Жаңалықтар

Су басқан аймақтарда құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Су басқан аймақтарда құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
Фото: El.kz 01.08.2024 18:00 1051

Биылғы көктемдегі  су тасқыны еліміздің 12 өңірін әбігерге салды. 11 мыңнан астам тұрғын үй су астында қалды. Автожолдардың 150 учаскесін су шайып, 11 көпір қирады. Құтқарушылар 120 мыңнан астам адамды, оның ішінде 45 мың баланы эвакуациялады. Тұрғындарды эвакуациялау үшін понтон көпірлері, әуе авиациясы және арнайы техника пайдаланылды.

Су тасқынына қарсы күреске 63 мыңнан астам адам қатысты, 7 мыңнан астам техника, оның ішінде 418 жүзу құралы мен азаматтық қорғау қызметінің 38 әуе кемесі тартылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығынан зардап шеккен отбасыларға үй салып беруді, қаржылай көмек көрсетуді тапсырды. Бүгінде елімізде болған үлкен апаттың өткеніне 5 ай болды. Тасқыннан келген шығын есептеліп, оның орны толтырылып жатыр. El.kz ақпарат агенттігі су тасқыны болған аймақтардың бүгінгі ахуалы қалай болып жатқанын анықтап көрді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, тасқын салдарынан 19 342 тұрғын үй, оның ішінде жалғыз үй деп танылған 7 386 саяжай зардап шекті. Барлық зардап шеккен объектілер бойынша техникалық тексеру нәтижелері алынды.

Техникалық тексеру нәтижелері бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету комиссиялармен келесідей қолдау көрсету туралы шешім қабылданды:

  • 2 578 тұру объектілерінің құрылысы;
  • Жылжымайтын мүлік нарығындағы 6 000 тұрғын объектілерді сатып алу;
  • 9 243 объектілердің жөндеу жұмыстары.

Тасқын судың беті қайтқан соң зардап шеккен өңірлердің әкімдіктерімен 2 578 үйдің құрылысы басталды.  Қазіргі таңда 205 үйдің құрылысы аяқталып, зардап шеккен азаматтар үйлерге қоныстанды. Сонымен қатар, СҚО – 200 тұрғын үй, Павлодарда – 5 тұрғын үй сатып алынды.  6 236 үйде жөндеу жұмыстары аяқталған.

Құрылыс жұмыстары Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жүріп жатыр.

Барлық зардап шеккен өңірлерде үй құрылысына 3 451 құрылыс мамандары және 581 арнайы техника жұмылдырылған.

2024 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қостанай облысының, Арқалық қаласында зардап шеккен 31 отбасыға үй сатып алу үшін ҚР Үкіметінің төтенше резервінен 405 млн тг бөлінді. Қалған өңірлерде құрылыс, сатып алу және жөндеу жұмыстары демеушілік есебінен жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазан айына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған, - деп мәлімдеді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз орталығы.

Су тасқыны кезінде аймақтарды қызыл судан сақтап қалу үшін құм толтырылған қапшықтармен қорғаныш бөгеттерін төседі. ТЖМ бүгінде өңірде төселген барлық қапшықтардың жинап алынғанын жеткізді.

Ақтөбе облысында қапшықтардың шамалы бөлігі сенбілікте қоқыс жинау кезінде қолданылды. Инертті материалдары бар қапшықтар саяжай массивтеріндегі жолдарды тегістеуге, құрылыс жұмыстарына, сондай-ақ қоқыс полигондарында орын алатын жануларды сөндіруге пайдаланылуда. Кейбір өңірлерде температура мен күн сәулесінің түсуіне байланысты жиналған қапшықтар пайдалануға жарамсыз. Қапшықтар күн сәулесі және температураның өзгеруіне байланысты ашық ауада ыдырағандықтан, жиналған қапшықтың мөлшерін дәл есептеу мүмкіндігі жоқ. Атырау және Ақтөбе облыстарында қапшықтарды жинау жұмыстары жалғасуда, - деп мәлімдеді ТЖМ баспасөз орталығы.

Батыс Қазақстан облысындағы ахуал

Өткен аптада өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Батыс Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру барысын өзі барып, бақылап келді.  Министр Бөрлі ауданы Кеңтүбек, Ақсу, Пугачево және Аралтал ауылдарында салынып жатқан нысандарды аралады. Бөрлі ауданындағы Ахуалдық орталығының мәліметінше, техникалық зерттеу қорытындысы бойынша 126 үй жарамсыз деп танылған.

Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккендерге ауданда – 60, Кеңтүбек ауылында – 11, Ақсуда – 23, Пугачевода – 12, Аралталда – 14 үй салынып жатыр. Құрылыс «Ақсайгазсервис» АҚ, «Ақжайық» қоры, «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС және «Демеу» қоры демеушілердің қаражаттары есебінен жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Наурыз» ЖШС, «УральскСтройИнвест» ЖШС және «ДокаСтройКом» ЖШС мердігерлері жүргізіп жатыр.

Су басқан аймақтарда құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша жұмыс 85-90 пайызға орындалды. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға Бөрлі ауданында 66 үй сатып алу жоспарланған.

Сонымен қатар министр Сырым ауданындағы Жымпиты және Бұлдырты ауылдарына, Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылындағы құрылыс жұмысымен танысты.

Сырым ауданында барлығы – 114, Жымпитыда – 48, Бұлдыртыда – 25 тұрғын үй құрылысы «Қазақстан халқына» қоры, «СК Алаш» ЖШС және «Профлайн Констракшн» ЖШС демеушілік қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр.  Аудандағы құрылыс жұмыстарына 316 адам мен 30 техника жұмылдырылды.

Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылында «ҚазАзот» компаниясы мен «Ақжайық» қорының демеушілік қаражатына 90 тұрғын үй салынып жатыр. Жұмыстарды «Батыс құрылыс қызмет» ЖШС, «АИАС строй Сервис» ЖШС, «Kazakhstan Giga Trade» ЖШС, «Тәуекел» ЖШС, «Жайыққұрылысфакт» ЖШС және «ОралСпецСтрой» ЖШС мердігерлері жүргізуде. Оған 264 жұмысшы мен 21 техника жұмылдырылған.

Ақтөбе облысындағы ахуал

Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан 4 087 тұрғын үй мен саяжай зиян шекті. Соның 3 067-і 3 техникалық байқау қорытындысы бойынша жарамды деп танылған. Комиссия шешімімен 3 005 үйдің иесіне баспанасын жөңдеу үшін 9 млрд теңгеге жуық қаржы аударылды. Қалған  1020 үй апатты деп танылды.

Бүгінгі таңда 505 отбасы үшін жаңадан баспана салынып жатыр, 515-і бойынша тұрғын үй сатып алу жоспарланған. 446 отбасы жаңа баспанасында қоныстойын тойлады.

Су басқан аймақтарда құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Темір ауданы (Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі)

Су тасқыны ең алдымен Темір ауданына әсер етті. 98 тұрғын үй зардап шекті, оның 57-сі – жарамсыз күйде қалды. Баспанасыз қалған отбасыларға үй салу немесе дайын үй сатып алу таңдау ұсынылды. Мемлекет қолдауының арқасында 36 отбасыға екінші нарықтан үй сатып алынды. 21 отбасы Құмсай ауылында салынып жатқан үйлерін күтіп отыр. Жем өзенінің бойында тұратын халық үшін су тасқыны нағыз күйзеліс болды. Табиғат апатынан Мұғалжар ауданында 76 тұрғын үй, 3 сауда нысаны, 8 шаруа қожалығы зардап шекті. Көктемгі тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында 9, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Ауданда 7 үй жөнделіп, екінші нарықтан 55 отбасыға баспана сатып алынды, - деп көрсетілген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми сайтында.

Су басқан аймақтарда құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Мұғалжар ауданы (Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі)

Сонымен қатар Қобда ауданында 147 үй салынып жатыр. Аудан орталығында 130 үй, Жарық ауылында 17 үй тұрғызылып жатыр. Бұл ауданда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан алғашқы 10 үй дайын болды. Өңірде жүздеген техника мен жұмысшылар еңбек етіп жатыр. Жоспар бойынша тұрғындар жаңа баспана кілтін тамыз айының соңына дейін алуы тиіс.

Су басқан аймақтарда құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Қобда ауданы (Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі)

Облыста ең көп үй – Ойыл ауданында, оның ішінде Қаратал ауылында салынып жатыр. Аудан бойынша 177 үй бой көтеруде, 130 дайын үй сатып алынған. Қаратал наурыз айының соңында су тасқынына ұшырап, 210 үйді су басып қалды.

Су басқан аймақтарда құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Ойыл ауданы (Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі)

Жарамсыз күйге түскен 131 баспананың орнына жаңасы салынып жатыр. Шатырлары жабылып, терезесі мен есігі салынып, үйлердің ішін әрлеу, сылау жұмыстары жүріп жатыр. Ал 61 отбасы дайын үйге көшкен. 18 отбасының баспанасы жөндеуге жатқандықтан, өтемақы төленгенін айта кеткен жөн.

Су тасқыны кезінде тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік нысандар, бөгеттерге де зақым келген болатын. Облыс аумағында орналасқан 206 гидротехникалық құрылымның 15-і қираған. Қазіргі уақытта қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында қауіптің алдын алу шаралары қолға алынған.

Одан бөлек, өңірде 58 көлік инфрақұрылымының нысанын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұзылған жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін ҚР Үкіметінің резервінен 10,2 млрд теңге, облыстық резервтен 6,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта сараптама нәтижелері күтілуде. 100 су өткізгіш құбырды, 23 көпірді, 47,2 км жолды салу және жөндеу жоспарланған, - деп мәлімдеді министрлік.

Ақмола облысындағы ахуал

Күні кеше өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Ақмола облысы, Бұланды ауданына құрылыс жұмыстарының барысын тексеру мақсатында барып-қайтты. Жұмыс сапары аясында ол Вознесенка ауылы, Иванковка, Капитоновка және Журавлевка ауылдарында салынып жатқан үйлерді аралады. Нысандарды аралау барысында Қуандық Қажкенов құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз етуді және құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Су басқан аймақтарда құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Құрылыс жұмыстары «Kazakh kazyna» ЖШС, «МарКан», «МарСам», «Medina Building» серіктестіктерімен жүргізіліп жатыр. Құрылыстың барысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тұрақты бақылауында. Қазіргі мәліметтер бойынша жұмыс 45 пайызға орындалған. Құрылыс жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау тапсырылған.  Бүгінгі таңда баспанасыз қалған облыс тұрғындары үшін облыстың төрт ауданында 331 тұрғын үй салынып жатыр.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға