Жаңалықтар

Сүлік - дертке дауа

Гирудотерапия туралы не білесіз?
Сүлік - дертке дауа
23.08.2018 15:53 22197

Денсаулық қай халық үшін болмасын, басты құндылықтардың бірі. «Дені саудың, жаны сау», «Әуелгі байлық - денсаулық» деген сияқты мақал-мәтелдер соның айғағы. Шығыс халықтарының емшілік қасиеттері бүгінге дейін сақталып, өз құндылығын жоқмаған. Мысалы,  ежелгі Египетте бастау алған "сүлікпен емдеу" әдісі қазіргі заманауи медицинамен қатар қолданыста. Бүгінде халық аузында «әулие құрт», «тістеуік дәрігер» аталған ерекше жәндіктің емдік қасиеттеріне сұраныс артуда. Сондықтан, біздің елімізде де гирудотерапия саласы қарқынды дамып келеді.

Гирудотерапия тарихынан

Гирудотерапия, яғни сүлікпен емдеу бүгінде тұтас бір ғылымның саласы. Адамзаттың сүлікті медицинада қолдану әдісі ежелгі Египеттен (б.э.д. 1500-300) бастау алады. Әсіресе, Ибн Синаның (980-1037жж.) ғылыми еңбектерінде жазылған сүлік туралы мәліметтер өте құнды болып саналады. Сүлікпен емдеу XVII-XVIII ғасырлардан бастап біршама кең қолданыла бастаған. О.Ю.Кеменевтің, А.Ю.Барановскийдің «Лечение пиявками» атты еңбегінде 1829-1836 жылдары Париж ауруханаларында 5-6 миллион сүлік қолданылғандығын атап көрсеткен. 1832 жылы Лондондағы Қасиетті Бартоломея госпиталі 97 300 сүлік қолданған екен. Ал, И.Брыковтың мәліметіне сәйкес, 1852 жылы Францияда жылына 33 миллион сүлік қолданылса, 2,3 миллион халқы бар Лондон халқы жылына 7 миллион сүлік қолданған. Бұл көрсеткіш Еуропа медицинасының сүліктің емдік қасиетін ХІХ ғасырда-ақ жете түсінгенін және жоғары бағалағанын көрсетеді. Жобамен осы кезеңде Санкт-Петербургтегі Обуховская ауруханасы жылына 10 мыңға жуық сүлік сатып алған. Сүлікті қарқынды, көп мөлшерде пайдалану Батыс Еуропаның су қоймаларынан сүліктің жоғалып кетуіне әкеліп соғады. Сол себепті, бұл елдерге сүлікті Венгриядан, Түркия мен Грециядан әкеле бастайды.  Ал, Ресейде сүлікті аулау және сатуға салынатын салық қазынаға бірқатар қаражат түсіреді. Кейін ХІХ ғасырдың екінші жартысында түрлі жұқпалы аулардың, індеттердің жайылуына байланысты сүлікті қолдану қарқыны біршама бәсеңдейді. Бүгінде гирудотерапияға әлемдік қызығушылықтың артуына орай, Ресей сүлікпен емдеу тәсілін зерттеу және қолдануда басымдық танытып отыр. 

Медициналық құндылығы

Мамандар алғаш рет сүліктен гирудинді, кейін фермент гиалуранидаза, эглин, бделин мен дестабилаза  ферментін тапқан еді. Осы дестабилаза ферментінен бүгінде Ресей ғалымдары тромб – ұйыған қанды  ыдырататын дәрі жасауда. Сүліктің геномы да белсенді зерттелуде.

Ғалымдардың зерттеуіне жүгінсек, сүліктің сілекейінде 120 биологиялық белсенді зат, 76 фермент және 20 аминқышқылы бар. Бұл сүліктің сілекейінде өмірлік маңызы бар биологиялық заттардың мол қорын көрсетеді.

Сүлік сілекейі тромбтарды ыдырататын антикоагулянттық, микробтарды жоятын антимикробтық, холестеринді ерітетін антиатерагенді және антиоксиданттық қасиеттерге ие. Сол себепті ол қан қысымы, бедеулік, остеохондроз, артрит, артроз, парадантоз, глаукома және басқа көптеген ауруларға шипа.

Медицинада қолданылатын сүліктің үш түрі бар: 1. дәріханалық сүлік; 2. терапиялық сүлік; 3. шығыс сүлігі. Дәріханалық сүлік көбінесе Ресейдің Краснодарск, Ставропольск және Ростов аймақтарында кездеседі. Терапиялық сүлік Украина мен Ресейде, ал шығыс сүлігі Әзірбайжан мен Кавказда көп таралған. Сүлік әлемде аналогы жоқ қайталанбайтын табиғаттың сыйы.

Буылтық құрт түріне жататын сүліктің (лат.Hirudinea) қазір 400-ге жуық түрі белгілі. Асқорыту жүйесі жақсы дамыған сүлік тек қанмен қоректенеді және қанды көп мөлшерде сора алады. Сүліктің 5 жұп көзі, 50 фоторецепторлық жасушалары, 3 жақсүйегі, 70-тен 100-ге дейін жететін тістері бар. Көздеріндегі көру жасушалары түстерді ажыратуға мүмкіндік береді. Оларда көптеген термо, хеморецепторлар  орналасқан. Кезектесіп жұмыс істейтін 2 жүрегі бар. Ұзындығы бір қалыпта тұрғанда 5-8 сантиметр. Салмағы 18 грамға дейін жеткенде 12 сантиметрге дейін ұзарады.

Отандық гирудотерапия

Біздің ата-бабамыз да ежелден бері сүлікті емге қолданған және оның дертке дауа екенін ертеден-ақ түсінген. Бүгінде еліміздің әр өңірінде, ірі мегаполистерінде де жыл санап гирудотерапия орталықтарының саны артып келеді.  Осы отандық гирудотерапияның жағдайын, болашағын білу мақсатында сүлікпен әйелдердің бедеулігін емдеп, тамаша нәтижелерге қол жеткізген, медициналық тәжірибесін ғылыми зерттеулермен ұштастырып жүрген тәжирибелі гинеколог, гирудолог Жанна Әлжанқызы Ахметовамен әңгіме өрбіткен едім. 

