Жаңалықтар

Сүңгуір-құтқарушы: «Құтқарушылар үшін ең ауыр сәт – адам өлімі»

Сүңгуір-құтқарушы: «Құтқарушылар үшін ең ауыр сәт – адам өлімі»
Фото: Қалмахан Қыдырбаевтың жеке мұрағаты 19.10.2024 16:35 489

Төтенше жағдайлар саласы аса жауапкершілікті талап ететіні анық. Өз өмірлерін қауіп пен қатерге тігіп, өзгелерді аман алып қалуда таянбай еңбек етіп жүрген құтқарушылар қашан да құрметке лайық. Тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайтын сала мамандарына тиісті деңгейде көңіл бөлініп келе ме? Қоғамның көзқарасы қандай? El.kz тілшісі осы салада 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан сүңгуір-құтқарушы Қалмахан Қыдырбаевпен сұхбаттасты.

El.kz: Алдымен өзіңіз туралы аз-кем ақпарат бере кетсеңіз...

Қалмахан Қыдырбаев: Мен 1985 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданы Елтай ауылында д.ниеге келдім. Сол елдімекенде өстім. Бала күнімнен спортқа жақын болдым. Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебінің түлегімін. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білімім бар. Бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионымын, спорт шеберімін. Отбасылымын, жұбайым екеуміз үш ұл, бір қызды тәрбиелеп отырмыз.  Қазіргі таңда Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағында сүңгуір-құтқарушы болып еңбек етіп келемін.

El.kz: Құтқарушы мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?

Қалмахан Қыдырбаев: Менің туып-өскен ауылымда Тоғыс су қоймасы бар. Бала күнімнен сол жерде қатарластарыммен бірге шомылып, жүзу дегенді бір кісідей жақсы меңгергенмін. Су қоймада құтқарушы боп істейтін ағаларды көріп, жұмыстарына қатты қызығатынмын. Суға түсіп, адамдарды құтқару мен үшін ерлік болатын. Бала күнімнен бастап өскенде сол ағалар секілді құтқарушы боламын деген мақсат қойдым. Өсе келе спортпен тұрақты түрде айналыстым. Сол спорттың арқасында есейген соң құтқару саласына келіп, аттестация тапсырдым. Сынақта бірінші кезекте спорт жағына қатты мән береді. Кәдімгідей түрлі жаттығулардан өтесің, бекітілген шақырымда жүгіресің. Аллаға шүкір, сол бала күнгі арманым орындалды. Сенесіз бе, сүңгуір-құтқарушы болып еңбек етіп жүргеніме биыл 21 жыл болыпты.  Бұл салаға кетсем де спортты тастамадым. Құтқарушылар әрдайым жаттығу жасап, шымыр болуы керек. Бекітілген талап бар, тұрақты түрде жүгіріп, сол жаттығуларды үнемі жасап тұрамыз.

El.kz: Ең алғашқы жұмыс күніңізді еске түсіріңізші...

Қалмахан Қыдырбаев: Әрине, ол күн әлі есімде. 2004 жыл болатын, алғаш кезекшілікке түстім. Ол кезде қазіргі жұмыс орным Тоғыс су станциясы деп аталатын. Жұмыс орнымыз су айдынына жақын орналасқан. Адамдар тұрақты түрде келіп шомылады. Бір кезекшілікте алты адам жұмысқа түсеміз. Арасында шақырту түспесе,  жарты сағаттан кезектесіп тынығып аламыз. Алғашқы жұмыс күнімде тыным таппай, сәл бір дауыс естісем, шапқылап сыртқа жүгіріп шығамын. Демалайын десем, еш көзім ілінбейді. Қасымдағы әріптес ағаларым «Адамдар көп жиналатын орын болған соң шулайды, айқайлап күледі. Дауыстары жарқын-жарқын естіледі. Бұл дауыстар оларға көмек қажет деген емес. Ондай нәрселер боп тұрады» деп әбден күлген. «Жата бер, шынымен көмек керек болса, үлкен әріптестерің бар. Солар барады» деп айтқаны есімде (күліп: автор).

El.kz: Жұмысыңыздағы ең ауыр сәттер, оқиғалар туралы айтып берсеңіз...

Қалмахан Қыдырбаев: Құтқарушылар үшін ең ауыр сәт – адам өлімі дер едім. Су астынан немесе таудан құлаған адам мәйітін алып шығу жанымызға қатты батады. Соның ішінде мына бір оқиға жүрегіме қатты тиді. Ол кезде облыстық ТЖД-да істеймін. Сарыағаш ауданынан бір шақырту түсті. Бір үйдің екі баласы ойнап жүріп суға батып кеткен. Бірінің жасы 4-те, екіншісі 3 жаста екен. Бүлдіршіндерді бір күн іздеп, түнгі сағат 3-тер шамасында денелері табылды. Оны отбасына табыстадық. Бір үйдің кіп-кішкентай екі баласынан айырылған туыстары қатты қайғырып отыр. Сол сәт мен үшін ең ауыр болды. Ең қиыны -  қайтыс болған адамның «ботам-ау» деп қайғырған ата-анасын көру. Негізі біздегі су айдындарының суы теңіздегідей тап-таза емес. Бір жүріп өткен соң лайланып кетеді.  Бұл сүңгуірлердің жұмысына өзіндік қиындығын туғызады. Себебі су астына түскенде батқан адам денесін іздеу қиындай түседі.  

El.kz: Бұдан өзге құтқару қызметіндегі ең басты қиыншылық қандай?

Қалмахан Қыдырбаев: Әрине, кез келген жұмыстың өз қиындығы болады. Мейлі ол құтқарушы немесе мұғалім, дәрігер болсын. Ал біздің сала тұрақты түрде спортпен шұғылдануды, жаттығудан қол үзбеуді талап етеді. Біздің қызметтегі ең ауырлау сәт деп ағын су астында іздестіру жұмыстарын айтуға болады. Негізі су айдындары бір орнында тұратын және ағын су деп бөлінеді. Ағын сулардың көбі түрлі каналдар мен Сырдария сияқты өзендерде болады. Ондағы сулардың ағысы секундына бір жарым метрге дейін жетеді. Мәселен, шақырту түссе суға батқан адамның туыстарынан сұраймыз. Шамамен қай жерде батты. Содан дереу сол орынға арнайы моторлы қайықпен жетіп, қайықты сол көрсетілген жердің ортасына арнайы қадағыш құрылғылармен қоямыз. Себебі қайық ағынмен жүріп кетпеу керек.  Мұнан соң сүңгуірлер суға түсіп, іздестіру жұмыстарын жүргізу де ағын суда қиынырақ. Ағын суда іздестіру жұмыстарын жүргізуге кететін шығын да екі есе көп. Мысалға, біздің су астында ауа жұтуға арналған арнайы аппараттарымыз бар. 200-дік атмосфера 40 минутқа жетсе, ағын суда 20-ақ минутқа жетеді.

El.kz: "Адамды ажалдан арашалап қалды" деген тәмсіл көп жағдайда сіздерге қатысты айтылады. Осындай сәттерде, яғни суға батып бара жатқан адамды құтқарып алған мезетте қандай сезімде боласыз?

Қалмахан Қыдырбаев: Ондай сәттер бізде көп болып жатады. Ең бірінші адам өмірін құтқарып қалған кезде өз міндетіңді, құтқарушылық борышыңды атқарғаныңды түсінесің. Бұл салада тектен-тек жүрмегеніңді сезінесің. Құтқарылған адамның өзі, анасы, туыстары келіп құшақтап, алғыс айтқанда кәдімгідей қуанып қаласың. Бойыңда мақтаныш сезімі пайда болады. Менің де елге пайдам тиіп жатыр деп ары қарай жаттығуды одан сайын күшейтіп, өзіңді шыңдай түсесің. Шынымды айтсам, адам өмірін арашалап қалған сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

El.kz: Ажалдан арашалап үлгермей қаламын деген қорқыныш сезімі болатын шығар. Сондай сәттерде өзіңізді қалай сабырға шақырасыз?  

Қалмахан Қыдырбаев: Жыл өткен сайын тәжірибең де артады. Үздіксіз жасаған жаттығуыңның арқасында құтқару жұмыстарының әдіс-тәсілдерін де жақсы меңгеріп аласың. Көмекке мұқтаж адамды құтқарып алып шығамын, аман-есен туыстарына тапсыруым керек деген ойда боласың. Кәсіби тұрғыда өз міндетіңді атқарып шығу керексің. Барлығын байыппен, сабырмен қабылдайсың.

El.kz: Өмір болған әртүрлі жағдай болып жататыны анық. Кейде су астынан адамның өлі денесін алып шығатын сәттер де бар. Сондай кезде «Әттең, аман алып қала алмадық» деп жаныңызға қатты батып, күйзеліске түскен сәтіңіз болған ба?

Қалмахан Қыдырбаев: Біз құтқарушылар кез келген жағдайға сақадай-сай дайын болуымыз қажет. Шақырту түспеген сәттерде жұмыста тұрақты түрде психологтар бізге сабақ өтіп тұрады. Осындай адам шығыны, оқыс оқиғалар болған сәтте күйзелістің алдын алу үшін мұндай сабақтардың көмегі көп. Негізі адам суға батқан сәтте дереу іздестіру жұмыстарына кіріссек, ол адамды аман алып қалуға болады. Санаулы минутта суға батқан адамды алып шығып, өкпесіндегі суды шығарып, тірілтіп алуға мүмкіндік жоғары. Бірақ өкінішке қарай бізге көп жағдайда 2-3 сағаттан соң хабар түседі. Өйткені суға батқан адамның туыстары, достары оны алдымен өздері іздеуге кіріседі. Нәтиже болмаған соң барып бізге хабарлап жатады. Кейде ағын суға батқан адамды да аман алып қалуға болады. Қазақта «періштесі қақты» деп бекерден-бекер айтылмайды ғой.

El.kz: Өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, өзгені аман қалуда еңбектеріңіз орасан зор екені белгілі. Дегенмен мына су асты терең немесе ағысы қатты деп, бойыңызда үрей болған сәттер кездескен бе?

Қалмахан Қыдырбаев: Үрей болмайды деп өтірік айта алмаймын. Кез келген дені дұрыс адамның өз қорқынышы болады ғой. Өз басым қорқынышты жеңу үшін жаттығуды үзбеймін. Жұмыста да практикалық сабақтар алып отырамыз. Мәселен, мына өзенге адам батып кетті деген хабар келе ме дереу оның тереңдігі қандай, құтқару жұмыстары кезінде қандай кедергілер болуы мүмкін екеніне психологиялық тұрғыда өзіңді дайындайсың.

(Фото: Қалмахан Қыдырбаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Сүңгуір-құтқарушылардың жұмыстағы бір күні қалай өтеді?

Қалмахан Қыдырбаев: Бізде басшылық арнайы бекіткен жұмыс кестеміз бар. Кезекшілік ұйымдастырылады. Таңғы сағат 8.30-дан бастап кезекшілікті қабылдап аламыз. Сүңгуір аппаратарды, қайықтарды, арнайы көліктердің барлығын қабылдап аламыз. Кейін басшылық келіп, бәрімізді тұрғызып, сол күнгі тапсырмаларды айтады. Түнгі кезекшіліктегі оқиғалар баяндалады. Егер шақыртулар түспесе, күнделікті жұмыс кестесіне сай спорттық жаттығулар, арнайы сабақтар өтеміз. Қысқасы, үнемі жауынгерік дайындықта боламыз.

El.kz: Шыны керек, сүңгуір дегенде тек шомылу маусымы еске түседі. Жылдың басқа мезігілінде шақыртуға шықпайсыздар ма сонда?

Қалмахан Қыдырбаев: Суға бату оқиғалары тек шомылу маусымында емес, қыстың күндері де болып жатады. Мәселен, қыстың күндері балық аулаушылардан шақыртулар түседі. Мұз қатқан су айдынының үстінде балық аулап отырып, батып кететіндер бар. Сүңгуір-құтқарушы болғанымызбен тек судағы емес, басқа да құтқару жұмыстарына шығамыз. Тауға шығып, түсе алмай қалғандар болады. Соларға көмекке келеміз. Тіпті үйіне жылан кіріп кеткендер немесе пәтер есігін аша алмай қалғандарға да бара береміз. Шақыртулардың түрі көп.

El.kz: Осы салада жүргеніңізге 21 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде неше адамды аман алып қалуыңызға себепші болдыңыз? Өзіңізге кейде есеп беретін шығарсыз?

Қалмахан Қыдырбаев: Бізде әр құтқарушының өзінің кітапшасы болады. Сол кітапшамызда қанша адамды құтқардық, қаншауын су астынан алып шықтық, қай жылы, қай күні барлығы жазылады. Осы 21 жыл ішінде шамамен 70-80 адам аман қалыппын.  

El.kz: Отбасыңыз сіздің бұл мамандығыңызға қандай көзақарста? Бәлкім «Қоя салшы, 20 жылдан астам ғұмырыңды осы салаға арнадың, басқа мамандық та жетіп артылады» деп қолға салған сәттер болған ба?  

Қалмахан Қыдырбаев: Әрине, кез келген құтқарушының отбасы, жақындары, туыстары уайымдайды ғой. Айтпайды емес, айтады. Өз мамандығыңмен жұмыс істесең қалай болады деп қолқа салатын да кездер болды. Бірақ мен бұл салаға кеше келгенім жоқ, сондықтан отбасым менің жұмысыма бірте-бірте  үйренді. Дегенмен түрлі оқиғаларды естіп жатады. Мысалға, бір адам суға батса, 10 күндеп, тіпті кейде одан да көп уақыт бойы іздестіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал боранды күндері адам адасып қалса, оны да іздеуге шығамыз. «Адасып, жоғалып қалған адамдарды іздеуге шыққанда өздерің қалай жоғалып қалмайсыңдар» деп сұрап жатады. Оның үстіне су астындағы іздестіру жұмыстары кезінде ауа жұтатын аппараттарымыз жарты-ақ сағатқа жетеді, отбасым оны жақсы біледі. Олар жұмысқа шыққан әрбір күнімізде амандығымызды тілеп отырады. Негізі ойлаймын, біз өз жұмысымызды жан-тәнімізбен жақсы көргендіктен, қызыққандықтан бұл саладан кеткіміз келмейді. Әр жұмыс күніміз біз үшін ерекше.

El.kz: Құтқарушының жұмысы жауапты әрі өзіндік қиындығы бар. Жолыңызды қуғысы келетін перзенттеріңіз бар ма?

Қалмахан Қыдырбаев: Үлкен ұлым менің мамандығыма қатты қызығады. Қазір жасы 6-да. Мәселен, күнде таңертең жұмысқа шығарда жұбайым киімімді реттеп, ас-ауқамды дайындайды ғой. Сондай сәтте ұлым менің қызметтік киімімді, бас киімімді өзі киіп алады. «Өскенде сіз сияқты құтқарушы боламын» деп үнемі айтады.

(Фото: Қалмахан Қыдырбаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Өкінішке қарай, қазір суға кету, өрт оқиғаларына қатысты статистика көңіл көншітпейді. Әр күні - бір оқиға. Қалай ойлайсыз, қазір адамдар әсіресе жастар өз өміріне қаншалықты жауапкершілікпен қарайды? Оқыс оқиғалар неге көбейіп кетті?

Қалмахан Қыдырбаев: Мұндай жайттардың көбеюін бір жақты айтуға келмейді. Түрлі жағдайлар болады. Мысалға, су айдындарындағы оқиғаларды айтар болсам, түрлі адамдармен бетпе-бет кездесіп жатамыз. Суға шомылуға келеді, көңіл көтереді. Алкогольдік ішімдіктер ішеді. Шынын айтқанда, олардың көбі жастар. Негізі айтар едім, су спирттік ішімдікті жақтырмайды. Ал ішімдік ішкен адам не істейді? Ішінде бір «батырлық» қасиет пайда болып, суға түседі. Жүзіп бара жатып жағадан алысқа кетіп, жүзуге рұқсат етілмеген орындарға жетіп қалғанын өздері де байқамай қалады. Негізі біз құтқарушылар түрлі оқыс оқиғалардың алдын алу үшін шомылуға келгендерге келе салып ескертеміз. Рұқсат етілмеген орындар туралы айтамыз. Бала-шағаларыңызға қараңыздар, алысқа жібермеңіздер деп үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ қазір көп адамдар мұндай ескертулерге құлақ асқысы келмейді, тыңдамайды. Тіпті араларында «Мен жақсы жүзе аламын, маған уайымдама» деп жауап қатып жататындары да бар. Әсіресе жаздың уақытында күн ыстық, денесі қызып тұрғандықтан мұздай суға келіп сүңгиді. Ол кезде кей адамдардың аяқ тамырлары тырысып, жүзу былай тұрсын, қозғала алмай қалатындар бар. Ал табиғи апарттарға келсем, жасыратыны жоқ  соңғы кездері өрт жағдайлары да көбейіп кетті. Үйлер, көліктер өртеніп, жанғыш заттар артып барады. Мен жалпы халыққа арзан дүниеге қызықпау керек деп кеңес айтар едім. Үй соғарда сол саланың мамандарымен ақылдасып, сапалы құрылыс материалдарын таңдаған дұрыс. Тез жанғыш материалдар арзан деп соны алып жатады. Одан бөлек кейбір тұрмыстық техникаларға да сенім жоқ. Күйіп кетеді, жанып кетеді. Газға шай қойып, ұмытып кететіндер де бар. Бұған, әрине, адами факторлар - басты себеп. Негізі үйдегі өрттің көбі адамның қателігінен болады.

El.kz: Үздік құтқарушыға тән негізгі делінген қасиеттерді атап өтіңізші...

Қалмахан Қыдырбаев: Бірінші кезекте өз ісіне адал, жұмысын, отбасын жақсы көретін адам болуы керек деп ойлаймын. Оның еңбек өтілі немесе жасы маңызды емес, бастысы – мамандықты жақсы көру, өз жұмысын беріліп істеу. Үнемі спортты жанына серік ету, әрдайым өз-өзімен жұмыс істей білу, өзін шыңдау, әрдайым ізденісте жүру де құтқарушының бойында болуы керек қасиеттер. Одан бөлек құтқарушы жақсы психолог та бола білгені жөн. Себебі қиын жағдайға тап болған адам эмоцияға беріліп жылап немесе қатты айқайлап жатады. Аффект жағдайында кез келген бұрыс қадам ол адамның өміріне қауып төндіруі мүмкін. Ондай кезде «Уайымдамаңыз, сізді құтқарып аламыз. Бәрі жақсы болады» деп оларды сабырға шақыра білу қажет. Кез келген құтқарушы адамдармен дұрыс сөйлесе білгені жөн. Сонымен қатар үздік құтқарушы ұжыммен жақсы тіл табыса білгені абзал.  Өйткені құтқару жұмыстары - ұжымдық еңбек.

El.kz: Құтқару жұмыстарының әрбірінің өз қиындығын жақсы түсінеміз. Дегенмен соның ішінде сіз үшін қайсысы қиын? Судағы құтқару ма, әлде өрт оқиғасы кезіндегі ме?

Қалмахан Қыдырбаев: Мен сүңгуір-құтқарушы болғандықтан өрт оқиғаларына шықпағанмын. Мен үшін таудағы құтқару жұмыстары қиынырақ шығар. Өйткені көмекке мұқтаж болып тұрған адам көз алдыңда, оны көріп тұрсың. Бірақ бірден жете алмайсың. Тастың ұшында әрең тұрған адам төмен құлап кететіндей қорқасың. Қатты қорыққаны соншалық өз-өзін төмен тастап жібере ме деп жаныңды шүберекке түйіп тұрасың.

El.kz: Құтқарушы боламын дейтін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Қалмахан Қыдырбаев: Мені бір қуантатыны соңғы жылдары құтқарушылардың жұмысына деген көңіл де, назар да артып келеді. Сонымен қатар жастардың біздің салаға деген қызығушылықтары артып отыр. Құтқарушы болғысы келетін жастар бізге келіп, кеңес сұрап тұрады. Өзіміз де ара-тұра мектептерге арнайы барып, оқушылармен кездесіп тұрамыз. «Сіз сияқты құтқарушы болғым келеді» деп арманын айтатындар да баршылық. Әрине, біздің сала оларды қызықтырғаны - біз үшін үлкен мақтаныш. Мұндай жастарға айтар кеңесім, бірінші кезекте мықты жігіт болу керек. Дене бітімі физикалық тұрғыда ғана емес, білімі, ақылы болу қажет. Бастысы, өз мамандығын сүйіп таңдаса, қызығушылық күн өткен сайын арта түсетіні анық.

El.kz: Төтенше жағдайлар қызметінде жүргендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау тиісті деңгейде деп айта аласыз ба?

Қалмахан Қыдырбаев: Әрине, соңғы жылдары біздің сала қызметкерлеріне деген қолдау жақсы көрсетіліп келеді. Жалақымыз да көтерілді, айлықты уақытылы аламыз. Жалақымыз шақырту санына байланысты емес, тұрақты. Материалдық-техникалық базамыз да жақсы. Құтқару жұмыстарына қажетті жабдықтардың барлығы бар. Киім үлгілеріміз де жаңарып, жылма-жыл беріліп тұрады. Мемлекетке ешқандай өкпе-назымыз жоқ. Қоғамның да біздің салаға деген көзқарасы жақсы жағынан өзгерген. Шақыртуларға барып, құтқару жұмыстарын жүргізген соң ешқандай артық сөз айтпастан, «Жұмыстарыңыз алға бассын» деп баталарын беріп, алғыстарын жаудырып отырады.

El.kz: Сүңгуір-құтқарушылар бүгінде қанша жалақы алады?

Қалмахан Қыдырбаев: Сүңгуір-құтқарушылардың жалақысы қазіргі таңда 200-250 мың теңге аралығында. Бізде кезекшілікке түскен кезде аға құтқарушы дегендер болады. Олар қатардағы қызметкерлерге қарағанда  20 мың теңгеге жоғары жалақы алады.

(Фото: Қалмахан Қыдырбаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Шақыртулардың ішінде есіңізде қалып қойғаны әрі күлкі үйірерлік сәттер кездескен бе? Яғни, болмашы шақыртулар да болған шығар?

Қалмахан Қыдырбаев: Иә, бірақ ондай шақыртулар сирек кездеседі. Мынандай бір оқиға болған. Бізге хабарласқан бір тұрғын үйімнің шатырында жылан ілініп тұр, өзі де көрініп тұр деп айтты. «Ешқандай әрекет жасамаңыз, тиіспеңіз» дедік те дереу көрсетілген мекенжайға бардық. Екі қабатты үй екен. Үйдің шатырына шығып қарасақ ешқандай да жылан емес. Балалары ойнап жүріп, ұзын жарықшамды сонда іліп кеткен екен. Сол ілініп, жылан боп көрінген ғой. Тіпті кейде жылан дегендері шегіртке боп шығады (күліп). Түнгі уақытта көрінбейді ғой, дауысы естіліп тұр, жылан деп көмек сұрайтындар бар.

El.kz: Төл мерекелеріңіз құтты болын! Кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге айтар қандай тілегіңіз бар?

Қалмахан Қыдырбаев: Мерекеміз қарсаңында сұхбат алып, біздің қызметімізді оқырмандарыңызбен бөлісіп отырғандарыңызға рахмет айтқым келеді. Ал әріптестеріме тілерім, жұмыстарыңыз алға баса берсін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Құтқарушы болғаннан кейін ең алдымен елімізде ешқандай төтенше жағдай болмасын дегім келеді. Қандай да төтенше жағдай тек оқу-жаттығу жағдайында өтсе деймін.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға