Жаңалықтар

Су шығыны 40%-ға жеткен. Трансшекаралық өзендер мәселесі талқыланды

Трансшекаралық өзендер бойынша су қатынастары мәселелерін реттеу үкіметаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылады.
Су шығыны 40%-ға жеткен. Трансшекаралық өзендер мәселесі талқыланды
Фото: altaynews.kz 16.08.2022 06:35 2372

Есеп комитетінің отырысында Оңтүстік өңірді су ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың іске асырылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды EL.KZ комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделер мен нормативтік құқықтық базаны негізге ала отырып, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы қазіргі мәселелерді шешуде белсенді рөл атқарады. Мемлекеттік уәкілетті органдар конструктивті диалог негізінде, ынтымақтастықтың екі және көпжақты тетіктері, мемлекетаралық комиссиялар мен жұмыс топтары шеңберінде шектес елдермен қазіргі проблемаларды шешуге қатысады.
Сонымен бірге, трансшекаралық өзендерден келетін су көлемінен тәуелділікке байланысты өңірлік су жетіспеушілігі байқалады. Су ресурстарымен қамтамасыз етілудің төмендеуі жақын арада Қазақстан тап болуы мүмкін өңірлік тапшылықтың өсу қаупін төндіреді.

Трансшекаралық өзендер бойынша су қатынастары мәселелерін реттеу үкіметаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылады. Трансшекаралық өзендерден судың жетпеуінің негізгі проблемасы шектес мемлекеттермен жасалған келісімдер шеңберінде судың қажетті көлемін беру жөніндегі лимиттерді сақтамау.

Жағдай гидротехникалық құрылыстардың жай-күйімен, су үнемдеу технологияларын енгізудің төмен деңгейімен, технологиялық ескірген суару жүйелерін қолданумен және оңтүстік өңірде іс жүзінде гидротехникалық құрылыстарды автоматтандырудың болмауымен күрделене түседі, соның салдарынан су шығыны 40%-ға жетіп отыр.

Суды тасымалдау кезінде үлкен шығындар, оның ішінде қолданылған құрылыс технологияларының жетілмегендігі себебінен орын алады, мысалы, жер арнасында күшті сүзу, сондай-ақ булану орын алады.

5880 су шаруашылығы құрылыстарының тек 111-і немесе 1,9%-ы автоматтандырылды, олардың тек 35-і ғана жұмыс істейді. ГТҚ-ны автоматтандырудың төмен деңгейінің себептері су шаруашылығы объектілерінің қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйі және автоматтандыруды қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымның болмауы (электрмен қоректендіру, байланыс арналары).

2256 иесіз өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымалар жерасты тұщы суларының табиғи ресурстарына және қоршаған ортаға орны толмас залал келтіреді.

Бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру кезінде жұмыстарды нақты үйлестіру жоқ, Су ресурстары комитеті мен "Қазсушар" РМК арасында өзара іс-қимылдың әлсіздігі де орын алып отыр. Әзірленген жобалау-сметалық құжаттама сапасының төмендігі, ескірген технологияларды пайдалану жобалардың уақтылы іске асырылмауына және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына әкеп соқты.

Сапасыз жобалауға, тендерлік рәсімдерді ұзақ уақыт келісуге, пандемияға байланысты қолайсыз жағдайға байланысты инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде мемлекеттің кепілдігімен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі мен Ислам Даму Банкінің қарыз қаражатын игерудің төмен деңгейі байқалады.
Аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, Су ресурстары комитетіне, "Қазсушар" РМК-ға, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға анықталған бұзушылықтарды жою, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша тиісті ұсынымдар берді.

Іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға 8 материал, құқық қорғау органдарына «Қазюжгипроводстройпроект» ЖШС-тің «Ақтөбе, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялау. Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы суару каналдарын, дренаждық жүйе құрылыстарын реконструкциялау» (16 жер каналы) жобасын сапасыз жобалау фактісі бойынша 1 материал жіберілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға