Студенттер оқып жүріп қалай көп ақша таба алады?
Студенттік шақта тек білім алып қана қоймай, табыс табуға да мүмкіндік көп. Қазіргі жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, әртүрлі салада тәжірибе жинап жүр. Осы ретте El.kz интернет порталы білім алушыларға арналған ең тиімді табыс көздерінің тізімін жасады.
SMM маманы
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер компаниялар үшін негізгі жарнама алаңына айналған. Осыған байланысты парақша жүргізіп, контент жасау ісі сұранысқа ие мамандықтардың бірі болып отыр. Егер студент шығармашылық қабілетімен ерекшеленсе, сторис түсіріп, посттар дайындап, парақша аналитикасымен айналысып немесе жарнама науқандарын ұйымдастыра алады. Мұндай қызмет үшін көптеген кәсіпкерлер тұрақты көмекші іздейді. Бұл салада табыс көлемі де аз емес, әр парақша үшін ай сайын 100 000 – 300 000 теңге аралығында ақша табуға болады. Сонымен қатар бұл бағыт тек қосымша кіріс әкеліп қана қоймай, маркетинг саласында тәжірибе жинап, кәсіби деңгейде дамуға мүмкіндік береді.
Фриланс
Фриланс – еркін жұмыс істеуді қалайтын студенттер үшін таптырмас мүмкіндік. Әсіресе графикалық дизайн, мәтін жазу, бағдарламалау, фото немесе видео монтаж сияқты қызметтерге сұраныс жоғары. Мұндай жұмыста уақытыңызды өзіңіз реттей аласыз әрі оқу мен жұмысты қатар алып жүруге болады. Кез келген әлеуметтік желі немесе арнайы платформалар арқылы өз қызметіңізді ұсынып, нақты тапсырыстарды орындауға мүмкіндік бар. Мысалы, эссе жазу, студенттік жұмыстарға көмек беру, логотип немесе баннер жасау, веб-сайт әзірлеу сынды жұмыстарға тапсырыс қабылдауға болады. Әр жобаның құны әртүрлі, бір тапсырыстан 10 000 теңгеден бастап 100 000 теңгеге дейін төленуі мүмкін.
Қолөнермен айналысу
Шығармашылыққа бейім студенттерге қолөнер арқылы табыс табуға болады. Қолдан жасалған әшекейлер, сәнді бұйымдар, табиғи косметика, сабын немесе түрлі дизайндағы шамдар әрқашан өз тұтынушысын табады. Мұндай өнімдерді сату үшін базарға барудың қажеті жоқ, әлеуметтік желілер мен интернет-дүкендердің өзі жеткілікті. Қазіргі таңда тұтынушылар қолөнермен жасалған заттарды жоғары бағалайды, сондықтан мұндай жұмыс студентке тұрақты табыс көзіне айнала алады.
Жеткізу қызметі
Курьерлік қызмет студенттер арасында кең таралған табыс көзі. «Glovo», «Wolt», «Яндекс Еда» секілді платформаларда жұмыс істеу үшін тек телефон мен бос уақыт жеткілікті, ал көлігі бар студенттер үшін табыс көлемі тіпті артады. Бұл жұмыс арнайы тәжірибені қажет етпейді, алайда уақытты тиімді пайдалануға үйретеді. Күн сайын 5 000 – 20 000 теңге аралығында табыс табуға болады. Әсіресе үлкен қалаларда мұндай қызметтің сұранысы жоғары, сондықтан студенттер үшін бұл – уақытша да, тұрақты да жұмыс.
Онлайн сауда
Онлайн сауда – қазіргі заманның ең танымал табыс көздерінің бірі. Студенттер интернет арқылы киім-кешек, электроника, аксессуарлар сияқты түрлі тауарларды сатып, қымбат бағада қайта сату арқылы пайда таба алады. «Kaspi», «OLX», «Wildberries», «Amazon» секілді платформалар мұндай саудаға таптырмас мүмкіндік береді, айына 50 000 теңгеден 500 000 теңгеге дейін табыс табуға болады. Сонымен қатар бұл сала сауданы басқару, маркетинг және логистика негіздерін үйренуге көмектеседі.
Репетитор болу
Студенттердің көпшілігі өз білімін өзгелермен бөлісіп, табыс табуды жөн көреді. Әсіресе мектеп оқушыларына математика, ағылшын тілі сынды пәндерден сабақ беру әрдайым сұраныста. Мұндай қызметті онлайн немесе оффлайн форматта жүргізуге болады. Бір сағаттық сабақтың бағасы 3 000 – 10 000 теңге аралығында болса, аптасына бірнеше оқушыдан тұрақты табыс түседі. Бұл жұмыс студентке қосымша қаржы әкеліп қана қоймай, өз білімін бекітіп, педагогикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Фото және видео түсіру
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде сапалы контентке сұраныс өте жоғары. Фотографиямен немесе бейнемонтажбен айналысатын студенттер туған күн, мерекелік шаралар, жарнамалық роликтер түсіру арқылы жақсы табыс таба алады. Тіпті кәсіби камера болмаса да, сапалы смартфон жеткілікті. Бір түсірілімнің бағасы 20 000 – 100 000 теңге аралығында болуы мүмкін. Студенттер креативті ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, медиа саласында тәжірибе жинайды.
IT саласындағы жобалар жасау
Бағдарламалау, веб-дизайн немесе киберқауіпсіздікке қызығатын студенттер үшін IT жобаларға қатысу – үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда «Upwork», «Freelancer» секілді халықаралық платформалар арқылы әлемнің кез келген елінен тапсырыс қабылдауға болады. Мұндай жобалардан табыс көлемі де қомақты, қарапайым тапсырмадан бастап күрделі жүйелерге дейін 50 доллардан 500 долларға дейін табуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар бұл бағыт студенттің тәжірибесін байытып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына көмектеседі.
Блог жүргізу және контент жасау
«YouTube», «TikTok», «Instagram» секілді платформаларда жеке блог жүргізу – қазіргі жастардың басты тренді. Әуелде бұл хобби ретінде басталуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе аудитория жиналып, табыс көзіне айналады. Жарнамадан, демеушілік келісімдерден және серіктестік бағдарламалардан түсетін кіріс студенттің тұрақты табысына айнала алады. Бастапқыда 20 000-50 000 теңге шамасында болса, аудитория өскен сайын табыс көлемі бірнеше есе артуы ықтимал. Бұл бағыт шығармашылықпен айналысып, өзін көпшілікке танытуға мүмкіндік береді.
Аударма және тілдік қызметтер
Шет тілдерін меңгерген студенттер үшін аударма жасау – тұрақты әрі тиімді табыс көзі. Кітап, мақала, ресми құжат немесе бейнематериалдарды аудару арқылы қаржылай тәуелсіз болуға болады. Бұл жұмыс қашықтан орындалады әрі уақыт жағынан икемді. Бір бет аудармаға орта есеппен 1 500-5 000 теңге аралығында ақы төленеді.
Айта кетейік, бұған дейін «Болашақпен» білім алған танымал қазақстандықтар жайлы жазған едік.

