Су саласын цифрландыру: ЖИ ресурстарды әділ бөлуді қалай қамтамасыз етеді
Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде су шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған кешенді әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, 2025 жылдың басынан бастап министрлік фермерлермен су беру жөніндегі шарттарды электронды форматта жасасуға көшу жұмыстарын бастады. Бұл жүйе шаруаларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін қамтиды. Яғни су алуға өтінім беруден бастап, шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерістер цифрлық форматта жүзеге асырылады.
Жүйені енгізу деректердегі айырмашылықтарды болдырмауға, әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, адами фактордың әсерін барынша азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлу мен су пайдаланғаны үшін есеп айырысулардың объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Нұржан Нұржігітов.
Министрдің сөзінше, бұл бастама су ресурстарын тиімді басқаруға, ашықтықты арттыруға және аграрлық сектордағы қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

