Жаңалықтар

Су тасқыны: Зардап шеккен халыққа кім қанша қаражат аударды

Су тасқыны: Зардап шеккен халыққа кім қанша қаражат аударды
Фото: коллаж El.kz 12.04.2024 18:00 1282

Биыл Қазақстанның 10 аймағын су алып, елде төтенше жағдай енгізілді.  Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 3 563 жеке тұрғын үй су астында қалды. 8,1 мың бас мал өлді.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырды. Президенттің үндеуін кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері назардан тыс қалдырмады. Қызыл судан жапа шеккен халыққа қоғам қайраткерлері, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар және кәсіпкерлер қаржы аударып бастады. El.kz ақпарат агенттігі кімдердің қанша қаражат аударғанын зерделеп көрді.

Ірі кәсіпорындар мен қорлар қанша қаражат бөлді?

Қаржылай көмек аударғандардың қатарын «Самұрық-Қазына» компания бастап тұр. Ресми деректерге сүйенсек, халыққа көмек қоры ретінде 15 млрд теңге бөлген.

Екінші орында – «Қазақстан халқына» қоры. Олар тасқын судан зардап шеккен азаматтарға ауылдық жерлерде 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлгені туралы жариялаған еді. Апаттың ауқымы мен оның салдарын ескере отырып, қордың қамқоршылық кеңесі осы мақсаттарға 10 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдаған.

Бұдан бөлек 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардан Қордың шоттарына түскен барлық қайырымдылық қаражаты зардап шеккендерге үй салуға аударылады. 9 сәуірдегі жағдай бойынша азаматтар мен компаниялардан 970 млн теңге түскен.

Қор қаражаты мен жиналған ақша есебінен 430-дан астам үй салуға болады.

Топан судан зардап шеккен халыққа қомақты қаржы аударғандардың үштігінде – «Қазатомөнеркәсіп» АҚ орналасқан. Олар өз есебіне 3 млрд теңге бөлген. Бұл қаражат зардап шеккен аудандарға жедел қолдау көрсету үшін Samruk-Kazyna Trust қорына аударылады.

Компания табиғи апаттың салдарын жоюға көмек көрсету үшін өңірлерге 120-ға жуық арнайы техника жіберетінін мәлімдеген.

«Теңізшевройл» ЖШС – қайырымдылыққа 2 млрд теңге бөлді. Бұл бөлінген қаражат аймақ тұрғындары су тасқынының тікелей салдарын жоюға және зардап шеккендердің тұрмысын қалпына келтіруге септігін тигізетін маңызды үлес.

Chevron энергетикалық компаниясы да қайырымдылыққа 3 млн доллар (1,3 млрд теңге) бөлді.

Қазақстандағы белгілі бизнесмен Тимур Турловтың компаниясы Freedom Holding апат салдарын жоюға 1 млрд теңге бөледі. Қаражат «Демеу Қазақстан қорының» шотына аударылады.

Банктер де қайырымдылыққа қаржы бөлді

Қазақстандағы банктердің ішінде жапа шеккен халыққа көмек ретінде ең көп қаржы аударған – Halyk Bank. Олар су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 млрд теңге бөлді.

Одан бөлек Kaspi Bank – 620 млн теңге, Jusan Bank – 300 млн теңге, Еуразиялық банк – 450 млн теңге, Банк ЦентрКредит – 200 млн теңге, Bank RBK 150 млн теңге жіберді.

Екінші деңгейлі банктерден бөлек қазақстандық әуе компаниялары қиын уақытта қайырымдылыққа қаржы аударды. Мәселен, Air Astana әуе компаниясы жапа шеккендерге 1 млрд теңге аударады. Оған қоса Air Astana мен Fly Arystan әуе компаниялары су басқан өңірлерге гуманитарлық көмекті тегін жеткізіп жатыр.

Шоу бизнес өкілдері де жапа шеккен халыққа бірігіп ақша жинап, қол ұшын созуда. Әнші Роза Әлқожа Instagram әлеуметтік желісінде бір топ әнші, продюссер, ақын, журналистер мен асабалар 25 млн теңге қаражат жинағанын жазды. Белгілі әнші Димаш Құдайберген де қызыл судан жапа шеккен қазақстандықтар үшін 15 млн теңге қаржы бөлді.

Қиын қыстау уақытта бауырлас елдер де көмектен аянып қалмады. Көрші қырғыз елі Қазақстанға  270 тонна гуманитарлық көмек жіберді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға