездері ашық аспан астында ғана мұз айдындары бар болды. Қыз мезгілі болғандықтан, өте суық болатын. Сондықтан анам тоңып қалмас үшін үш қабат шалбар кигізетін. Мен орамжапырақ сияқты болдым. Осылай екі айналып секіруді үйрендім.

Менде сол орамжапырақ кезімнен әлем чемпионатының күміс жүлдесіне дейін ұзақ жол болды.

Алғашқы қолшапалақ? Өзімді жұлдыз сезініп кеткенмін, бірақ та, қолшапалақ маған емес, менің қасымда сырғанап жүрген қызға арналған. Сонда да, керемет әсерлі болды.

Мектепке баратын уақытым аз болғанына қарамай, үштік алып көрмеппін.

Салт-дәстүр мен ырым-сырымға сенген емеспін. Мәселен, алдымды қара мысық кесіп өтсе де, назар аудармаймын. Бірақ, маған сәттілік тілесе шын қуанып қаламын. Мүмкін бұл да «кшікене» ырымға жататын шығар. Жарысқа шықпас бұрын, мұзда өзімді сенімді сезіну үшін сәттілік тілеп қойсаңыздар жеткілікті!

10 жасымда Мәскеуге кетіп қалдық. Өте қиын болды: тұратын жеріміз жоқ, тамағымыз, киім т.с.с, анам екеуміз өзіміз шештік. Бірақ алғашқы халықаралық жарыстағы жеңістен кейін, Қазақстан белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Еліме көп-көп рахмет!

Мені Татьяна Тарасова, Елена Водорезова секілді адамдармен тоғыстырған тағыдырыма алғысым шексіз. Менен спортшы жасаған осы адамдарға шын жүрегіммен рахмет айтқым келеді.

Бір кездері спортты тастап кетуім мүмкін еді және Водорезова да қарсылық білдірген жоқ. Тек осы сәтте Илья Ильиннің мына бір сөзі мені сақтап қалды: «Өмірде әрбір спортшының биікке өрлеуімен қатар, құлауы да бар. Тұруды үйренсең, сенен жақсы спортшы шығады».

Ванкувер Олимпиадасына мәнерлеп сырғанаудың жанкүйері ретінде барып келдім.

АҚШ-қа кетуім – қиын шешім болды. Мен артымда бір команда тұрған спортшы емеспін ғой. Таныс емес ел, оның үстіне менің ағылшыным да нашарлау еді. Тұратын жер табудың өзі қиын болды. Соған қарамастан, барлық мәселе уақыт келе шешіліп кетті.

Олимпиададан соң, бапкерсіз қалдым. Содан ойлана келе, Фрэнк Кэроллмен жаттыққаным дұрыс деп шештім. Оның шеберлігінің арқасында кәсіпқой спортшы болып шыға келдім.

Америкадағы өмірім былай болды: таңғы 8-де үйден шығамын, ал кешкі 9-да жаттығудан қайтамын. Әр күн сайын – осы!

Ұзақ уақыттық жоспарыңа жету үшін көп нәрседен бас тартуға тура келеді. Мәселен, мен жаттығудан босамай кеткенде, достарыммен киноға баруға уақыт таба алмай қаламын. Лос-Анджелесте тұрған бес жылда бірде-бір рет үйімнің жанында тұрған Диснейлендке барып көрмеппін. Әзірге спортшымын және менің жұмысым еліме медаль әкелу. Ал қалғаны күте тұрады.

Америкада адамдар жұмыс істегісі келеді. Ал бізде, Ресейде жұмыс істеу керек!

Бір мақсатқа жету үшін көп-көп жұмыс істеу қажет, ойлаңызшы, бір әлем чемпионатының күмісі үшін 15 жылымды мұз айдынында өткіздім.

Бүгін бір нәрсені құрбан етсең, ертең ол міндетті түрде жақсылық боп қайтады. Бір жетістікке жету үшін, міндетті түрде еңбекпен ақысын төлеуің керек!

Ең басты қарсылас, ол – өзім! Бірінші өзімді жеңіп алайын, сосын жүлделер туралы ойлануға болады.

Әлем чемпионы мен Олимпиада чемпионы болғанды армандаймын. Білемін, бұл өте қиын.

Менің пір тұтатын спортшым – Алексей Ягудин. Ол керемет мәнерлеп сырғанаушы.

Мао Асада аптасына жеті күн жаттығу жасайды. Оның қасында қатты ұяламын, мен жаттығу кезінде түк те жұмыс істемей жүрген сияқтымын.

Өз жұмысымның жанкүйерімін, барлық сырым осында жатқан шығар! Жаттыққанды өте жақсы көремін.

Жанымды, барлық күшімді салып жүрген мәнерлеп сырғанауда ең-ең жоғары биіктерге шыққым келеді. Соңынан, қол жеткізе алмаған армандарым үшін өкінгім келмейді.

Халықаралық деңгейге шыққым келетін. Әрине, бір нәрсеге қол жеткізгеннен асқан бақыт жоқ, бірақ бұнымен тоқтап қалуға болмайды. Әлемдік мәнерлеп сырғанауда біздің елдің аты шығып жүргеніне қуаныштымын!

Менің өмірімде әртүрлі келеңсіз оқиғалар да болған. Бұл өмір емес пе? Бәрі де болуы мүмкін. Ертеңгілік алдыңнан не шығарын білмейсің. Маған кәсіпкер Аристотель Онассистің мына бір тамаша сөзі ұнайды. «Біз өзімізді үміттен босатайықшы... теңіз де бір күні тыныш табатын шығар. Қатты жел күні жүзіп үйрену де керек». Айтқым келгені, жаман тәжірибе – жаңа нәрсеге үйретеді, ал жақсысы – жасаған жұмысыңның одан әрі жылжуына сеп болады.

Бір жарыстағы жеңісімнен кейін аса құрметті бір адам, «турнирді «өмірде жоқ мемлекеттің» адамы ұтып алды» дегенін естідім. Осыдан соң, Қазақстанды бір күні халықаралық деңгейде атын шығарамын деп өзіме уәде бердім. Осы уәдем орындалғанда, елім үшін бойымды мақтаныш кернеді.

Адамдар Борат туралы айта бастағанда, мен оларды бірден орындарына қоямын! Ол фильмнің Румынияда түсіргенін және біздің елге ешқандай қатысы жоғын түсіндіремін. Телефонымнан Қазақстанның суреттерін көрсетіп, біздің еліміз осы екенін айтамын.

Біздің елді мәнерлеп сырғанау спорты күшті қарқынмен дамып келеді. Көптеген мұз айдындары салынды. Әрі қарай да осылай жалғаса бергенін қалаймын. Көптеген жас спортшылардың жолын ашқым келеді.

Мен – өз елімнің патриотымын! Елім маған барлық мүмкіндіктерді беріп, бүгінгі күнге жеткізді.

Иә, мен шетелде жаттығамын. Бірақ барлық жоспарларым отбасыммен, еліммен тікелей байланысты. Мен жеңсем, Қазақстанның әнұранын естисіздер!

Қазақстан – мен үшін нөмері бірінші мемлекет. Үйге оралғанымда, Алматының сұлулығына көзім тоймайды. Осы әсем қалада көп уақыт бола алмайтыныма қынжыламын. Әрдайым келгенде бойымды қуаныш билейді, ал кетер кезде көзімде жас... Мұндағы адамдар бір-бірінің жеңісі үшін шын қуана алады. Дәл мұндай жандарды әлемнің бассқа жерінен кездестіре алмадым.

Менің анам: менің менеджерім, менің бапкерім, менің ас әзірлеушім, барлығы, барлығы... Туыстарыма шыдамдары мен сенімдері үшін алғысым шексіз.

Өмірдегі мақсатым – бай болу. Әзіл, әрине...  Ең бастысы, отбасым және болашақ жеке отбасым бақытты болғанын қалаймын. Ал қазір менің «сүйіктім» – спорт. Барлық энергиямды, барлық уақытымды мәнерлеп сырғанауға арнаймын.

Теннисші Андре Агассидің «Ашықтан-ашық» атты автобиографиясы соншалықты шабыттандырды. Өзімнің де кітап жазуға құлшынысым артып кетті.

Спорттық мансабымды аяқтаған соң, өмірімді шығармашылықпен байланыстырғым келеді. Бұрын өзімнен әртісті, режиссерді көретінмін, ал қазір музыкант болғым келеді. Спорттық жолым әйтеуір бір күні аяқталатыны белгілі, ал музыка мектебінде оқу ешқашан кеш болмайды.

Ән айтқанды жақсы көремін. Музыка мектебінде фортепианода ойнауды үйренгенмін, бірақ, әрине жан-тәніммен берілген жоқпын. Бала кезде классикалық музыканы ұнатпайтын едім. Өсе келе, нағыз жанкүйеріне айналдым.

Әр адамда жүрек бар және жүрек оны басқалардан ерекше етеді.

Мен жаттығуға шындап ден қойған 10 жасымнан бастап, тек өзім шешім шығарып үйренгенмін.

Стефан Ламбьельмен бірге жұмыс жасағанымызда мені әзілдеп «мәнерлеп сырғанаудың уикипедиясы» дейтін. 1995 жылдан бастап бұл спорт түріндегі барлық жаңалықты, статистиканы жатқа білетінмін. Мәскеуде жаттығып жүргенімде өзімнің iPad-ыма сол уақыттағы ең мықты деген спортшылардың прокатын жүктеп алып, конькиімді киіп жатқанда да қарайтынмын. Өмірімде мәнерлеп сырғанаудан басқа ештеңе болған жоқ. Бұл Америкаға барғанда да дәл осылай жалғасты.

«Бүгінгі жетістігіме жеткізді» деп бір жаттықтырушыны бөліп-жарып айта алмаймын. Қазір ойласам, мені бүгінге күнге жеткізген адамдар, ойлағанымнан да көп екен. Ата-анамнан бастайыншы. Әкем өз қолымен конькиімді қайрап беретін, тіпті арнайы қайрайтын білгек сатып алып, конькиді қалай қайраған дұрыс болатынын әдебиеттерден оқып үйреніп жүретін. Ал анам болса, барлық үйірмелерге өзі апаратын. Сондай-ақ, біздің үйге алғашқылардың бірі болып сандық телевизия орнатылды. Телеарналардан мәнерлеп сырғанау турнирлерін көру үшін ата-анамның жасағаны ғой. Осылайша, спортқа толық ден қоюыма отбасым толықтай кірісіп кетті. Қазірде де, менің дайындығым үшін көптеген адамдар еңбек етіп келеді.

Спорттағы жетістік – карта үйі секілді. Бір картаны алып тастасаңыз, барлық үй бұзылады.  

Жаңа жылды тойлауға мүмкіндігім жоқ. Себебі, 1 қаңтар кәдімгі жұмыс күні. Бала кезімізде отбасыммен бірге тойлайтынбыз. Былай қарасаңыз, жаңа өмір бастау үшін, Жаңа жылды күтудің еш қажеті жоқ. Сол үшін әр күнді «Жаңа жыл» секілді өткізу керек деп білемін. Мен өзім осы қағида бойынша өмір сүремін.

Дереккөз: inform.kz, informburo.kz, kaznitu.kz, vesti.kz, rsport.ria.ru 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға