Жаңалықтар

Су тасқыны: бес облыста жағдай күрделі

Су тасқыны: бес облыста жағдай күрделі
Фото: t.me/KZgovernment 02.04.2024 10:29 1002

Үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов батыс аймақтарда су деңгейі төмендегенін, ал орталық, солтүстік, шығыс бөліктерде, керісінше, өзендер деңгейінің қарқынды жоғарылауы байқалатынын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ТЖ вице-министрі су басу аймағында 5 облыс қалғанын атап өтті.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жұмылдырылып, жіберілді. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Су тасқыны кезінен бастап 15 мың 786 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 6 мың 187 бала бар. Су тасқыны салдарын жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала бар. Олар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, – деді вице-министр.

Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Өткен тәулікте таңғы сағат 6-дағы жағдай бойынша тұрғын үйлерді айтарлықтай су басуға жол берілмеді. Сонымен қатар 5 өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды. 55 шайылған автожол учаскелері мен төрт көпірді (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары назарда, – дейді ТЖ вице-министрі.

Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады. Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр. Бұл өңірлерге, қажет болған жағдайда, министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға