Жаңалықтар

Су айдындары, жолдар, алаңдар: Астана ТЖД балаларға арналған қауіпсіздік ережелері туралы еске салды

Су айдындары, жолдар, алаңдар: Астана ТЖД балаларға арналған қауіпсіздік ережелері туралы еске салды
11.06.2023 02:11 1621

Жазғы демалыстың басталуымен балалардың бос уақыты көбірек болады, тиісінше жолдарда, су қоймаларында, ойын алаңдарында жазатайым оқиғалардың қаупі артады. Астана ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Азамат Жұмекешов жаз мезгілінде балаларға арналған қауіпсіздік ережелері туралы онлайн-брифинг барысында айтты. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Жазда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-аналардың басты міндеті. Әр балаға шомылу орындарында, жолдарда негізгі ережелерді еске салуы керек, деп атап өтті құтқарушылар.

Су қоймаларында қауіпсіздіктің басты шарты – ересектердің назарында шомылу. Ылғи да арнайы белгіленген орындарда, жабдықталған және қауіпсіз жағажайларда суға түсіңіз. Бейтаныс орындарда сүңгуге қатаң тыйым салынады.

Гипотермиядан сақ болу керек, ол үшін суда жүзу уақытын біртіндеп көбейту керек. Ең кішкентай балалардың суда жүзу уақыты 15 минуттан аспауы қажет, ал жасөспірімдердікі жарты сағаттан аспағаны жөн, – деп атап өтті Азамат Жұмекешов.

Балаларға суда ойнау қауіпті екенін, бір-бірін аяғы мен қолынан ұстамау керектігін білу маңызды. Жүзе алмайтындар қауіпсіздік құралдарын қолдануы қажет: үрлемелі киімдер немесе т.б.

Ал өзенде жүзуге арналған үрлемелі матрацқа тыйым салынады. Ата-аналар баласына суда жүзуді және қауіпсіздік ережелерін үйретуі керек әрі балаларды бір минутқа да қараусыз қалдырмауы керек.

Жаз мезгілінде терезеден құлайтын балалар артып барады, олардың басым бөлігінің жасы үш жастан бес жасқа дейін. Ашық терезелер мен балкондар ерекше қауіп төндіреді. Балалар терезесі ашық, балконы бар бөлмеде жалғыз қалмауы керек, балконға ересек адамсыз шығып, ойнап, секірмеуі керек, – деп ескертті спикер.

Ең маңызды қауіпсіздік ережелері:

- москит торларына сенбеңіз;
- егер таңдау мүмкіндігі болса, көлбеу күйде ашылатын терезе орнатыңыз;
- ашық терезенің жанына орындықтар қоюға болмайды, олардан бала терезеге шығып кете алады.

Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін үйрету маңызды.

Өрттің алдын алу үшін:
- сіріңкемен ойнатпау;
- құрғақ шөпті, терек мамығын жақпау;
- бөтелкелер мен банкаларды отқа лақтырмау, олар жарылуы мүмкін;
- ересектерсіз электр құрылғыларын (теледидар, үтік, жылытқыш) қосуға болмайды.

Құрметті ата-аналар! Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті балалардың қаза болуы мен жарақаттану фактілерінің алдын алу және болдырмау мақсатында балалардың тұрмыста, су объектілерінде, қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттілігі туралы әңгіме жүргізетінін еске салады, – деп қорытындылады ТЖД өкілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға