Жаңалықтар

Судың пайдасы көбірек болуы үшін қалай ішу керек?

Судың пайдасы көбірек болуы үшін қалай ішу керек?
Фото: © Pixabay.com 06.12.2023 16:04 7474

Су – адам үшін ең қажет нәрсе. Ағзамыз судың әсерінен иілгіштік қасиетке ие. Өкпенің 90%-ын, қанның 80%-ын, мидың 75%-ын су құрайды. Оған қоса су ағзадағы барлық процестерге қатысады. Мың бір дерттің алдын алу үшін суды дұрыс мөлшермен ішу өте маңызды. Оны өз ережесіне сай ішпеген жағдайда дене мүшелерімізге зияны тиюі де мүмкін. Осы ретте су ішудің мамандар ұсынған ережелеріне үңіліп көрдік, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Аш қарынға су ішу кімдер үшін зиян?

Мамандар таңғы ас алдында екі стакан су ішу пайдалы әдет болып саналатынын айтады. Бірақ мұндай рәсімнің адам үшін зиянды  болатын жағдайларда болуы мүмкін.

Мәселен, аш қарынға су ішу қанды тез сұйылтады. Бүйрек проблемалары, гипертония және өт тас ауруы кезінде бұл асқынуларға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайларда сұйықтықтың күнделікті мөлшерін емдеуші дәрігермен келісу керек.

Мамандардың айтуынша, судың температурасы мен оны қабылдау уақыты ғана емес, сонымен қатар су ішу жылдамдығы да маңызды. Суды тез ішкенде ол ағзаға дұрыс сіңбейді. Сондай-ақ суды отырып ішу керек. Суды тұрып тұтынған кезде бұл ағзадағы сұйықтықтардың тепе-теңдігінің бұзылуына әкеліп соғады, бұл артрит ауруының асқынуына әкелуі мүмкін.

Пластикалық ыдыстағы су

Тағы да бір айта кететін маңызды жайт – пластикалық ыдыстан су ішу ағзаға зиян.

Зерттеушілер пластикалық қорғаныс қабатынан фтор, хлорид, сульфат және нитрат сияқты иондар суға енетінін анықтаған. Тәжірибе барысында 25000 микрон пластмасса бөлшектері түсетіні анықтады. Сонымен қатар, ғалымдар ауыр металдар, атап айтқанда палладий, хром және кадмий және гидрофобты жабынға қолданылатын кейбір қауіпті қосылыстар кіреді деген қорытындығы келді.

Ғалымдар пластикалық ыдыстағы суды үнемі қолдану болашақта денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.

Су тапшылығы инсульт пен инфактқа алып келуі мүмкін

Ағзаға судың жетіспеуі ағзада бірқатар өзгерістерге алып келеді. Су-тұз балансы бұзылып, бүйрек пен қуықта тас түзілуі мүмкін. Егер адамда буын аурулары болса, оны қоздырып жібереді. Сондай-ақ қан қоюланып кетеді. Су тапшылығы инфаркт, инсульт, варикоз, тромбоз аруларының қатерін арттырады.

Ағзада су жетіспесе, ас қорыту жүйесі бұзылады. Салдарынан ас қорыту ферменттері дұрыс бөлінбейді. Тамақ ішекте ұзақ уақыт тұрып қалады. Бұл ішекті қабындырып жібереді. Суды мөлшерінен аз ішкен кезде іш қатады, гастрит, асқазан жарасына да себеп болатын жағдайлар кездеседі.

Тері әдемі болу үшін де күніне 1,5-2 литр су ішу керек. Ылғалдың жетіспеушілігінен тері тез қартайып, әжім түсіп, құрғап кетеді. Осылайша суды аз ішу теріні қартайтып, тоздырып жібереді.

Шаш пен тырнақ үшін де судың маңызы мен пайдасы зор. Шашыңыз бен тырнағыңыз әлсіз әрі сынғыш болса, судың мөлшерін көбейту керек.

Сонымен бірге сусыздану несеп шығару жүйесін бұзады. Организмнің өздігінен тазару процесі бұзылады.

Суды дұрыс ішу ережесі

1-ереже: Аш қарынға су ішу

Таңертең ұйқыдан оянғанда, алдымен аш қарынға су ішу қажет. Бұл ұйқы уақытындағы су жетіспеушілігінің орнын толтырады. Қан айналымы мен қан қысымын реттейді.

2-ереже: Суды тамаққа дейін ішу

Қарныңыз ашқан кезде ашығу сезімін басу үшін су ішу керек. Бұл ас қорытуға жақсы. Ашығу сезімі басылғандықтан, тамақты аз ішесіз. Артық салмақтың алдын алады.

3-ереже: Жылы су ішу

Судың температурасы да маңызды. Адамның дене температурасы  36 градус. Суық су ішкен кезде бұл ағзаға бірден сіңбейді, бірінші ағза жүйесі оны дене температурасына жылытады. Бұған энергия жұмсайды. Сондықтан мамандар мүмкіндігінше 36 градус болатын су ішуге кеңес береді.

4-ереже: Қою тамақ ішкен кезде су ішпеу

Қою тамақпен бірге су ішу ас қорыту процесін баяулатады. Асқазан сөлі концентрацясы төмендейді.

5-ереже: Жаттығу мен дене еңбегі кезінде көп мөлшерде су ішу

Дене жаттығулары кезінде көп мөлшерде су ішу қажет.  Денеге күш түскенде, ағзада ығалдылық мөлшері түседі. Осы тапшылықтың орнын сумен толтыру қажет. Суды жаттығуға дейін және кейін ішу ұсынылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға