Суға шомылуға барған: Ақтөбеде мектеп оқушысы досын өлімнен арашалап қалды
Ақтөбеде достарымен суға шомылуға барған 15 жасар бала өздігінен өзен жағасына шыға алмаған. Оны досы Қолқанат Баққұл өлімнен арашалап қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы ауданындағы Елек өзеніне бір топ бала суға шомылған. Оның ішінде 15 жастағы бала жағаға шыға алмай, жанында тұрғандарды көмекке шақырып, айқайлаған. Өзен жағасының қарсы бетінде тұрған 16 жастағы Қолқанат Баққұл еш ойланбастан жүзіп барып, досын құтқарып қалды. Тіпті жүрегіне массаж жасап, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Қолқанат №13 орта мектептің оқушысы.
Қолқанат өзінің шапшаңдығының арқасында өзенде есінен танып қалқып бара жатқан 15 жастағы баланы жағаға алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, құтқарып қалады. Қазіргі таңда зардап шеккен баланың жағдайы тұрақты. Ол медицина қызметкерлеріне табысталды,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.