Жаңалықтар

Сұлубай батыр шоқысы

Бұл Алтай тауларының баурайын баса орналасқан Шіңгіл ауданы еді. Қытай үкіметінің құзырындағы қазақтың байырғы ата қонысы.
Сұлубай батыр шоқысы
Фото: Жарқынбек Жұмаділ 13.02.2017 16:23 10925

Мен оянғанда Алтайдың әппақ таңы әлдеқашан ағарып атып, күн құрық бойы көтерілген  екен. Тамыздың тымырсық кезі болғандықтан, кеше кешкілік өзім жатқан бөлменің терезесін ашып қойған едім. Енді міне түнімен жауған жаңбырдан кейінгі ауаның жұпар иісі ашық қалған терезеден бойыма сіңіп, әп-сәтте сергітіп жіберді. Бұл Алтай тауларының баурайын баса орналасқан Шіңгіл ауданы еді. Қытай үкіметінің құзырындағы қазақтың байырғы ата қонысы.

Мен орнымнан тұрып, жуынып шыққанша, шапшаң қимылдаған сары жеңгеміз кәдуілгі әдетіне басып, дастархан үстін жайнатып қойыпты. Ғасыр өзгерсе де қасиеті жойылмаған қазақтың қонақжайлылық қалпы. Негізінде қазақ қонағын құдайы қонақ, арнайы қонақ және кезбе қонақ деп үшке бөлсе керекті. Менің бұл үйге арнайы қонақ болып келгеніме үш күн, Бақабек Дәуітханұлы деген қазақтың қара шаңырағы. Маған аға ретінде аталас туыс болып келеді.

Сары жеңгеміздің дархандығы мен қолының ашықтығын әйгілейтін әдемі жайылған дастархан төріне жайғастым. Баптап қайнатылған қою шайға қаймағын араластыра сүт қосып, қолыма ұсынған сары жеңгем сөз бастады:

─ Ал қонақ бала, үш күннен бері өзің қалаған жердің бәріне бардың, енді қайда серуендегің келеді?, ─ деді күліп.

─ «Қонақ қойдан жуас болар» деген жеңге, оның үстіне қанағат деген де керек қой адамға, осы құрмет-қошеметтеріңізге де разымын, сіздерді әурелемей қайтқаным жөн болар, ─  дедім  қолымдағы кесені қойып жатып.

─ Ол не дегенің, ата жұрттан арнайы келгесін туған ұлымыз келгендей қуанып жатырмыз. Тағы біраз күн бол, бүгін ағаң сені Сұлубай батырдың шоқысына апармақшы, қазір өзі де келіп қалар, азанда ерте жұмысына кеткен, ─  деді сары жеңгеміз өз алдындағы жемістерді маған қарай сырғытып жатып.

Қуаныштан ба, әлде ризашылықтан ба, ыржия күле беріппін, маған керегі де осы еді. Сұлубай батыр шоқысын көру осында келгелі ойымда жүрген. Көз алдыма қиын күндерде қолына домбырасын алып мылтығын иығына асына ән шырқаған батыр тұлғасы келді.

Атымды Сұлубай деп әкем қойған,

Руым Жәнтекейдей ортаны ойған-ай.

 

Секпілтай, Шаңқан, Тұрғынды-ай,

Сағындым қалған құрбымды-ай.

 

Жазықсыз жауым мені қойдың қамап,

Кетпейді бұл қорлығың әсте ойдан-ай.

 

Шіңгілдің мөлдір суындай,

Деп салған әнім Сұлубай!...

Тіршілігі қайнаған қала тұрмысын бір сәтке болса да артқа қалдырып, Бақабек ағамыздың темір тұлпарын тебініп, жолға шықтық. Бақабек аға тізгінді күйеу баласына ұстатып,өзі қасына жайғасты. Сары жеңге екуміз артқы орынға қатарласа отырдық. Бағыт айқын, беталыс қаладан жүз шақырымдай алыстағы Сұлубай батыр шоқысы. Терезеден сырытқа көз тастап үнсіз келем. Машинаның жылдамдығына ілесе алмай, артта қалып жатқан маңғаз таулар мен жыра-жылғалар бар тарихтың құпиясын қойнына тығып, үнсіз жатқандай.  Қытай гоминдаң үкіметінің езгісіне төзбеген ұлы дала ұрпақтарының ұлт-азаттық көтерілісі алғаш Өр Алтай топырағында  басталған болатын. 1940 жылдары Есімхан, Ырысхан бастаған алғашқы еркіндік жолындағы кескілескен күреспен қайсар халықтың қан төгісі осынау киелі мекенде өткен.

Бақабек ағамыз арадағы үнсіздікті бұзғысы келді білем, бір жөткірініп алды да әңгіме тигін ағытты. Шамасы жол қысқарсын десе керек.