30 жылдық тәжірибесі бар Жанна Әлжанқызы бірнеше жыл бойы перзент күтіп, зар болған қаншама ананың алғысына бөленген жан. Дәстүрлі медицина мен халық емінің барлық тәсілін қолданып, тіпті жасанды жолмен ұрықтандыруға жүгінгенмен сәби сүйе алмаған аналар Жанна Әлжанқызына келеді. Себебі, ол барлық үміті мен арманын жүрегіне түйіп келген аналарды ерекше тәсілмен – сүліктің көмегімен емдейді. Ағзаны медикаменттердің көмегімен тазартып, сүлікпен емдейтін ерекше гинеколог-дәрігер өмірге қаншама сәбилердің келуіне ықпал етті, қаншама ата-анаға қуаныш сыйлады десеңші? «Қазір табиғаттың ластануы, экология мәселелері, дұрыс тамақтанбау, генетикалық модификацияланған организмдер (ГМО) қосылған тағамдарын қолдану, тұрмыстағы түрлі стрестік жағдайлар әйел ауруларын көбейтуде. Елімізде ғана емес, жалпы әлемде жұқпалы аурулардың көбеюінен әйел бедеулігі артуда. Соңғы статистикаға жүгінсек, отбасылы жұбайлардың тек 20% ғана табиғи жолмен балалы болады екен. Сондықтан маған бірнеше жылдар (7-25 жыл аралығында) бойы балалы болмаған әйелдер бедеулік диагнозымен көп келеді. Дәрігерлер нақты диагнозын қойып, соңғы, үзілгелі тұрған үміттерімен келетін әйелдермен жұмыс істеу психологиялық тұрғыда оңай емес. Егер, әйел ағзасында аминқышқылдары жетіспесе, гормон жүйесінің жұмысы бұзылады. Ал, сүлікте аминқышқылдарының барлық түрі бар. Сондықтан, сүлік сілекейі ағзада жетіспейтін аминқышқылдарының орнын толтырады. Мен олардың ағзасын жүктілікке дайындау үшін алдымен фармацевтикалық тәсілмен тазартамын. Ол 50-60% ғана көмектеседі. Дәрілердің биологиялық қол жетімділігін, сіңімділігін қамтамасыз ету үшін әрі қарай емге «ғажайып емші құрт» - сүлікті қолданамын. Сүлік ағзаны ескі, ұйыған қандардан тазартып, оны жаңа қанмен алмастырады. Жаңарған қан оттегіні, құнарлы заттарды жасушаларға анағұрлым жақсы жеткізіп, көміртегі мен ағзадаға түрлі «қоқыстардан» тазартады. Иммунитетті көтереді. Таза әрі құнарлы қан ағзаның барлық мүшелерін қамтып, олардың емделуіне ықпал етеді. Сүлікпен емдегеннен кейін бала көтерген түрлі жастағы әйелдер, тіпті 48 жастағы әйел дені сау бала туды. Жалпы, өз тәжірибеме жүгіне отырып, отбасын құруды жоспарлайтын жұптарға алдын-ала медициналық тексерістен өтіп, бедеуліктің болмауын тексеруді ұсынамын. Міндетті түрде гинеколог пен урологқа бару қажет», - деді Жанна Әлжанқызы.

Дәрігердің айтуынша, сүлік салар алдында науқас ешқандай химиялық заттарды (крем, иіс сулар, түрлі иіс сабындар және т.б.) қолданбауы тиіс. Адамның денсаулығына байланысты сүліктің денеде тұру уақыты 5 минуттан 60 минутқа дейінгі аралықты қамтиды екен. Сүлікті адамның салмағына байланысты қояды. Атап айтқанда, 10 кг салмаққа бір сүліктен салынады. Дәрігер жылына 2 рет сүлік алуды ұсынады. Алайда,  қан қысымы төмен, жүкті, қаны ұйымайтын адамдарға сүлікпен емделуге болмайтынын ескертеді.  

Қорыта айтқанда, сүлік қылтамырдағы қанның ұюын жояды, ісіктерді қайтарады, лимфалық және күретамырлық ағымды жақсартады. Сонымен қоса, иммундық, гормондық және жүйке жүйесін жақсартады, патогендік микробтардың көбеюін тоқтатады, ағзаның белсенді биологиялық нүктелеріне әсер ете отырып, адамның эмоционалдық және энергетикалық жағдайын үндестіреді. Осындай, ерекше табиғи дәрігердің «сүліктің» емдік қасиеті шынымен таңдай қақтырады. Сүлікті егжей-тегжейлі зерделеген Жанна Әлжанқызы өз тәжірибесін үнемі ғылыми дәйектермен және деректермен толықтырып, жаңартып, жетілдіріп отырады. Шетелдік ғылыми еңбектер мен зерттеу жұмыстарын оқиды, герудотерапияға қатысты соңғы жаңалықтар мен көрсеткіштерді сүзгіден өткізеді, түрлі конференциялар мен жиындарға қатысады. Жүрегі мен жаратылысы ерекше дәрігер адам ағзасын түрлі фармацевтикалық өнімдермен толтырып, тоздыруды емес, табиғи еммен тазартып, түлеткенді қалайды. Сондықтан, кез-келген отырыста қонақтарына, емханада науқастарға сүліктің ерекше қабілеті мен қасиетін түсіндіруден жалыққан емес. Дәрігердің бұл ізденісі мен ізгі істері ізсіз қалған жоқ. Ондаған аналар бедеуліктен босады, аяулы ана атанды, бөбегін бесікке бөледі. Шынайы мейірім мен махаббатқа бөленді. Жетістігін жіпке тізіп, бос сандар мен статистикаға телмірмейтін Жанна Әлжанқызы өзі өмірге келуіне тікелей септігін тигізбен балалардың санын нақты білмейді. Сондықтан, ғажайып дәрігерді еліміздегі ең көп балалы ана десек те болатын шығар. Оның өз отбасы мен балалары да сүліктің емдік қасиеті туралы жетік біледі. Себебі, аналарының сүліктің сансыз сәбиге өмір есігін ашып жатқаны туралы қуанышты хабары әрқайсысын қуанышқа бөлейтіні сөзсіз.  Әрдайым жақсылықтың жылуы жетістікке жетелейді. Сүліктің дәстүрлі медицинада серпін әкелуі Жанна Әлжанқызының қызы, болашақ дәрігер болуды армандайтын Әйгерімді де таңғалдырмай қоймады. Соңғы жылдары әр жазғы демалысын емханада өткізген Әйгерім сүліктің емдік қасиеттеріне көз жеткізіп, қатты таңданады. Анасының тамаша нәтижелерге қол жеткізгеніне куә болған Әйгерім сүліктің дертке дауа, емге шипа екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеуге  бекінеді. Кішкентай ғана құрттың науқасты аурудан  айықтыратын қасиеті жаңа ізденістерге жол ашады. 

Оқушының асқан қызығушылығы мен талпынысы оны 2016 жылы Назарбаев Университетінің жасушалық технологиялар зертханасына жетелейді. Сүлік сілекейінің «ғасыр дерті» аталған қатерлі ісік жасушаларына қалай әсер ететінін анықтауға бел шешкен Әйгерім осы зертханада тәжірибеден өтеді. Дүниежүзілік Денсаулық ұйымының мәліметіне жүгінсек, әлемде жыл сайын  8 млн-ға жуық адам қатерлі ісіктен көз жұмады екен. 20 жылдан кейін бұл көрсеткіш 70%-ға артады деп болжануда. Бұл жантүршігерлік сан Әйгерімге қатты ой салады.

Жаһандық індетпен күресу және түбегейлі жою жолдарын іздемек болған қаршадай қыз зертханада таң атырып, күн батырады. Ол алдымен сүлікті өлтірмей, сілекейін таза күйінде алу әдісін ойлап табады. Бұл елімізде гирудотерапия саласында ашылған тың жаңалық десек те болады. Содан соң қатерлі ісік жасушаларын өсіріп, сүлік сілекейін жинап, басты экспериментке көшеді. Алдымен қатерлі ісік жасушасына 8 микрограмм миллилитр сүлік сілекейін тамызғанда қатерлі ісік жасушалары 15%-ға азаяды, ал 40 микрограмм миллилитр тамызғанда олар 35% азаяды. Эксперимент нәтижесі сүлікте қатерлі ісікке әсер ететін құпия компоненттің бар екенін көрсетеді. Кейін Әйгерім бұл зерттеуін регенеративтік медицина бойынша халықаралық конференцияда қорғайды. Бәлкім, оқушы  қыздың балалық қызығушылығы мен зертханалық жұмысы қатерлі ісік сынды жаһандық проблеманы шешуге жасалған  алғашқы қадам болар. Кім білсін? Қалай десек те, дертке дауа іздеген дәрігер Жанна Әлжанқызы мен жас ғалым Әйгерімнің клиникалық тәжирибесі мен ізденісі, адамзатқа көмек көрсету, қамқорлық жасау, жақсылыққа ұмтылу секілді ізгі қасиеттері әлі талай игі істер мен жақсылықтарға жол ашатынына сенеміз. Ғажайып табиғи емші – сүлікке қызығушылықтың артуы фармация саласында да тың жаңалықтар ашатыны сөзсіз. 

Дайындаған: Перизат Сәдуақас

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға