Жаңалықтар

Су тасқынына қарсы күреске Қарулы күштердің әр түрлі қызметтің мамандары қатысуда

Су тасқынына қарсы күреске Қарулы күштердің әр түрлі қызметтің мамандары қатысуда
Фото: Қорғаныс министрлігі 23.04.2024 05:32 527

Су тасқынына қарсы іс-шараларға әскери ұшқыштар, инженерлер, саперлер, дәрігерлер, РХБҚ мамандары қатысып жатыр. Әйтсе де негізгі салмақ өзен жағасына бөгет салып, гуманитарлық жүктерді түсіріп жүрген мерзімді қызмет сарбаздарына түскенін бөліп айту керек, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысының орталығына жақын Зашаған ауылының тұсында Жайық өзені деңгейінің көтерілуінен ойпатта орналасқан саяжайлар су астында қалды. Әскери қызметшілер Меловые горки ауданындағы «Стеновик», «Демалыс», «Комарово», «Космос», «Уралочка» және «Дорожник» бау-бақша серіктестігіндегі адамдарды эвакуациялауға қатысты.

Өңірде әлі де Десанттық-шабуылдау бригадаларының (Талдықорған, Алматы қалалары), 66597 (Қызылорда қаласы), 25744 және 30153 (Ақтау қаласы) әскери бөлімдерінің жеке құрамы жұмыс істеп жатыр. Іс-шараларға аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері де жұмылдырылған.  Жағалауды нығайту жұмыстары Байқоңыр, Дарьинское, Рубежинское, Ақжайық, Бумакөл және тағы басқа елді мекендерде жүргізілуде. 

Ақтөбе облысында 30238, 20709 54179 әскери бөлімдерінің, аумақтық қорғаныс бригадасының, әскери полицияның, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жеке құрамы Жайсаңбай, Торғай жән Ырғыз елді мекендерінің айналасындағы бөгеттерді нығайту жұмыстарына тартылды. Қонаев гарнизоны 58012 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ойыл өзенінен жергілікті халықты, техника мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруда. Аймаққа 22534 (Тараз қаласы) әскери бөлімінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері келді. Олар апат салдарын жоюмен айналысады.

Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға әртүрлі әскери бөлімдерден 1 847 әскери қызметші жұмылдырылды. Олар гуманитарлық көмекті түсіруге қатысып, Жайық өзенінің жағасына құм салынған қаптарды төсеу жұмыстарын жүргізуде.

Солтүстік Қазақстан облысында 68665 (Астана қаласы), 31775 (Қарағанды қаласы) әскери бөлімдері мен аумақтық қорғаныс бригадасының 684 әскери қызметшісі жұмыс істеуде. Жеке құрам Петропавл қаласындағы «Қызылжар су» қалалық су арнасының бойында, Бескөл және Подгора елді мекендерін судан қорғау үшін күресуде.

Сонымен қатар, 58012 әскери бөлімінің (Қонаев қаласы) әскери инженерлері Бескөл кентіне паром өткелін жасады. Понтонға орнатылған су сору станциясының көмегімен тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Медициналық қамтамасыз ету мақсатымен Тараз, Ақтөбе қалалары мен Гвардейск гарнизонындағы әскери госпитальдар мен Қарағанды қаласының лазаретінен су апатынан зардап шеккен аудандарға дәрігерлер, эпидемиологтар, орта медициналық персонал, санитар нұсқаушылар мен жүргізушілер жіберілді. Барлығы 57 адам және 8 санитарлық автокөлік жұмыс істеуде. Өткен тәуліктерде 53 өтініш тіркелген.

Санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың мамандары су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылған жеке құрам арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, олардың орналасуын, тамақтануын, ауыз сумен жабдықталуын және монша-кір жуу қызметін бақылау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырды. Жергілікті денсаулық сақтау органдарымен өзара іс-қимыл жасалды.

27 наурыз бен 21 сәуір аралығында барлығы 5497 әскери қызметші, 249 бірлік автомобиль техникасы, 12 тікұшақ, 5 әскери-көліктік ұшақ және 3 ұшақ жұмылдырылды.

554 ұшу жасалып, 3397 жергілікті тұрғын эвакуацияланды. 1 466 маман және 230 тоннаға жуық жүк тасымалданды. 1 273 000-нан астам құм салынған қап төселді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға