Сұлулық пен қауіп: Еуропа гель-лакқа неге шектеу қойды?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Тырнақ күтімін жеңілдетудің тиімді тәсілдерінің бірі – гель-лак. Бұл жабын ұзақ уақыт бойы тырнақтың әдемі әрі ұқыпты көрінуін қамтамасыз етеді, сонымен қатар күтімге кететін уақыт пен күшті едәуір қысқартады. Алайда гель-лакты дұрыс қолдану ғана емес, оны сауатты түрде шешу де маңызды. Егер процедура дұрыс жасалмаса, тырнақтың табиғи құрылымына зақым келуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Гель-лак дегеніміз не?
Гель-лак – тырнаққа арналған заманауи жабын түрі. Ол гель негізіндегі материал мен кәдімгі лактың (түссіз немесе түрлі пигмент қосылған) қосындысынан жасалады. Ең басты ерекшелігі – арнайы ультракүлгін немесе LED-лампа арқылы қатайтылып, бірнеше аптаға дейін берік әрі сынбай сақталуы. Дұрыс жағылып, ұқыпты күтім жасалған жағдайда гель-лак қабыршақтанбайды және тырнақтан ажырамайды.
Кей адамдар гель-лакты шеллакпен шатастырады. Негізінде Shellac – CND (Creative Nail Design) компаниясының патенттелген өнімі. Ол нарыққа алғаш шыққаннан кейін кеңінен таралып, атауы жалпы ұғым ретінде қолданылып кетті. Дегенмен шеллак – жеке марка, ал әр өндірушінің гель-лактары өзіндік формулаға және қоспалардың әртүрлі арақатынасына негізделген.
Гель-лактың артықшылықтары
Бүгінде гель-лакпен жасалатын маникюр сұлулық салондарының басты қызметтерінің біріне айналды. Оның кеңінен таралуына бірнеше себеп бар:
- Төзімділігі. Гель-лакпен жасалған маникюр екі-үш аптаға дейін бұзылмай сақталады. Ал кәдімгі лак небары бірнеше күннен кейін өшіп, қайта жағуды қажет етеді, бұл уақытты да, күшті де көп алады.
- Жылдамдығы мен қолайлылығы. Гель-лак ультракүлгін лампаның астында бірнеше секундта қатаяды. Ал кәдімгі лак 10–15 минут кепсе де, жабындының бүлініп кету қаупі жоғары.
- Әмбебаптығы. Түрлі реңктер мен дизайндардың мол таңдауы кез келген стильді жасауға мүмкіндік береді. Ұзын да, қысқа да тырнаққа сәнді әрі ұқыпты маникюр жасауға болады.
- Бағасы. Гель-лакпен жасалған маникюр қарапайым лакқа қарағанда қымбаттау болғанымен (орта есеппен 8-9 мың теңге), оны бірнеше аптада бір рет қана жаңарту жеткілікті.
- Нәзік тырнақты қорғау. Гель-лактың төзімді қабаты тырнақты сенімді қорғайды. Оның көмегімен бастапқыда әлсіз не сынғыш тырнақты да қалаған ұзындыққа дейін өсіруге мүмкіндік бар. Кәдімгі лак мұндай қорғаныс бере алмайды.
Гель-лактың кемшіліктері
Гель-лактың артықшылықтарымен қатар, ескеретін әлсіз тұстары да бар:
- Жұмыс күрделілігі. Тәжірибе мен машықсыз тырнақты дұрыс дайындау, қою қоспаны біркелкі жағу және оны лампада дұрыс қатайту оңай емес.
- Арнайы құралдар қажеттілігі. Сапалы маникюр жасау үшін кәсіби деңгейдегі лампа керек, ал арзан құрылғылар күткен нәтижені бермеуі мүмкін. Сонымен бірге базалық және үстіңгі жабындар да міндетті түрде қолданылады.
- Алу қиындығы. Гель-лакты өздігінен шешу тырнаққа зақым келтіруі ықтимал. Сол себепті оны салонда маманға алдырған жөн.
- Аллергия қаупі. Гель-лак құрамына реакция сирек кездескенімен, мүлде жоқ емес. Бұрын косметикаға аллергия болған болса, міндетті түрде маникюр шеберін ескерткен дұрыс. Кей салондарда гипоаллергенді жабын түрлері бар, бірақ олар барлық жерде қолжетімді емес.
Ең дұрысы, гель-лакпен маникюрді тәжірибелі маманға сеніп тапсырған жөн. Себебі арнайы білім мен дағдысыз жасалған маникюр сапасыз болып шығуы мүмкін, ал шығындалған материалдар зая кетеді. Дегенмен гель-лак жағу процесі салонда да, үй жағдайында да негізінен бірдей және бірнеше кезеңнен тұрады.
- Маникюр жасау
Алдымен тырнақ дұрыс дайындалуы тиіс: қол таза болуы керек, тырнақ пластиналары тегістеліп, пішіні келтіріледі, кутикула алынады. Бұл кезеңде тырнаққа қажетті форма беріліп, беті жылтыратылады. Маникюрді құрғақ әдіспен де, жылы ванночкада жұмсартып та жасауға болады. - Тырнақ бетін дайындау
Қайтадан гель-лак жағу кезінде шебер алдыңғы жабынның үстіңгі қабатын алып тастайды. Бұл жұмыс арнайы маникюр аппаратының әртүрлі насадкалары арқылы атқарылады. - Тырнақты нығайту
Тазартылған тырнақ бетіне алдымен майсыздандырғыш жағылады. Бұл – жабынның жақсы жабысып, ұзақ сақталуына қажет. Оның үстінен базалық жабын жағылып, УФ-лампада қатайтылады. - Дизайн
Ең қызықты кезең – таңдалған гель-лакты бір немесе екі қабат етіп жағу. Қажет болса, әртүрлі нейл-арт элементтері қосылады. Әр қабат міндетті түрде ультракүлгін лампада қатайтылады. - Топтық жабын
Маникюр қандай стильде жасалса да – нәзік нюд, жарқын түстер, сурет, жапсырма немесе глиттер – соңғы қадамда міндетті түрде топтық (қорғаушы) қабат жағылады. Ол да лампаның астында қатайтылады. Процестің соңында тырнақ пен теріні жұмсартатын крем немесе қоректік май қолданылады.
Гель-лакты қалай дұрыс алу керек?
Гель-лакты уақтылы алу – маникюрді жаңартудың негізгі шарты. Негізінен тырнақ өскен сайын оның түбінде жабынсыз аймақ пайда болады, ал қалған бөлігі ұзақ уақыт сақталады. Ең дұрыс шешім – гель-лакты салонында маманға алдырып тастау. Шебер арнайы фреза насадкаларының көмегімен ескі жабынды қауіпсіз түрде алып тастайды.
Үй жағдайында да гель-лакты кетіруге болады. Ол үшін ацетон қосылған арнайы сұйықтыққа батырылған мақта дискілерін тырнаққа қойып, үстінен фольгамен орап қояды. 10–20 минуттан соң жабын жұмсарып, оны ағаш маникюр таяқшасымен жеңіл итеріп алып тастауға болады. Қазір дүкендерде осы мақсатқа арналған дайын арнайы сіңдірілген майлықтар да сатылады, оларды қолдану өте ыңғайлы.
Маңызды ескерту: гель-лакты тырнақтан күшпен жұлуға немесе жұлқып алуға болмайды. Өйткені жабын тек тырнақтың үстінде ғана емес, оның ұсақ қуыстарына да еніп тұрады. Егер оны жұлып тастаса, тырнақ пластинасы зақымдалып, сынып, жарылып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда тырнақтың толық қалпына келуі үшін оны түгелдей өсіріп шығуын күтуге тура келеді.
Топ-мастер Юлия Бахареваның айтуынша, гель-лак бүгінде тек сәндік маникюр емес, күнделікті күтімнің ажырамас бөлігіне айналған.
Алайда оны қолдануда белгілі бір қауіптер барын естен шығармау керек. Аллергиялық реакциялар сирек болса да, мүлде жоқ емес. Олар тек гель-лактың өзінен ғана емес, оны жағуға немесе алуға арналған қосымша құралдардан, тіпті қатайтуға пайдаланылатын ультракүлгін лампалардан да туындауы мүмкін. Сондай-ақ құрамға қоюланып кетпес үшін қосылатын никель де кейбір адамдарға кері әсер етуі ықтимал. Сондықтан материалды таңдағанда өнімнің сапасына, өндірушінің сенімділігіне және шебердің тәжірибесіне ерекше көңіл бөлу қажет, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, кейбір клиенттер гель-лакты тек база ретінде жағып, үстінен қарапайым лак қолданады.
Бұл – уақыт пен күштің бос шығыны. Мұндай жабын ұзаққа шыдамайды. Ал моделденген гельдің үстіне қарапайым лак жағып, уақытша түрлендіру – салонға бара алмай қалған жағдайда тырнақтың сыртқы көрінісін сақтап тұруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Бахарева.
Оның айтуынша, гель-лакпен жасалатын дизайн түрлері өте көп. Стемпинг, акрил немесе акварель бояулары арқылы өрнек салуға болады. Бірақ кез келген жабынды екі-үш аптадан артық ұстап тұруға болмайды, себебі материалдың табиғи тозуы басталады.
Егер сапалы қышқылсыз құрамдар қолданылып, барлық технология сақталса, гель-лак тырнаққа зиян тигізбейді. Дегенмен қосымша күтім міндетті. Қоректік майлар мен арнайы кремдерді тұрақты пайдалану тырнақ пен кутикуланың ылғал-май тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Ал ең бастысы – тырнақтың қоректенуі сырттан емес, матрикстегі қан тамырлары арқылы жүзеге асады, – деп атап өтті топ-мастер.
Еуропа неліктен гель-лак қолдануға тыйым салды?
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Еуропалық Одақ елдерінде гель-лактың негізгі компоненттерінің бірі — триметилбензоил дифенилфосфин оксиді (TPO) қолдануға ресми түрде тыйым салынады. Дегенмен, дәрігер Салтанат Жолдасбекқызының айтуынша, Еуропада соңғы 5–6 жыл көлемінде гель-лакқа байланысты нақты ауқымды зерттеу жүргізілмеген.
Яғни гель-лак қолданғандар мен қолданбағандарды екі топқа бөліп, салыстырмалы нәтижелер жасалған жоқ. Дегенмен гель-лак құрамындағы TPO заты 1B санатына енгізілген. Бұл санатқа жануарларға жүргізілген тәжірибелерде канцерогендік әрі мутагендік әсер көрсеткен заттар жатады. Сондықтан Еуропалық комиссия алдын ала сақтық шараларын негізге алып, оған шектеу қойып отыр. Еуропада профилактика мен қауіптің алдын алу мәдениетіне ерекше көңіл бөлінеді, – деді маман.
Сонымен қатар ол гель-лакты тұрақты қолданудың адам ағзасына ұзақ мерзімді зияны әзірге толық зерттелмегенін атап өтті.
Сондықтан бұл өнімді үнемі емес, белгілі бір үзілістермен пайдаланған дұрыс. Мәселен, бірнеше ай қатарынан қолданғаннан кейін 1–2 ай демалыс жасап отыру – тырнақтың табиғи қалпына келуіне мүмкіндік береді, – деді дәрігер.
TPO – маникюрге арналған жабындардың беріктігін арттыратын кең таралған ингредиент. Алайда соңғы ғылыми зерттеулер оның ағзаға уытты әсерін көрсетіп отыр. Мамандар бұл қоспа репродуктивті жүйеге зиян тигізіп, ұзақ мерзімді денсаулыққа қауіп төндіретінін анықтаған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім – тек құрамға енгізілген техникалық түзету емес, Еуропадағы маникюр индустриясы үшін үлкен бетбұрыс. Енді сұлулық салондары мен косметикалық компаниялар жаңа формулаларға көшуге және қауіпсіз баламалы қоспаларды пайдалануға мәжбүр болады.
Мамандардың айтуынша, мұндай қадамның басты мақсаты – тұтынушылардың денсаулығын қорғау. Алдағы уақытта Еуроодақ аумағында тек клиникалық тұрғыдан қауіпсіздігі дәлелденген өнімдер ғана қолданылмақ.
Еуропалық комиссия триметилбензоил дифенилфосфин оксидін (TPO) ресми түрде тыйым салынған ингредиенттер қатарына қосты. Бұған оның репродуктивті жүйеге уытты әсер ету ықтималдығы себеп болды.
Бұл шешім жануарларға жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесіне негізделген. Нәтижесінде TPO CMR 1B санатындағы зат ретінде танылды. Мұндай санат – заттың адам ағзасына қауіптілігін көрсетеді және ол құнарлылыққа, ұрпақ өрбіту қабілетіне, болашақ ұрпақ денсаулығына зиян тигізуі мүмкін дегенді білдіреді.
Бұл неге сұлулық индустриясы үшін маңызды?
TPO – гельді ультракүлгін немесе LED-лампа астында қатаюға мүмкіндік беретін фотоинициатор. Осының арқасында гель-лак тез қатып, берік әрі мінсіз жабын түзетін. Сондықтан ол көптеген танымал брендтердің құрамында негізгі компонент ретінде қолданылып келді.
Алайда жаңа шешімнен кейін жағдай түбегейлі өзгерді:
- TPO бар өнімдерді сатып алуға да, қолдануға да болмайды.
- Салондардағы бұрынғы қорлар толықтай жойылуға тиіс.
- Тексерістер бұрынғыдан да қатаң жүргізіледі.
Бұл индустрия үшін үлкен сынақ саналады, себебі нарықтағы қалыптасқан өнімдердің басым бөлігі дәл осы компонентке негізделген болатын.
Гель-лак құрамынан TPO алынып тасталған соң, оны алмастыратын бірнеше нұсқа алға шығып отыр. Дегенмен олардың әрқайсысы сапасы, қолдану ыңғайлылығы және қауіпсіздігі тұрғысынан әртүрлі бағаланады.
- Акрил жабындары – маникюр әлеміндегі ең дәстүрлі әрі тексерілген әдіс. Оның басты ерекшелігі – беріктігі мен ұзақ уақыт сақталуы. Алайда акрил иісі өткір және тырнаққа дұрыс қолданылмаса, зақым келтіруі мүмкін.
- Дипинг-жүйелер (пудралы жабындар) – соңғы жылдары танымал болып келе жатқан технология. Бұл әдіс қауіпсіздігімен ерекшеленеді, бірақ кәсіби дағдыны талап етеді. Шебердің тәжірибесіне қарай нәтиже әртүрлі болуы мүмкін.
- Кәдімгі лактар – баяу кебетініне қарамастан, денсаулыққа қауіпсіздігімен және қолжетімділігімен құнды. Сонымен қатар түс пен текстура бойынша таңдаудың кеңдігі оларды әлі де сұраныста ұстап тұр.
- TPO құрамынсыз жасалған жаңа өнімдер – косметикалық нарықта енді ғана пайда болып жатыр. Әзірге ассортименті шектеулі болғанымен, алдағы уақытта өндірушілер бәсекеге қабілетті, заманауи формулалар ұсынуға тырысатыны сөзсіз.
Сарапшылардың айтуынша, Еуропалық Одақтағы бұл тыйым сұлулық индустриясына жаңа серпін береді. Өйткені нарық енді тұтынушы денсаулығын бірінші орынға қойған, экологиялық әрі қауіпсіз өнімдерге қарай бет бұрады.
Зертханалық жағдайда TPO-ның қауіптілігі дәлелденгенімен, маникюр тәжірибесінде оның әсері әлдеқайда шектеулі. Себебі:
- ол буланып, ауаға таралмайды;
- жабынның құрылымында толықтай «құлыпталып» қалады;
- терімен тікелей жанасуы өте аз немесе мүлде болмайды.
Дегенмен Еуропа заңнамасына сәйкес, кез келген ықтимал қауіпті зат косметикалық өнімдер құрамында қолданылмайды. Бұл талап қолдану әдісіне немесе заттың ағзаға нақты қалай әсер ететініне қарамастан күшінде қалады.
Енді шеберлер мен сұлулық салондары не істеуі керек?
- Қолданылып жүрген барлық өнімдерді тексеріп, құрамында TPO бар гельдерді толықтай алып тастау қажет.
- Клиенттерге тек қауіпсіз формулаларды пайдаланатыныңызды ашық хабарлап, сенімін нығайтыңыз.
- Әсіресе тексеріс кезінде, өнімдерге қатысты сертификаттар мен сапа құжаттарын алдын ала дайындап қойған жөн.
- Жаңа жабын жүйелерін меңгеруге уақыт бөліңіз — бейімделу бұл жағдайда міндетті қадам.
CMR нені білдіреді?
- C — канцерогендік (қатерлі ісік тудыру қаупі).
- M — мутагендік (генетикалық өзгерістерге ықпал ету қаупі).
- R — репродуктивтік уыттылық (ұрпақ өрбіту жүйесіне зиян келтіру ықтималдығы).
TPO жағдайында тек соңғысына — репродуктивтік уыттылыққа қатысты қауіп анықталған. Бірақ бұл фактінің өзі оны косметика құрамында қолдануға толық тыйым салуға жеткілікті болды.
TPO қай салаларда қолданыста қала береді?
- Стоматологияда (мысалы, пломбаларда).
- Өнеркәсіпте: жабындар, желімдер, қаптамалар.
- Электроника мен оптикада: түрлі компоненттер өндірісінде.
Бүгінде индустрия жаңа, қауіпсіз фотоинициаторларды табуға ұмтылып жатыр. Алайда бұл оңай жол емес: алдағы уақытта материал тапшылығы, бағаның көтерілуі, тіпті кейбір брендтердің нарықтан кетуі де ықтимал.