─ Осындағы жұрт білетін әңгімені айта отырайын ,- деді бар денесімен бізге қарай бұрылған Бақабек аға:  Сұлубай батыр Сапыұлы келіскен кесек денелі, биік қабақ, бір бетінде кішілеу меңі бар ұзын мұртты, қоңқақ мұрындылау, қарасұр кісі екен. 1907 жылы Алтай аймағының Шірік ши ауылында дүниеге келіпті. Әкеден жастай жетім қалған Сұлубай  қаршадайынан өзгелердің малын бағып, күйкі күн кешіріп, жоқшылық тақыретін мықтап тартады. Басқаның қабағына қарап, жаутаңдап өмір кешуді намыс санаған арлы азамат 1929 жылы тамызда аға- бауырларын, шешесін ертіп біздің Шіңгілге келіп қоныстанады. Ол Шақабай руының ішінде, Ноғайбай рубасының үйінде болады. Ноғайбай 1940 жылғы көтеріліс басшыларының бірі Ырысханның әкесі еді. Ырысқан 1940 жылы ақпан айында көтеріліс бастаған күні Сұлубайды атын ұстатып жанына ертті. Осы күннен бастап ел көзіне түскен ер болып, аты шыға бастайды. Сұлубай – Ырысқан өліп, Есімхан тұтқындалғаннан кейін, көтеріліс басшыларының біріне айналады. Жалаты деген жердегі бір шайқаста Сұлубай небәрі отыз адаммен бес жүз әскерге қарсы шайқасады. Көк құрышпен қаруланған жау оңайлықпен жан берсін бе, қырылғанына қарамай қарсыласады. Осы шайқаста Оспан батырдың тізесіне оқ тиіп, ортан жіліктің тобығын аударып кетеді. Сұлубай Оспанға оқ тигенін көріп, шапшаң қимылдап оның қасына жетеді. Сұлубай келгенде Оспан жараланып, жүруден қалса да, отырған орынында атысып жатқан көрінеді. Жақындап қалған жаудың бетін қайтарған Сұлубай жаумен атыса жүріп, Оспанды оқ астында қоршаудан алып шығып кеткен екен. «Осы күннен бастап ақыреттік доспыз» – деп екі батыр ант ішіпті.

Әңгіме осы араға жеткенде машинада межелі жерге жетіп, Сұлубай шоқысының сол жақ бүйірінен келіп тоқтады. Біз жапырлай көліктен түстік.

Батыр ұрпақтары осы жерге белгі тас орнатыпты. Тасқа батырдың өмір баяны қысқаша ойылып жазылыпты. Бізде суретке түсіп естелік қалдырдық.

Бір байқағаным Бақабек аға мамандығы дәрігер болса да, тарихқа деген қызығыушылғы күшті екен. Шамасы өз әкесі Дәуітхан Жықайұлының да Есімхан, Ырысхан бастаған көтерілістің алдынғы шебінде жүргені әсер етсе керек.Тектіліктің түбі тарихын тануға жетелейді.

 Батыр шоқысына қарап, бой жазып быраз тұрғасын, Бақабек аға шоқының алдынғы жағынан келуді жөн көрді. Біз темір тұлпардың тебінгісін терлетіп, батыр шоқысының алдыңғы жағына айналып өттік. Шоқының асқақтығы мен әсемдігін тура қарсы алдынан анық байқадық.

Біз шоқыға жақындаған сайын айбындап биіктей берді. Батырдың жауға төккен қаһарындай, шоқы басына аспаннан қара бұлт үйірілді.

Сұлубай батыр шоқысы мен біз тұрған кішкене төбені Бұлғын өзені бөліп жатыр. Дәл осы жерде қытай гоминдаң әскерлерінің қазған жертасасы әлі бар.

─ Ее, баурым-ай, жастар сендер қазақтың қасіретті күнін естен шығармауларың керек. Сонда ғана бүгінгі бейбіт күннің қадырын түсінетін боласыңдар,─ деп жертасада тұрып ауыр күрсінді де, арықарай манағы батыр әңгімесін қайта жалғады.    

─ Оспан батыр патша болғанда, Сұлубай батырды бас қолбасшы етіп  тағайындапты. 1944 жылы Сұлубай батырдың басшылығында осы біз тұрған жерде, анау шоқыға орналасқан жау әскерімен соғысады. Көтерілісшілердің ұзын саны жеті жүздей адам болып, жау әскерінен үш есеге аз болады. Соғыс қиян – кескі бір жұмаға жалғасады. Сұлубай батырдың шебер қолбасшылық етуінің арқасында, қазақтар ақыры жауды бордай тоздырып, бекіністі тартып алып жеңіске жетеді. Осы күні қашқан жауды өкшелей қуып соққы беріп жүргенде, қайран есіл ерге осы шоқыда оқ тиеді. Батырды көтерілісшілер ел ішіне апарып шұғыл емдейді. Оқ маңдайдан кіріп, оң жақ құлағының артынан шыққан екен. Жарасы ауыр болғандықтан батыр үш күннен кейін қайтыс болады. Бес жыл бойы қанды соғыс көрген Оспан екі рет қана көзіне жас алған деседі жұрт. Соның бірі Сұлубайдың қазасы екен. Сұлубай батырға оқ тиген осы тауды халық қимас батыр ұлының атымен «Сұлубай шоқысы» деп атаған екен, - деп аяқтады әңгімесін ақкөңіл ағамыз.

Осынау батырдың тұлғасындай қасқиып тұрған алып шоқыға соңғы рет сүйсіне көз тастадым. Ол маған ерліктің, намыстың, жеңістің символындай асқақ көрінді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға