Су сұраған халық тасаттық беріп, тәңірге жалбарынып отыр – депутат
Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков қуаңшылықтан зардап шеккен Түркістан облысының тұрғындары тасаттық беріп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет сағатында сөз алған депутат Түркістан облысындағы диқандардың жағдайын жеткізді. Айтуынша, Бәйдібек ауданының тұрғындары жаңбырдан күдерін үзген.
Биыл елдің біраз өңірін қуаңшылық жайлап, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігіне қиындық әкелді. Әсіресе Түркістан облысындағы Бәйдібек пен Созақ аудандарында ауыл шаруашылығымен айналысатын халық үшін қуаңшылықтың салдары ауыр болып тұр. Шөптің шықпауы, жайылымдардың қурап кетуі, су көздерінің тартылуы күнделікті тұрмысқа тікелей әсер етіп отыр. Малға азық табу мұңға айналып, тіршіліктің тауқыметі арта түсті. Халық күнде тасаттық беріп, тәңірге жалбарынып отыр. Күні кеше ғана Бәйдібек ауданындағы шаруалармен жолығып, егін басында болдым. Жаңбырдан күдерін үзген халық еккен егіні комбайнға ілінсе екен деп Құдайдан тілеп отыр. Елде заманауи суару жүйелерін өндіретін бір емес, бірнеше кәсіпорын бар. Олардың отандық сұранысты қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар. Соған қарамастан бұл жүйелердің ауылды жерлерде кеңінен қолданылмауы түсініксіз. Оның себебі неде? – деп сұрады депутат.
Үкімет сағатында депутаттың салауына су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жауап берді.
Су үнемдеу мәселесі бойынша мемлекет басшысы да өз жолдауында біздің алдымызға талап қойған. Ауыл шаруашылығы саласында жылына 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуіміз керек. Осы мақсатта су үнемдеу жүйесін енгізген шаруаларға төленетін субсидия көлемін 50-ден 80 пайызға көтердік. Оның 30 пайызы жергілікті әкімдік бюджетінен беріледі. Су үнемдеу технологияларын енгізген шаруа қожалықтарына берілетін субсидия 2027 жылға дейін шығындардың 85 пайызына дейін өседі. Ал су үнемдеу технологиясын енгізбегендерге берілетін ағын су алу субсидиясы 30 пайызға дейін түседі. Былай айтқанда, су үнемдеу технологияларын енгізуге мүмкіндік жасадық. Ал зауыттар былтыр ғана іске қосылды. Олар енді-енді өз қуаттылығына шығып жатыр. Былтыр жаңбырлатып суару жүйесі 70 мың гектарға орнатылса, соның 7 мың гектарын отандық зауыттар шығарды. Биыл осы зауыттарға 30 мың гектар жерге қажетті тапсырыс түсті, – деді министр.

