Жаңалықтар

Су тасқыны: Ақтөбенің Ойыл ауданында 350 отбасы әлеуметтік төлем алды

Су тасқыны: Ақтөбенің Ойыл ауданында 350 отбасы әлеуметтік төлем алды
Фото: El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 10.06.2024 07:28 475

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккен 350 отбасы әлеуметтік төлемге қол жеткізді. Сонымен қатар 320 отбасыға баспаналарын жөндеуге қаржы бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ойыл ауданында Қаратал, Екпетал ауылдары көктемгі су тасқынынан зардап шеккен болатын. Тұрғындардың үйлері суға кетіп, кейбірінің баспанасы тұруға жарамсыз деп танылды. Төтенше жағдай жарияланған Ойыл ауданында бүгінде жаңа үйлердің құрылысы қызу жүргізілуде.

Жалпы Берсиев ауылдық округінде 234 үй бар. Оның 18-і қайта жөндеуге жарамды деп танылса, қалғандарының орнына жаңа үйлер салынады немесе дайын үйлер сатып алынады. Бүгінгі күні Екпетал ауылы және Қаратал ауылының тұрғындарына өз келісімдері негізінде аудан орталығында жасақталған жерден жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр.

Қазіргі таңда 93 отбасы өзара шартқа қол қойып, тұрғын үйлі болды. Солардың бірі - қараталдық Назгүл Утенова аудан орталығынан жаңа қонысқа ие болды. Жарамсыз болып қалған үйі 14 млн теңгеге бағаланған.

Таңдауы түскен тұрғын үй аудан орталығында аурухана, мектеп, саябақ жанында орналасқан. Өзінің және отбасының көңілінен шығып, баспаналы болғаны үшін өз ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Тасқыннан зардап шеккен 350 отбасыға 129 млн 220 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем толық төленді. Сондай-ақ материалдық шығын және баспанасын жөндеуге қаржыны 320 отбасы алды. Жалпы аудан көлемінде көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау шаралары жалғасып жатыр,-деді Ақтөбе облысы әкімдігіндегілер. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға