Жаңалықтар

Су тасқыны: инфрақұрылымды қалыпқа келтіруге 22,7 млрд теңге бөлінді

Су тасқыны: инфрақұрылымды қалыпқа келтіруге 22,7 млрд теңге бөлінді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі 19.07.2024 08:25 492

Үкімет су тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 22,7 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Үкіметі көктемгі су тасқыны салдарын жоюға және зақымдалған инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.

Қаражат Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды, сондай-ақ көпірлер мен су өткізгіш құрылымдарды қалпына келтіруге, реконструкциялауға және құрылыс жұмыстары үшін әкімдіктерге бөлінеді.

Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішінде Ырғыз – Нұра, Ырғыз – Құттыкөл, Құмтоғай автожолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын автожолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелі құрылысы бар.

Ақмола облысында Атбасар қаласына апаратын жол бөлігін, Атбасар – Сочинское автожолын қайта жаңарту, Жалтыр – Макинск автожолын, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елді мекендерге кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлығы – 14 бағыт.

Қостанай облысында қаражат 22 бағыт бойынша жолдарды, көпірлерді және 10-ға жуық су өткізгіш құбырды жөндеуге және реконструкциялауға жұмсалады.

Солтүстік Қазақстан облысында 10 жолды, оның ішінде Көкшетау – Омбы бағытындағы жолды жөндеу, сондай-ақ 22 шақырым су өткізгіш құбырларға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін су тасқынынан кейін бүлінген жол бөліктерін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2024 жылғы 17 шілдеде премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді және инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оның барысында Үкімет басшысы қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын арттырып, туындаған мәселелерді жедел шешу үшін адамдар мен техниканы жұмылдыруды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға