Жаңалықтар

Су тасқыны болған өңірлерде 25 мың волонтер жұмыс істеп жатыр

Су тасқыны болған өңірлерде 25 мың волонтер жұмыс істеп жатыр
Фото: ТЖМ 08.04.2024 16:12 871

Волонтерлер Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Абай облыстарында жұмысын жалғастырып жатыр. Олар эвакуация пункттерінде зардап шеккендерге көмек көрсетіп, жағалай бөгеттерді нығайтып, гуманитарлық көмек жинау пункттерінде де белсенді көмек көрсетуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы өңірлерде шамамен 25 000 волонтер жұмылдырылды.

Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау, Жетісу облыстарынан 553,4 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. Оның ішінде 370 тоннадан астамы өңірлерге жеткізілді.

8500 ақтөбелік волонтер тәулік бойы гуманитарлық көмек жинауға атсалысып, жинау пункттерінен эвакопункттерге заттар мен өнімдерді тасымалдауға көмектесті, шұғыл қызмет мамандарын ыстық тамақпен қамтамасыз етті.

Ақмола облысында 300-ден астам волонтер 700 адамды эвакуациялауға, ТЖД қызметкерлері мен жұмысшыларға тамақ үлестіруге атсалысты.

Батыс Қазақстан облысында 4 мыңнан астам ерікті жұмыс істейді. 400 автоволонтер халықты эвакуациялауға көмектесті. Су басқан аумақтарда 500 волонтер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысуда.

Қостанай облысындағы іс-шараларға 3000-ға жуық волонтер жұмылдырылды. Олар көшелер мен аулаларды аралап, эвакуациялау туралы халықты ескертіп, бөгеттерді нығайту, арықтар мен су арналарын бұру жұмыстарын жүргізіп, гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.
 
Атырау облысында волонтерлер штабы 24/7 режимінде жұмыс істейді. Бөгеттер салу жұмыстарына 5000-ға жуық ерікті жұмылған. Жылыой ауданының тұрғындарын эвакуациялауға 150 автоволонтер қатысты.

Түркістан облысынан Ақтөбе облысына 30 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. 1000-ға жуық волонтер қызмет етті.

Алматы облысында еріктілердің көмегімен 117 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды.

Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарына елордадан 250 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Астанадағы көмекке 500 адамнан жасақталған 30 волонтерлық ұйым қатысты.

Қызылорда облысынан Ақтөбе облысына азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық құралдар, дәрі-дәрмектер, құрылыс материалдары жіберілген 112 тонна көмек келді.

Солтүстік Қазақстан облысында волонтерлік фронт-кеңсесі және «Көмек жаныңда» волонтерлік қозғалысы ТЖД-мен бірлесіп, су басуы мүмкін жерлерде халықты дайындау бойынша белсенді жұмыстар атқаруда. Олар қауіп төніп тұрған жерлерді аралап тұрғындарға нұсқау берді және су тасқыны кезіндегі іс-әрекеттер туралы ақпараттық материалдар таратты.

Волонтерлердің өңірлік фронт-кеңселерінің базасында байланыс орталықтар құрылғанын еске саламыз. Зардап шеккендерге көмек көрсету және волонтерлерді бөліп, үйлестіру үшін бірыңғай байланыс нөмірі +7 708 706 4242 жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға