Жаңалықтар

Су тасқынына қарсы күрес: 7,9 млн текше метрден астам еріген су тартылды

Су тасқынына қарсы күрес: 7,9 млн текше метрден астам еріген су тартылды
Фото: ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі 09.04.2024 02:41 606

Су тасқыны жағдайы туралы ОКҚ баспасөз орталығында ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Сайпаш Ерасыл жедел ақпарат берді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Оның деректері бойынша Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 3358 жеке тұрғын үй, 326 аула аумағы және 2089 саяжай үйлері су астында қалып отыр.

Сондай-ақ республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдардағы 100 автожолдың, оның ішінде 9 көпір және 91 жол төсемін су шайды, 114 жолдың суға толуы орын алды. Бүгінгі таңда еліміздің 69 елді мекенінде көлік қатынасы үзілген. Азаматтық қорғау қызметтерімен 80 мыңнан астам адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 29 мыңға жуық бала бар. Уақытша орналастыру пунктерінде 7656 адам, оның ішінде 3316 бала бар.

ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 7,9 млн текше метрден астам еріген су тартылды, 1 млн астам қапшық құм және 1 мың тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 18 мыңға жуық адам, 3,5 мыңға жуық техника, 9 әуе кемесі жұмылдырылды.

Еліміздің 9 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті ауқымдағы 29 ТЖ әрекет етеді. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді, - деп баяндады спикер.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға